Антына адал Әлихан

1994 жыл, 4 ақпан, түнгі сағат 23.00. Тура осы уақытта сол кездегі Ақмола қаласы Шығыс ІІБ-не белгісіз бұзақылардың қала тұрғынына қарсы қару қолданып, өміріне қауіп төндіргені жөнінде хабар келіп түскен еді. Кезекшілікте жүрген лейтенант Жанайдар Жирентаев, кезекшінің көмекшісі, старшина Әлихан Сүлейменов бастаған топ шақырту бойынша жедел атқа қонды.
Оқиға орнына тез жеткен жедел топты бұзақылар қарудан оқ жаудырып қарсы алды. Бұзақылардың бұл әрекетінен тек тәртіп сақшыларына ғана емес, айналада жүрген бейбіт тұрғындарға да қауіп төне бастады. Сондықтан қалай болғанда да бұзақылардың бүлігіне жедел тосқауыл қою қажет болды. Лейтенант Жанайдар Жирентаев пен оның қасындағы кіші сержант Гончарук қылмыскерлер бекінген үйдің қақпасына жақын келіп, оның назарын өздеріне аударуға тырысты. Алайда, әрбір қимылды бағып жатқан бұзақылар жақындап қалған тәртіп сақшыларына, келесі позицияда қалған Әлихан Сүлейменовке қарата бірнеше рет оқ атты. Өкінішке қарай, ажал оғы адаспады. Тура басына тиген оқтан оқиға орнында лейтенант Жанайдар Жирентаев қаза тапты.
Қылмыскерлердің оңайлықпен берілмейтінін жедел саралаған старшина Әлихан Сүлейменов тез қару қолдану жөнінде шешім қабылдады. Алдымен табельдік пистолетімен аспанға ескерту ретінде оқ атты да, содан соң қылмыскерлерге бағыттап, тағы бірнеше оқтың тізгінін босатты. Старшина Әлихан Сүлейменовтің бұл батыл әрекеті үш қылмыскерді әбден састырды. Оның көздеп атқан оқтары нысанадан мүлт кетпейтінін бірден сезсе керек, енді ешқайда қашып құтыла алмайтындарын да шамалаған болар, олар сол бойда қаруларын тастап, өз еріктерімен берілді. Осылайша, қосымша көмек келгенше Әлихан Сүлейменов қылмыскерлердің қолына кісен салып үлгерген еді.
Аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау кезінде қаза тапқан лейтенант Жанайдар Жирентаев сол жылдың 2 сәуірінде мемлекеттік марапат – «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Бүгінде елордадағы көшелердің бірі Жанайдар Жирентаевтың есімімен аталады.
Бұған қоса, Ақмола қалалық Ішкі істер басқармасының басшылығы Әлихан Сүлейменовті де мемлекеттік марапатқа ұсынған болатын. Алайда, марапаттау белгісіз себептермен жүзеге аспай қалды. Бүгінде ІІМ-нің Кадр жұмысы департаменті өз кезегінде ҚР ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымымен бірлесіп, Әлихан Сүлейменовті марапаттау мәселесін қайта көтерді. Бұл бастама Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың тарапынан да қолдау тауып, Президенті Әкімшілігіне ұсынылған болатын. Оң шешімін табады деген үміттеміз.
Қазіргі уақытта Әлихан Қазкенұлы Сүлейменов ІІМ-нің зейнеткері. Отбасындағы үш перзентінің үлкені үйленіп, өз алдына отау құрса, ортаншысы жоғары оқу орнының студенті. Қолдарындағы кенжесіне сегіз ай ғана толған. Ағамыз ішкі істер саласындағы қызметін полиция майоры шенінде аяқтады. Қызметке адалдықты бәрінен жоғары қойған ол отыз жылға жуық өзіне артылған міндеттерді табандылықпен орындады. Оның қиын сәттерде батыл да, жедел қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде талай басбұзар бұзақы құрықталды, қоғамның тыныштығы бұзылуына жол берілмеді.
Әлихан Сүлейменовтің ары мен антының алдындағы адалдығы, қызметке жан-тәнімен берілгендігі, жоғары кәсіби біліктілігі ескерусіз қалған жоқ. Ол І және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «ҚР ІІМ-нің үздігі», «Милиция үздігі» төсбелгілерімен марапатталды, «Шебер тәлімгер» деген атағы және бар.
Жалпы, адамды ерлікке бейімдейтін, қиындыққа шыңдайтын, жедел әрекетке жетелейтін өзінің өмір өткелдері болса керек. Әлихан Қазкенұлы жалындап өсіп келе жатқан жігіт шағында-ақ, алып Тынық мұхитының астын тінтіп шыққан еді. Сонау 1982 жылы КСРО Әскери теңіз флотының қатарына қабылданғанда, қауіптілігі жоғары су асты флотында үш жыл қызмет атқарамын деп өзі де ойламаған болар. Алып сүңгуір кеменің І дәрежелі старшинасы, аға радиомеханик маман ретінде талай қиын тапсырмаларды орындаған еді. Ол басқа көпшілік жұртқа беймәлім алып мұхиттың су асты тіршілігімен ерте танысты, көптеген тосын жайды басынан өткерді. Сөйтіп, жасынан-ақ небір қиындықтарды басынан кешіп, ер-азамат ретінде шыңдалған ол өзінің бейбіт өмірдегі болашақ қызметін ішкі істер саласымен байланыструды жөн деп шешті. Әскер қатарынан 1985 жылы мамыр айында босап келген Әлихан бірер ай өтпестен бұрынғы Целиноград облыстық атқару комитетінің милиционері болып жұмысқа кірісті. Ішкі істер саласының қатардағы қызметкері кейін кезекшінің көмекшісі, қабылдап-тарату орнының милиционері, кезекші бөлімнің инспекторы, жедел кезекші сияқты күрделі де қиын қызметтерді абыроймен атқарды.
Намыс пен жігерді жанып, ар мен абыройды басшылыққа алып, ішкі істер саласының ыстығы мен суығын көрген ол өмірде қарапайым болмысын сақтап қалған жан. «Мен өз міндеттерімді ғана орындадым. Менің орнымда басқа тәртіп сақшысы болса, ол да солай әрекет жасар еді», – дейді Әлихан Сүлейменов. Қарапайымдылықты өмірдегі басты қағидасы етіп алған жандар ғана осылай десе керек-ті.
Биыл – Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толады. Айтулы мерейтой қарсаңында өзінің ғана емес, саланың абыройын көтеру үшін аянбай еңбек еткен жандар ескерусіз қалмаса екен.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*