Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Ұлыстарды ұйыстырған Қарсақбай

Ұлыстарды ұйыстырған Қарсақбай

Кеңес Одағы кезінде жағрапия картасынан ойып тұрып орын алған Қарсақбай атты кент кезінде көп ұлт пен ұлыс өкілдеріне пана болған. Қарсақбай кенті кешегі Қазақстан халқы бірлігі күнін бір кісідей атап өтті.
Қарсақбай – дәстүрге бай жер. Ол – қазақ жерінде алғаш мыс берген, Ұлы Отан соғысы кезінде атылған он оқтың тоғызы құйылған мысты балқытқан түсті металлургияның алғашқы қарлығашы ғана емес, қырықтан астам ұлт пен ұлыс өкілдері ынтымақта, еркін өмір сүрген қарашаңырақ. Өмір сүрген деп өткен шақпен айтып отырған себебіміз – сол қырықтан астам ұлт өкілдерінің бүгінде әрі тартқанда оншақтысы ғана қалған. Оған себеп – 1974 жылы мыс қорыту зауыты ретінде Қарсақбай кәсіпорны жұмысын тоқтатып, оның майталман мамандары – металлургтер Жезқазған мыс зауытына тартылды. Сөйтіп, Жезқазған зауытының діңгегіндей Қарсақбай металлургтерінің есімдері Қазақстан түсті металлургиясы тарихына алтын әріптермен жазылды.
Байырғы металлургтер әулетінен бүгінде шежіредей болып қалған Машынскийлер, Гальястар, Лесотолар, Мустакимовтар, Бургинастар – әр саланың мамандары. Олар тұрғындарының негізін қазақтар құрайтын мекенде жергілікті халықпен ағайын-туғандай, тіптен құда-құдандалы болып кеткен. Дүкіман атты чешен ақсақал – қазақпен еншілес ұлағатты отбасының қариясы. Ол өткен ғасырдың ортасынан бері қазаққа күйеу, беріде құда. Ұрпағы қазақ отбасылары қатарын көбейтіп, немерелері әр өңірде қазақтың жиендерін өрбітіп жатыр.
Дүкіманның ұлы Жомарт – жерлестері аузына қарап, сөзін күтетін азаматтарының бірі. Бүгінде ол Ұлытау аудандық табиғатты қорғау инспекциясының инспекторы. Дүкіман қартты ауызға бекер алып отырғанымыз жоқ. Ол осы Қарсақбаймен біте-қайнасып, оның ащысы мен тұщысын бірдей татып келе жатқан жан. Ақсақалдың бүгінгі шүкіршілігі – балалары. Бақыты да осы. 1 мамыр туралы айта қалсаң, тоқсанды алқымдаған ақсақал бұл күннің мереке ретінде аса шаттықпен тойланатынын аузының суы құри айтады.
«Қазіргі 1 мамыр мен бұрынғыны салыстыра алмайсың ғой, қарағым, – деп бастайды әңгімесін. – Ол кезде еңбекшілердің ынтымағы мен бейбітшілік аталынған ол. Қазір «Қазақстан халқы бірлігі күні» деген атауда. Түптеп келгенде – екі атау да ынтымаққа саяды емес пе. Заманның желі ме, қазір кейде баяғыдай шат-шадыман көңіл күйді көре алмаймын. Кейбір адамдардың ойында мерекеден гөрі, ебін тауып 2 тиынның басын құрастыру қарекеті бардай», – деп бір тоқтап өз заманын көз алдынан тізбектей өткізеді.
«Мына тұрған Ленин алаңы болатын. Мерекелік іс-шаралардың бәрі осы жерден бастау алды. Аузы дуалы адамдар сөз алатын жалынды митингілер өтетін. Бірақ… Олар коммунизм идеяларын насихаттап, социализмнің жыртысын жыртты. Одан әрі жалпыхалықтық сейілмен жалғасатын еді. Қарсақбайдың демалыс паркі ерекше ғой, шіркін!», – деп тамсанады ақсақал.
Шын-өтірігі қаншалықты, кезінде алып Одақта парктер жөнінен Қарсақбай 3-орын алады деп айтылатын. Қалай болғанда да, ішінде жазғы киноклуб, бірнеше спорт түрлеріне лайықталған спорт алаңдары, көптеген сауда орындары, серуен алаңдары орын тепкен ұзыннан-ұзақ тартылған жасанды тоғай, тал-теректің түр-түрі жайқалып тұратын осы бір демалыс орны сол мәртебеге лайықты болуы да әбден мүмкін. Ол паркті ешкім көтеріп кеткен жоқ, әлі де бар, алайда көпшілікті керек ететін мұндай орындар адам нөпірінсіз сәнсіз екенін мойындамасқа амалың жоқ. Жылдың алты айында адам аяғы үзілмейтін саябақтан аяқ сыбдырын сирек естисің бүгінде.
«Міне, осы Қарсақбай кеше ғана Қазақстан халқы бірлігі күнін ынтымақпен атап өтті. Әкелер мен ағалар өрлеткен дәстүрді жаңғыртқандай болдық. Мерекеге мән бердік. Тағдыр тәлкегімен бір шаңырақтың астына топтасқан халықтар бірлігінің маңызын арттырдық», – дейді Қарсақбайдағы Қ. Сәтбаев атындағы музейдің директоры Дүйсенбай Бәрекенов. Қарсақбайдағы кәсіптік-техникалық колледж бен Ж. Жабаев атындағы орта мектептің оқушылары, кенттегі кәсіпорындар мен мекемелер ұжымдары парк ішінде спорттық сайыстар өткізіп, өнер ұжымдары көпшілікке концерттерін ұсынды. «Қиқуға арқаланып өзіміз талай күрескен жер ғой, мереке болады дегенді естіп келіп едік, сағынып қалыппыз, көкмайса үстіне біраз аунап алдық», – дейді кезіндегі Қарсақбай спортының белсендісі, бүгінде Жезқазған байыту фабрикасының жұмыскері Ерболат Мұқанов.
Қарсақбай – жұмысшы табының мекені. Сондықтан өзінің табиғатына тән достық пен ынтымақты биік ұстайды. Әңгімеміздің басында да айттық, жалпы осы мақаланың басты мақсаты – Қазақстан халқы бірлігі болғандықтан, өзге ұлт өкілдерінің Қарсақбайға, оның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін айтпай кетуге болмас. Бұрын аты республикаға әйгілі болмаса да, облысқа белгілі үш мектеп пен кәсіптік-техникалық училище жұмыс істеді. Олар Қарсақбай металлургиялық зауытымен бірге кенттің мәдени-тәрбиелік жұмыстарында үлкен қозғаушылық рөл атқарды. №3 орыс мектебі бастамашылдық жөнінен алда болғанын жасырудың реті жоқ. Ұрпақ тәрбиесіне, спорттық ұмтылушылықтар жөнінен алдыңғы қатарда жүргені рас. Қыстағы хоккейге арналған алаң жасаудың өзі солардан шыққан. Ол кезде өзге екі мектеп оқушылары тоған-су жағалап жүрді.
Ал, қазақ мектептері мен училище оқушылары жазғы спорт түрлерінен алдына қара түсірмейтін. Ж. Жабаев атындағы қазақ орта мектебі жанынан құрылған «Арман» вокалды аспаптар ансамблі де облысқа белгілі ұжым еді. Қазіргі белгілі әнші-продюсер Қыдырәлі Болманов сол ансамбльден қанат қағып ұшқан өрен. Өнер дәстүрі Қарсақбайда бүгін де жалғасын тапқан. Оның куәсі – кенттік Мәдениет үйі жанынан құрылған «Әжелер ансамблі». Сандуғаш Дүтбаева жетекшілік ететін бұл ұжым кенттің мәдени өміріне белсене араласып жүр.
Өнер дегеннен шығады, көп жылдар кент пионер ұйымының аға вожатыйы, кейіннен облыстық комсомол ұйымында қызмет атқарған литва жігіті Бронислав Бургинас «Қарсақбай – ұлы мекенім!» атты гимн жазып, өрендер оны беріге дейін орындап келді. Рас, қазір Қарсақбай туралы ән де, шығармалар да жазылып жатыр. Жүрегіңді елжіретер туындылар өткен шақты көбірек қаузайды. Оның да жөні бар. Дүкіман ақсақал айтпақшы, құтты мекен Қарсақбайдың бүгіні мен кешегісін салыстыруға келмейді. Бұл бүгін онда тіршілік тоқтады деген сөз емес. Қайта, жаңа көкжиектер көрініп, тұрғындардың рухы көтерілгендей. Оған себептер көп. Бұл енді басқа тақырыптың әңгімесі. Біз құтты мекен Қарсақбайға жаңа өрлеу тілейміз.

Айткен Шәмші

Сондай-ақ, оқыңыз

Азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан МАДЬЯРОВ: Төтенше жағдайлар толық бақылауда

Шығыс Қазақстан облысында техногендік және табиғи төтенше жағдайлардың кез келген түрі кездеседі. Далалық аумақтардағы орман …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған