Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Айбынды атты патруль

Айбынды атты патруль

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезінде елорда көшелерінен тыс, қалаға кіретін қақпалар да қадағалауға алынады. Астанаға алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтардың қауіпсіздігі мен қала тәртібіне күш құрылымдары жұмылдырылатын болса, қала сырты аймағын атты полицейлер торуылдайды. «Тәртіп табалдырықтан басталады» деген, Астана қалалық ІІД Жол-патрульдік полициясы полкінің кавалериялық взводы қалаға кіреберіс тасжолдарға бекітіледі. Атты полицияның ауқымды көрмеге дайындықтарын көзбен көріп, қызметтің қыр-сырына қанық болу үшін ЖПП кавалериялық взводына арнайы ат басын бұрдық.
Ат үстінде қоғам тыныштығын сақтауға атсалысып жүрген тәртіп сақшылары тұлпарларын тақымдап таңмен таласып тыныштық күзетіне шығады. Сәйгүліктерін сайлап мінген сақшылар таңнан басталатын тынымсыз тіршіліктің қайнауына араласып, кеш қарайғанша аттан түспейді. Қыс мезгілінде қорада тұратын жылқылар көктем шыққанда жайылымға шығарылады. Жүндері түлеп, көктеммен бірге жаңғыратын жылқыларға бұл кезде ерекше күтім керек екені айтпаса да түсінікті. Ал былайғы өмірде жиі еститін «Жылқы мінезді қазақ» деген тіркес кавалериялық взводтың жігіттеріне қаратып айтылғандай. «Себебі, бұл жерде атқа икемі бар, жылқы малын жанындай жақсы көретін, оның құлағында ойнайтын жігіттер жұмыс істейді. Көбіне «асфальтта» өскен балалардың емес, ауылда құмда ойнап өскен, аттың үстінде ойқастап шабатын жігіттердің қызметке қызығушылығы басым болады. Десе де, аттан хабары шамалы, бірақ үйренемін дейтін жігіттерді де жатырқамаймыз. Қатарымызға қабылданған азаматтарға білгенімізді үйретеміз», – дейді кавалериялық взвод командирі, полиция капитаны Ерғали Қайыржанов.
Елімізде атты патруль тарихы әріден бастау алады. Тәуелсіздігімізді алып еңсемізді тіктей бастаған жылдары құрылған бұл қызмет осы жылдар ішінде заманға қарай түрленді. Әуелде атты полиция ротасы болып құрылған болса, бертін келе ол кавалериялық взводқа айналды. «Өзім осы салада 1994 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл уақыт – қызметтің жаңа құрылған кезеңі. Ол кезде қолданыста 8 бас қана жылқы болатын. Бүгін, міне, сол 8 бас жылқыдан 80-ге жетті. Тіпті, 2009-2011 жылдары атты патрульде 160 жылқы болған. Сәйкесінше, сол кездері атты патруль қызметкерлері де 100-ге жеткен еді», – деді өз сөзінде взвод командирі. Қазіргі күні кавалериялық взвод штаты 50 қызметкерден тұрады. Күніне орташа есеппен 20 салт атты қызметке шығады. Кавалериялық взвод сақшылары сағат таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін саяжай аумақтары, орман-талдар арасы, қаланың сыртқы бөлігі сияқты көлік өте алмайтын жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылады.
Бір ерекше атап өтетіні, атты полиция взводында бірыңғай асыл тұқымды жылқылар. Осыдан 25 жыл бұрын атты полиция ротасы құрылған кезде аймақтардан асыл тұқымды жануарлар алдырылған. Одан кейін де, атты полиция взводының қатары 2005 жылы Қостанай, Жамбыл облыстарынан келген асыл тұқымды жылқылармен толыққан.
Бүгінде кавалериялық взвод құрамында ақалтекеден бас¬тап буденный, ағылшын, орлов жорғасы, қазақтың жабы тұқымдас жылқылары, қазақ пен ағылшын тұқымынан будандастырылған жыл¬қылардың түр-түрі бар. Ат қорада жем-шөп жеп тұрған аттарды көрсеткен взвод командирі оларға сипаттама беріп өтті. Оның айтуына қарағанда, ағылшын тұқымды аттар бәйге, көкпар, ат жарысқа қосқанға күшті. Ал ресейлік буденный тұқымды жылқылар біздің аттарға қарағанда нәзіктеу келеді екен. Мықтылығы жағынан қазақтың жылқыларына жете алмайды деседі. Терілері де тым жұқалтаң. Біздің суыққа да шыдай бермейді екен. Бұл аттардың барлығы да қызметке бейімделген. Аттарды әкелгенде тәртіп сақшылары оларды үйретіп, қызметке дайындайды. Мәселен, бүгінде возводта жалпы 80 жылқы болса, оның 40-50 басы үйретілген, қалғандары үйретілу үстінде екен. Взвод командирінен «Бір жылқы кем дегенде қанша жыл қызмет көрсетеді?» деп сұрағанымызда ол: «Әр жылқыны 15-20 жыл көлемінде ұстаймыз. Одан кейін «зейнетке» жібереміз. Негізі, қазақша жорамалар бойынша жылқы малының жасы – 25, бірақ 15 жастан кейін кейбірі әлін жоғалта бастайды. 15 жастағы жылқы адам жасымен алғанда 60-тағыдай болады»,– деп түсіндірді бізге. Айтуынша, бұл жерге жылқылар 3-4 жас, яғни құнан, дөнен кезінен әкелінеді.
Атпен күнделікті «жорыққа» шығып жүрген Бағдат Бектұрғановтың осы салада жүргеніне 8 жылдың жүзі болыпты. Өзінің қызметтік тұлпарының лақап аты – Памир. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, ол бізге сәйгүлігінің ерекше қасиеттерін айтып берді. «Ол қазір 5 жаста, дөнен. Асыл тұқымды ат. Жылқы малы киелі жануар ғой. Тазалықты жақсы көреді. Күнделікті қызметке шығарда үсті-басын тазалап, жем-шөбін береміз. Күнделікті бір адам мінгесін, олар да иесіне үйрене бастайды. Адамның ықыласын сезеді. Асау деген аттардың өзін де үйретіп жүрміз. Атты үйрететін кезде үстіне мініп алып шаба бермейсің, ебін тауып, оның мінезін бағамдап, біртіндеп үйірсектей бастайсың», – дей келе ол атты патрульде жұмыс істейтін адамның бойында төзімділік, табандылық, ептілік, шапшаңдық, ширақтылық қасиеттері болу керектігін айтты. Көбіне саяжай телімдерін патрульдеу кезінде қолды болған көліктер, үй-күйсіз жүрген қаңғыбастар және бой тасалап жүрген қылмыскерлер анықталып жатады екен.
Тәртіп сақшылары жылқымен патрульдеу кезінде түрлі жағдайларға тап болып жатады. Астана қалалық ІІД ЖПҚ ЖПП полкінің кавалериялық взводы бастығының орынбасары, лейтенант Уәлихан Есметов басынан өткен осындай бір қызықты жайтты баяндады. «Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2007 жылы мемлекеттік маңызы бар нысан салынып жатқан кезде серігім екеуіміз сол маңды торуылдап жүргенбіз. Серігіммен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, көші-қон бойынша да елімізде заңсыз жүргендерді анықтау жұмыстарын жүргіздік. Неге десеңіздер, ол кезде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан заңсыз келген келімсектер көп болды. Сол аймақты патрульдеу кезінде алдымыздан күдік тудырған 4 жігіт шыға келді. Түр-әлпеттері әзербайжан ұлтына келеді. Төрт жігітті тоқтаттық, аттан түсіп жөн сұрап жатсақ, олар бізден: «Сіздер кімсіздер?», – деп сұрайды. Біздің басымызда каска, қолымызда рация, қару асынғанбыз. Содан оларға атты патруль қызметкерлері екенімізді айтып, растайтын құжаттарымызды көрсеттік. Олар «атты полиция» дегенді бірінші рет көріп тұрса керек, мұндай қызметтің барына сенбестік танытты. Содан оларды полиция бөлімшесіне апарып көздерін жеткіздік. Осындай бір қызыққа тап болғанбыз», – дейді ол.
Бір қарағанда, атпен патрульдеу оңай жұмыс көрінгенімен, мұның да өзіндік қым-қуыты көп. Айталық, атпен орман-талдар арасын патрульдеу кезінде ағаштар арасында біреу-міреу жатқан жағдайда жылқылар үркіп қашып, бір жерлерін жырып алуы мүмкін. Орман-талды саяжай тілемдері аумағынан қылмыскерді атпен қуған кезде шалынып құлап, қол-аяғын сындырып алатын кездері де болады. Кавалериялық взвод сақшыларының айтуынша, халықаралық іздеуде жүрген адамдарды, қауіпті қылмыскерлерді ұстаған кездері көп. Іздеуде жүрген адамдар, қылмыскерлер көбіне саяжай аймақтарында бой тасалайтын көрінеді. Себебі, бұл жерлерге полиция қызметкерлері келе қоймайды деп ойласа керек. Бұдан бөлек, атты полиция саяжайлар маңындағы ұрлық, әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін ашады. Солардың ішінде рұқсат етіл¬меген жерлерде ішімдік ішу мен қоқыс тастау сияқты ұсақ қылмыстар көп кездеседі екен.
Жалпы, жыл басынан бері де кавалерия взводы 700-ден астам құқық бұзушылықты әшкерелеген.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жұмыс тиімділігі жақсарып келеді

13 қазанда Шымкент қаласында ІІМ Көліктегі ІІД-нің кеңейтілген көшпелі кеңесі өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған