Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Батыр жүлдесі үшін

Батыр жүлдесі үшін

Сәуір айының соңғы күндері Қостанай қаласындағы «Динамо» ДСҚ спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовты еске алуға арналған самбо күресінен жасөспірімдер арасында дәстүрлі VI Республикалық турнир өткізілді. Дәстүрлі турнирді өткізуге Қостанай облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы, Қостанай қаласы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі, «Динамо» ДСҚ Қостанай облысындағы филиалы, сондай-ақ, турнирге бас демеуші ретінде «ТЕМТЕ» ЖШС директоры Хамит Сапабек және самбо күресінен спорт шебері, Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Сабыржан Бульдуруков ат салысты.
«Ер ерлігі ел есінде мәңгілік» демекші, осынау өңірдің батыр ұланы, 147-ші атқыштар полкінің пулеметшілер бөлімшесінің командирі, жау пулеметінің амбразурасын кеудесімен жауып, асқан ерліктің үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов атамызды еске алу жарысына Қазақстанның көптеген өңірінен 14 команда келіп, екі күнге созылған жарыста 123 спортшы бақ сынасты. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Қостанай облысының Рудный қаласы, Қостанай, Қарасу, Әулиекөл, Қарабалық аудандарынан және Қостанай қаласының БЖСМ «Еуразия» және «Арлан» спорт клубтарынан, ҚМУ-дың «Сұңқар» спорт клубынан, «Динамо» ДСҚ спорт клубтарынан келген сайыскерлер турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Ашылу салтанатында Қостанай қаласы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің екі дүркін жеңімпазы Нұржан Ермағанбетов және Қостанай облыстық кәсіподақ ардагері Балбөпе Иртаева жас спортшыларға ыстық лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі. Турнирдің бас төрешісі, Ішкі істер министрлігі Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының ЖжДД кафедра бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдат Өтенов болды. Бас хатшы болып спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Иван Сарокин қызмет атқарды.
Бұл турнирге Қостанай қаласының атынан бірнеше жас балуан қатысты. Айта кетсек, 42 келі салмақ дәрежесінде Данияр Қалиханов және Аслан Жанай турнирдің 3-орын иегерлері атанса, 55 келі салмақта Сұлтан Тілеуғалиев күміс жүлде иегері болды. Бұл жас балуандарға қазіргі уақытта Қостанай Академиясының ЖжДД кафедрасының оқытушысы, полиция капитаны Ержан Кабидуллинов бапкерлік етеді. Сонымен қатар, қыздар арасында Иван Сергеевич жаттықтыратын Азиза Атантаева 52 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Елім деп өткен батыр атамызды еске алу турнирі жоғары деңгейде өтті. «Алдағы уақытта осындай жарысқа көршілес Ресей Федерациясы және ТМД елдерінен спортшыларды шақырту жоспарымызда бар», – дейді жарыстың ұйымдастырушысы Ержан Кабидуллинов.
Осылайша, Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовты еске алуға арналған самбо күресінен дәстүрлі республикалық турнирінің биылғы чемпиондары анықталды. Олар – ерлер арасында 42 келіде Атырау қаласынан Сырым Байғалиев, 46 келіде Ақтөбе облысынан Бекзат Мұханбетов, 50 келіде Атырау қаласынан Қайырғали Қуандықов, 55 келіде Атырау қаласынан Ислам Асқаров, 60 келіде Ақтөбе облысынан Қуанышбек Қазанғалиев, 66 келіде Қарағанды қаласынан Сапар Болат, 72 келіде Семей қаласынан Дәурен Молдажан, 78 келіде Рудный қаласынан Егор Кутовой, 84 келіде Қостанай қаласынан Александр Лим, +84 келіде Семей қаласынан Сары Қайдаров және қыздар арасында 52 келідле Қостанай қаласынан Азиза Атантаева бас жүлдені қанжығаларына байлады.

Сондай-ақ, оқыңыз

Спорт та – түзеу құралы

  Сотталғандарды түзеу жолында саламатты өмір салтына ынталандыру және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында Атырау облысы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған