Алдын алған ұтылмайды

БекжановБүгінгі таңда көлік полициясы күрделі кезеңдерді бастан кешіруде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, темір жол және әуе көлігі нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын-алу, орын алған қылмыстық фактілерді дер кезінде анықтау күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Қандыағаш стансасындағы желілік полиция бөлімі басшысының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция капитаны Айбек Адайханұлы Бекжановпен атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелесуді жөн көрдік.
–Сіздердің тарапыңыздан қылмыспен күресуде қандай алдын-алу шаралары жүргізілуде?
–Қандыағаш стансындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің нұсқаулырымен бұйрықтарын негізге ала отырып бірқатар профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. «Жасөспірім», «Сенім купесі» т.б. профилактикалық акциялар өз деңгейінде жүргізіліп тұрады. Қандыағаш стансасы арқылы өтетін бірқатар жолаушылар пойыздарында жолаушылармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, мұның барлығы профилактикалық, яғни алдын-алу шаралары.
–Жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмыс қорытындысы туралы не айтасыз?
–Жыл басынан Қандыағаш стансасындағы желілік полиция бөлімі жедел қызметті ұйымдастыру және жоспарлау бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырды. Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде қызмет көрсету учаскесінде қасақана адам өлтіру, қыз зорлау, қарақшылық, жылжымалы құрамнан жүктерді ұрлау, сонымен қатар, денсаулыққа қасақана зақым келтіру сияқты ауыр санаттағы қылмыстар орын алған жоқ. Меніңше бұл да бір жетістік. Жалпы алғанда бөлім бойынша былтыр 382 қылмыстық дерек тіркелген болса, биыл оған қарсы 504 дерек тіркелді. Өткен жылы тергеу анықтау топтарымен 79 қылмыстық іс қаралса, биыл 92 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 25 дерек ұялы телефон ұрлығына қатысты. Ұялы телефон ұрлығы өршіп бой алдырмай тұрған қылмыстардың түрі. Алайда, жедел әрекет жасап, алдын-алу шараларын жүргізіп отырмыз. Былтырғы жылы 2254 құқық бұзушылық орын алса, биыл 1857 құқық бұзушылық тіркелген. Яғни, былтырғы жылға қарағанда биыл анағұрлым құқық бұзушылық деректері азайған. Бұл көлік сақшыларының тынымсыз еңбектерінің нәтижесі деп ойлаймын.
–Халықпен жұмыс қандай жолға қойылған?
–Халықпен қарым-қатынас жасау әртүрлі жолмен жүзеге асады. Мәселен, мұндай қарым-қатынасты жақсарту үшін ішкі істер органдарындағы кезекші бөлімінде «Сенім телефоны» құрылған. Азаматтардың тәулік бойы еркін хабарласуларына барлық жағдай жасалған. Бекітілген кестеге сәйкес, кез келген сұрақ бойынша азаматтарды қабылдап отырамыз. Біздің басты міндетіміз азаматтардың құқықтары мен қызығушылықтарын қылмыстық қастандықтан қорғау. Сондықтан ІІМ бөліністер жүйесі үнемі жауынгерлік әзірлікте. Біз азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қастандықтан қорғау бойынша күнделікті іске тұрақты негізде жаңа әдіс-тәсілдер қолданамыз. Құқық бұзушылықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамды мемлекеттік органдардың оңтайлы дәрежесін көтеруге бағытталған іс-шараларды жиі өткіземіз. Оған көлік прокуратурасы, аудандық «Нұр Отан» ХДП-ның филиалының өкілдері ұдайы қатысады. Күнделікті тәжірибеге қызмет көрсету аумағында «Көліктегі қабылдау» шаралары енгізілді. Жергілікті билік органдарының және құқық қорғаушылық емес ұйымдардың өкілдері белсенді түрде қатысады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қызмет көрсету аймағында шұғыл жағдайлар бойынша мәселелерді зерттеу, сонымен бірге, азаматтық заңға байланысты және іс-шараға қатысушылардың қызмет бабына жататын сұрақтар бойынша, өзге де мәселелерге байланысты көмек көрсету. Қазақстан Республикасының аймағы бойынша транзитпен жүрген шетелдік азаматтардың конститутциялық құқықтары мен азаттықтарын сақтау бойынша, түрлі құқықтық мәселе бойынша кеңес беру көмегін көрсету мақсатында «Сенім купесі» атты алдын алу іс-шарасы жасалды. Іс-шараны өткізу кезінде қатысушылар Қазақстан Республикасының мемелекеттік шекарасында рұқсат қағаз пунктінде тіркеу, көші-қон заңдылықтарына байланысты түсінік беруге үлкен көңіл бөлініп отыр.
–ҚР Конституциясы күніне қарсы әріптестеріңізге не тілер едіңіз?
–Тәуелсіз еліміздің барша халқын Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Демократиялық, зайырлы Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі және олардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Конституциямыздың қабылданған күні, бұл біз үшін ең маңызды мереке. Барлықтарыңыздың отбасларыңызға бақыт, береке, табыстар тілеймін. Қазақ елі қарыштап, дами берсін. Мәдениетіміз арта берсін!

Жандос АЙТЖАН,
Ақтөбе ст. ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*