Абырой асқарындағы ардагер

«Қариялар азайып бара жатыр» демекші, арамыздағы Жеңіс қуанышын жақындатқан ардагер аталарымыздың қатары да күннен-күнге сиреп бара жатыр. Солардың бірі – соғыс ардагері Сүйеу Ығылманов.
Ол 1924 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Орал педагогикалық училищесін бітірген тұста майданға шақыртылады. 1942 жылы Ленинград қаласындағы әскери байланыс училищесінде 6 ай оқып, кейіннен 2-ші танк армиясының мотоатқыштар батальонының құрамында Украина майданына жіберіледі.
«Ұрыс даласында, қым-қуыт соғыс ортасында жүріп, төгілген қан мен жаралы жауынгерлерді көресің. Қазір қасыңда бар жолдасыңнан қас-қағымда айырыласың. Атойлап алға аттанған біздің әскерге қарсы атылып, ысқырынған оқ пен аспаннан гүрсілдеп түскен бомбалар, жарылған снаряд оқтары. Мұз құрсанып, окопта жатып, жаумен бетпе-бет келгенде ойыңда алдымен елің-жерің, отбасың тұрады екен. Сұм соғыс өртінің сөнгеніне 72 жыл өтсе де, бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Жадымда мәңгілікке жатталып қалды», – дейді қарт майдангер.
Естеліктерімен бөліскен Сүйеу ақсақал ең алғаш рет соғысқа кіргендегі жай-күйі туралы әңгімеледі. От пен оқты алғаш көрген өрімдей жас жігіттер алғашында бейне бір әскери жаттығуға келгендей сезімде болыпты. Әбден әскери қимыл басталып, өздеріне қарсы фашистер мен темір танкілер оқ жаудырғанда ғана өмір мен өлімнің айқасы басталғандығын шын түсініпті.
Жауды өз жерімізден тықсыра қуып шығып қана қоймай, оны өз ұясында талқандаған әскерлердің ерлігі мың кітапқа арқау болары анық. Солардың қатарында болған Сүйеу Ығылманұлы Румыния, Польша, одан әрі Германияны фашизмнің езгісінен азат етуге атсалысты. Қазақ жауынгері үшін соғыс 1945 жылы Рейхстаг қабырғасында аяқталады. Бүгінде ардагердің кеудесіндегі орден-медальдардың арасындағы «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» атты наградалар сол отты жалдардың естелігі.
Жеңісті жақындатқан жауынгер елге оралғаннан соң, бейбіт өмірге атсалысты. Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында полиция бөлімдеріне басшылық етті. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығы үшін ұзақ жылдар еңбегін сіңірді. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қайта көтеріп қана қоймай, талай қылмыстардың жолын кесті.
Зейнет жасына жетіп, демалысқа шыққан Сүйеу ақсақал жастарға тәлім-тәрбие беріп, оларды Отанды сүюге, туған елге қызмет етуге, адамгершілік пен еңбекқорлыққа баулуда өз үлесін қосып жүр. 93 жастан асқан соғыс және еңбек ардагері өзі тұрып жатырған Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы. Облыс, аудан көлеміндегі жиындарда ардагер-майдангер ретінде өзінің пікірлерін, ойларын айтып, еліміздің дамуы үшін өмірлік тәжірибелерімен де бөлісіп келеді. Жан серігі Қырмызы екеуі 71 жыл тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыз өсірді, олардан немере-жиен көрді. Адам ұрпағымен бақытты. Бүгінде қос қария солардың ортасында бақытты өмір кешуде.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*