Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Ақпаратты дамыту – заман талабы

Ақпаратты дамыту – заман талабы

Ішкі істер органдары қызметінің бүгінгідей заманауи жағдайында қылмыстың алдын алу және қылмыстарды дер кезінде ашуға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарын жоспарлау мен оны ұтымды жүргізуде ақпараттық-аналитика қызметінің алар орны ерекше. Қажетті деректер банкін сапалы түрде толықтыру қолда бар деректер базасын тиімді қолдануға қол жеткізуге және орын алған кемшіліктерді жоюға айтарлықтай ықпал етеді. Жуырда Алматы облыстық Ішкі істер департаменті Ақпараттық-аналитикалық орталығы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж. Тұрғанбековамен әңгімелескенімізде, ақпараттық-аналитикалық орталығы атқаратын жұмыстың жауаптылығы жайлы маңызды жәйттерге қанықтық.

Жанар Асылкенқызы, қазіргі заман – ақпараттық технологияның дамыған дәуірі. Бұл орайда ақпараттардың қауіпсіздігіне де қойылатын талап күшейе түсетіні белгілі. Осы ақпараттық-аналитикалық қызметтің қыр-сырын тарқата айтып кетсеңіз…
– Негізінен ақпараттық-аналитикалық қызметтің міндеті – қазіргі заманауи дамуды ескере отырып, ішкі істер органдарындағы ақпараттық-аналитиканы ғылыми негізде жүзеге асыру. Елімізде атқарылып жатқан қылмысқа қарсы күрес, қылмысты дер кезінде ашу және жедел іздестіру жұмыстарында қолданылатын ақпараттарды жүйелі жинақтау, деректер банкін құру, жедел және ведомстволық есептердің түрлерін жүргізу сияқты жауапты жұмыстарды кешенді түрде жүргізудің маңызы зор. Сонымен қатар, мемлекеттік құқықтық статистиканы жетілдіру және ішкі істер органдарында ведомстволық статистикалық есепті қалыптастыру аталған сала мамандарынан үнемі ізденісті де талап етеді. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, оған мониторинг жүргізу сияқты жұмыстардың нәтижесінде қол жеткен жетістіктер айтарлықтай.
Мысалы, өткен жылы ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының күшімен 3 мың 600-ден астам бастапқы есепке алу, электрондық құжаттардағы анкеталық деректерді қате толтыру анықталды. «Тіркелген қарулар» ақпараттық деректер базасында есепте тұрғандарды салыстыру барысында қару иелерінің қылмысқа тартылу фактісі анықталған. Осы фактілерге қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде сотталған қару иелерінің қарулары тәркіленді.
Өткен жылы 215 көлік құралы «Криминалды автомотокөлік» есебінен шығарылды. Соның ішінде 101 көлік табылуына және иесіне қайтарылуына байланысты шығарылса, оның 70-і – өткен жылы, 31-і – бұрынғы жылдары ұрланған көліктер. Мысалы, автокөлік ұрланып, оның иесі бізге арызданғанда, біз оны ұрланған автокөлік ретінде базаға енгіземіз. Алайда, ол автокөлік екі-үш күннің ішінде табылса, кейде көлік иесі оның табылғаны жайлы хабарламайды да, ол ұрланған көлік есебінде тұра береді. Кейін техникалық тексеруден өткен кезде біздің есеппен сәйкестігі арқылы, көліктің иесіне қайтарылғаны анықталады. Сонымен қатар, даулы көліктер де есепте тұрады. Мысалы, біреу біреудің көлігін жалға алады немесе «қалған ақшасын кейін беремін» деген сылтаумен бермей жүреді. Ақпараттық-аналитикалық орталықтың құзыретіндегі мәселелерді реттейтін нормативтік-құқықтық және құқықтық актілерге ұдайы мониторинг жүргізудің нәтижесінде, ұрланған мылтықтар мен ұялы телефондар да анықталып жатады. Мониторинг оларға жеке-жеке жасалады.
Сіздер жүргізіп отырған мониторингтер барысында анықталатын кемшіліктер жайлы не айтасыз?
– Мысалы, 2016 жылы бұрындары 3 мыңнан астам қару иесінің мәліметтері қате толтырылғаны анықталды. Сонымен қатар, Ақпараттық деректер базасына мониторинг жасау және Ішкі істер департаментіне қарасты Тылмен қамтамасыз ету басқармасының мәліметтерін салыстыру нәтижесінде, аталған басқармаға уақытша сақтауға тапсырылған 460 қарудың 428-і қайта рәсімделді, иесіне қайтарылды немесе жоюға жіберілді. Бұл жайтты таратып айтар болсақ, кезінде тәркіленген немесе қылмыстық іс бойынша алынған қарулар қоймада ұзақ уақыт жатып қалады. Оның иелері іздеп келмейді. Ал біз мониторинг жүргізу арқылы ол қаруларды иелеріне қайтарамыз немесе бас тартқан жағдайда олар жоюға беру туралы арыз жазып береді де, біз оларды қайта рәсімдейміз.
Мұндай фактілер мониторингтің барлық түрі бойынша кездеседі. Біздің міндетіміз – анықталған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтіру үшін департаментке қарасты қызметтерге тиісті ұсыныс жасау, оның орындалуын бақылау.
Ал ақпараттық-аналитикалық орталықтағы мәлімет қоржыны қандай?
– 2017 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, ақпараттық деректер базасының жалпы қоры 720 мыңнан астам ақпаратты құрайды. Деректер базасы 2016 жылы 26 мың 579 ақпаратпен толықты. Оның ішінде ең көбі – есепте тұрған адамдар саны 11 мыңнан астам. Сондай-ақ, іздеу жарияланған, жоғалған құжаттар, қылмыстық іске қатысты заттардың үлес салмағы көп.
Ақпараттық деректер базасының нақтылығын қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар ауқымы туралы айтсақ, 2016 жылы 7 мың 234 жоғалған құжат, төлқұжат пен жеке куәлік есептен алынды. Бұл көрсеткіш – 2015 жылмен салыстырғанда 3,7 есеге артық. Мысалы, 2016 жылдың маусым айында ғана 953 құжат есептен алынып, 2015 жылдағы есептен алынған құжаттардың 50 пайызына тең болды.
Жанар Асылкенқызы, сіздердің жауапкершіліктеріңізде кезінде репрессияға ұшыраған, сот органдары ақтаған, сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жау қолына түскен және Германиядан репатриацияланған азаматтар туралы мұрағаттың бай мәліметтері бар ғой. Осы жайында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарынан жоғарыда аталған адамдарға қатысты қылмыстық істерді қабылдап алды. Біздің департаменттің ақпараттық-аналитикалық орталығына 8 мыңнан астам архивтік материалдар өткізілді. Оның ішінде ақталғандар да, ақтауға жатпайтындар да бар. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында тұтқынға түсіп, кейіннен фильтрациялық лагерьде болған, сүзгіден өткен сарбаздардың материалдары да сақтауға қабылданды.
Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыс шаш-етектен десе де болады. Өйткені, біз үшін де, келер ұрпақ үшін де тарихи құндылық болып саналатын әрбір қылмыстық істің артында қаншама адам тағдыры жатыр. Біз «адамның маңдайына жазылған» десек те, Алаштың небір аймаңдай азаматтары сол бір сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, азапты күндерді бастан кешті. Сондағы оларға тағылған айыптарды архивтен қарап отырсақ, кейбірі – адам күлетін айыптар. Тіптен шетелде болып, олардың өмірі туралы әңгіме айтқан адамдар атылып кете берген.
Сандарды сөйлететін болсақ, жалпы одақ бойынша сол бір ауыр жылдары 60 миллиондай адам сүргінге ұшырапты. Ал олардың 24 миллионының ату жазасына кесілгенін ойласақ, жанымыз түршігеді. Олардың ішінде біздің де қаншама жерлесіміз бар. Сталиндік саясаттың құрбаны болған неміс, корей, шешен, әзербайжан сияқты ұлт өкілдерінің де құжаттары бізде көптеп кездеседі. Сол біздің орталыққа өткен 8 мыңнан астам архив құжаттарын қалыпты жағдайда сақтауды қамтамасыз ету және жүйелеу дегеніңіз – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Өйткені, біз бүгінгі құжаттарды болашаққа аман жеткізуіміз керек, біздің балаларымыз тек кинодан ғана көретін сталиндік азаптың құжат күйінде сақталуына біз жауаптымыз.
Азапты күндердің құрбандарына арнап арнайы көрме ұйымдастыру, олардың ұрпақтарын іздеп табу, шақыру сияқты жұмыстарды да абыроймен атқарып келеміз. Болашақта әрбір аудандағы бұқаралық ақпарат құралдарында біздің есепте тұрған, бұрын репрессияға ұшыраған адамдардың тізімдерін жариялауды жоспарлап отырмыз. Егер жергілікті жерлерде туыстары табылса, оларды архив материалдарымен таныстырамыз. Мұндағы мақсат – аға буын ұрпақтың басынан кешкен қасіретін келер ұрпақтың санасынан өшірмей, керісінше тарихқа деген құрметін арттыру.
Сонымен қатар, бұрынғы КСРО кезінде соғыс тұтқыны болған сарбаздарға қатысты деректер банкін қалыптастыру жолында да атқарылып жатқан жұмыстар көп. Оған 1027 адамға қатысты ақпарат енгізілді. Бүгінгі таңда біздің орталықтың мұрағатында 65 мыңнан астам құжат сақталуда. Мұрағатта ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлерінің де құжаттары сақталады.
– Сіздердің мұрағатта сақталған құжаттар арқылы атылып кеткен туысқандарының тарихымен танысу оқиғалары кездесе ме?
– Бір ғана мысал келтірейін. Ішкі істер министрлігінің Ақпараттық-аналитикалық орталығына 1906 жылы туған нағашы атасы Айса Баратов туралы мәліметтер алу үшін Розагуль Хакимовна Саитова деген азаматша өтініш береді. Оның өтініші А. Баратовқа қатысты қылмыстық істің сақталған жері – Алматы облыстық ІІД-не жолданды. Қылмыстық істің бізде сақталғаны туралы хабар алысымен, Р. Саитова Талдықорған қаласына келіп, А. Баратовты айыптау жөніндегі қылмыстық істің мұрағаттық материалдарымен танысты.
Материалдардағы мәліметтерге сүйенсек, Айса Баратов Қашқар (Қытай) қаласында туған. Партияда жоқ, сауатсыз және әлеуметтік тегі бойынша етікші болған адам. Сұрақ алу хаттамаларында А. Баратовтың 1925 жылы Қытай Халық Республикасынан Жаркент қаласына жасырын келіп, «Красный Восток» артеліне етікші болып орналасқаны жазылған. 30 жастағы әйелі және 5 баласы болған. 1934 жылы А. Баратовты мемлекеттік шекарадан жасырын өткені үшін Жаркент шекара отряды жауапқа тартып, 3 ай қамауда болады. 1938 жылдың 3 наурызында оны Алматы облысы Ішкі істер Халық комиссариатының (НКВД) Жаркент аудандық бөлімі тыңшылық-диверсиялық ұйымға қатысқаны үшін тұтқынға алады. 1938 жылдың 5 қыркүйегінде КСРО Ішкі істер Халық Комиссиариатының шешімімен ең қатал жаза – атуға кесіледі. Үкім 1938 жылдың 17 қыркүйегінде орындалған.
Түркістан әскери округінің 1963 жылдың 5 сәуіріндегі анықтамасы бойынша КСРО ІІХК-ның А. Баратовқа қатысты шешімінің күші жойылып, құрамында қылмыс болмағандықтан, іс тоқтатылады. А. Баратовтың немересіне мұрағаттық анықтама, анкета көшірмесі, жұмыс орнынан алынған анықтама және қайтыс болғаннан кейін ақталғаны туралы анықтама мен іске тігулі А. Баратовтың төлқұжаты берілді.
Айса атамыздың қызы Айымхан әкесін ұстап әкеткенде небәрі 7 жаста ғана болыпты. Қазір 87 жастағы Айымхан апа арада 80 жыл өткенде әкесінің төлқұжаттағы бармақтай суретін сүйіп жылағанын айтқан немересінің өзі де жылап тұрды… Иә, біздегі құжаттардың әрқайсының артында қаншама тағдыр мен тартыс бар.
– Осындай жауапты жұмыстың жауынгерлері туралы да біле отырсақ…
– Ақпараттық-аналитикалық орталықта ақпараттық деректер базасын толықтыру, пайдалану және оны дамыту жұмыстарымен айналысатын тәжірибелі қызметкерлер баршылық. Біздің басшымыз, полиция полковнигі Алмас Игенбаев – осы салада 20 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман. Полиция подполковнигі М. Икрамов, полиция майоры Н. Мухатаева, полиция капитаны Б. Сансызбаева, полиция аға лейтенанттары Ә. Хусайнова, А. Бисекенова, И. Сармантаева, полиция лейтенанты З. Керімқұлова, кеңсе маманы А. Мұқашева, Жазатайым оқиғалар бюросының операторлары Т. Малышева, Н. Асқарова, К. Аманбаева, Р. Үрпекбаев сияқты мамандар – ақпараттық деректер базасын дер кезінде және сапалы қалыптастыруға зор үлес қосып жүрген қызметкерлер.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Газды пайдаланудың түйінді мәселелері

Жамбыл облысы ТЖД базасында облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен түрлі сипаттағы газ құрылғылары арқылы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған