Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Баба салты салтанат құрған күн

Баба салты салтанат құрған күн

Тіршілік атаулыны жасандырып, жандандырып жететін Наурыз мерекесінің думаны қазақта бір айға созылады. Сай-саланы суға, айналаны шуға толтырып келетін бұл шақ көңілге қуаныш пен шаттық сыйлап, адамдардың бір-бірімен арқа-жарқа араласуына арқау болар мереке. Сәуір айының соңғы күндері Наурыз мейрамын өткізген Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы оқу орталығының ұжымы көктем мерекесін қазақи дәстүрмен көркемдеп, қызметкерлерге ақ жарқын көңіл-күй сыйлады.
Қанша ғасыр сән берген даламызға,
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің.
Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің, – деген өрнекті өлең жоларымен ашылған мереке салтанатында Наурыз тойының тарихынан да сыр шертілді. Ұлттық бояуы төгілген киім киген орталық қызметкерлері әуелете ән салып, күмбірлете күй тартты. Сондай-ақ, тарихы тереңнен тамыр тартатын мерекенің маңызына жете мән берген Оқу орталығының ұжымы кең жайылған қазақы дастархан басында бас қосып, әңгіме-дүкен құрды.
«Бүгінгі мереке – Қазақстанда тұратын барлық ұлтқа ғана емес, күллі түркі халқына ортақ мереке. Тал егіп, бұлақ көзін ашатын еңбектің мерекесі, ағайындар бір-бірімен көрісетін, бірін-бірі кешіретін ынтымақтың мерекесі, халқымыздың ұмытылып бара жатқан салтын жаңғыртатын салтанаттың мерекесі. Бүгінгі басқосу біздің ұжым үшін де бірін-бірі жақын тануға, кімнің бойында қандай өнері барын білуге мүмкіндік тудырып отыр. Оқу орталығының нәтижелі еңбегіне үлес қосып жүрген белсенді ардагерлерімізді шақыру арқылы біз аға буынның да еңбегін елеусіз қалдырмауға тырыстық», – деді Алматы қаласындағы Оқу орталығының басшысы, полиция полковнигі З. Мәлібаев.
Ардагерлер атынан сөйлеген Ішкі істер министрлігі Кинологиялық орталығының бастығы, полиция полковнигі Василий Горюнов және Оқу орталығының ардагерлері Ерлан Ертуғанов мен Жансерік Молдабеков бүгінгідей шаттыққа толы мереке ұйымдастырған ұжымға зор алғыстарын білдірді.
Шашу шашылып, күй шалқыған мерекеде Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің өнерпаздары да өнер көрсетті. Оқу орталығының атынан шыққан полиция полковнигі Бақыт Бектасов пен оның ұлы Айсұлтан қазақ әндерін орындап, әріптестерінің ризашылығына бөленді.

 Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Сурет автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан МАДЬЯРОВ: Төтенше жағдайлар толық бақылауда

Шығыс Қазақстан облысында техногендік және табиғи төтенше жағдайлардың кез келген түрі кездеседі. Далалық аумақтардағы орман …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған