Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан МАДЬЯРОВ: Төтенше жағдайлар толық бақылауда

Азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан МАДЬЯРОВ: Төтенше жағдайлар толық бақылауда

Шығыс Қазақстан облысында техногендік және табиғи төтенше жағдайлардың кез келген түрі кездеседі. Далалық аумақтардағы орман өрттері, таулы жерлердегі мұздықтардың еруі, қар көшкіні, сең, сел жүру, шатқалдардағы тас көшкіні, тіпті, зілзала да болып жатады. Ал өңірде төрт су-электр стансасы, энергетика кешендері, Өскемен титан-магний комбинаты, «Қазақмыстың» фабрикалары мен зауыттары, Қорғасын-мырыш комбинаты, «Азия авто» автопромы және тағы да басқа ірі өндіріс орындары барын ескерсек, техногендік төтенше жағдайлардың тізімін ойша елестете беруге болады. Осы ретте өңірдің бүгінгі ахуалын білу үшін Шығыс Қазақстан облысы ТЖД-нің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан МАДЬЯРОВПЕН сұхбаттасқан едік. Бұл қызметке 2016 жылдың 4 қарашасы күні тағайындалған ол бұған дейін Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.

– Нұрлан Әбілбайұлы, шығыс өңіріне қызметке келгеніңізге көп уақыт болмаса да, мұндағы жағдай сіз үшін соншалықты таңсық емес шығар. Алматы мен Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайлары ұқсас келетіні белгілі. Десе де, өңірдің өзіндік ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?
– Шығыс Қазақстан облысы жер аумағы жағынан еліміздегі екінші өңір. Облыс аумағынан еліміздегі ең үлкен өзен – Ертіс ағып өтеді. Өзеннің тек ел аумағындағы ұзындығы 1000 шақырымды құрайды. Өлкемізде 15 аудан, 4 қала бар. Облыстың шығыс жақ беті – Алтай таулары, Тарбағатай тауларының сілемдері, ал, оңтүстікке қарай Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандары жазық дала болып келеді. Алматы облысымен арадағы шекара аймағында Алакөл жатыр.
Бұл өлкенің флорасы мен фаунасы өте бай. Марқакөл, Қатон-Қарағай сынды қорықтардың тұма табиғаты өте керемет. Зайсан, Марқакөл, Алакөл сынды көлдерді қоспағанда, облыста 800-ге тарта бұлақ, өзен сынды су көздері бар. Ал марал шаруашылығының табиғи жолға қойылғандығы сондай – ол өлкенің ажырамас брендіне айналып кетті. Одан бөлек, Шығыс Қазақстан халқының қатары да әр алуан. Мұнда еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанған. Барлығы да қазақ топырағында бір отбасындай ұйысып, тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Өңірдің өзіндік ерекшеліктері дегеніміз осы шығар.
– Қазір еліміздің бірқатар облысы басып қалған судың салдарымен арпалысып жатыр. Сіздерде бұл бағытта ахуал қалай?
– Дәл бүгінгі таңда маусымдық су тасқынының алдын алу және салдарын жою жұмыстарын жүргізудеміз. Облысымызда су тасқыны мерзімін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Соның қазір біріншісі – сең жүру кезеңі өтуде. Ауа температурасы көтерілген соң, мұздар шытынап жарылып, су ағысымен бірге қозғала бастады. Қазір Ертістің екі жерінде үлкен көлемде мұз көшкіні өтуде. Бірі ендігі Семей қаласынан төменгі бетке өтіп, қазір қаладан 50 шақырымдай жерде Павлодарға қарай сең жылжып бара жатыр. Екіншісі – Черемушки, Длиноуха елді мекендерінің маңайы. Өзен айдынының кеңдігіне және иірімдеріне байланысты бұл жерлерде өзеннің өзіне тән ерекшеліктері бар. Күнделікті талдау жасап, жағдайды қадағалауда ұстап отырмыз.
Су тасу маусымының бірінші кезеңі наурыз-сәуір айларына, екінші кезең сәуір айының соңы – мамыр айының басына және үшінші кезең мамыр айының ортасынан маусым айының басына тұспа-тұс келеді. Бірінші кезеңде жазық жерлердегі өзендердің мұзы еріп, сең жүре бастайтын болса, екінші кезеңде тау өзендеріндегі мұз ериді. Ал үшінші кезеңде таулардың басындағы мұздықтар ериді. Осы үшінші кезеңде де өзен суларының көлемі артып, қауіп тудырады.
Бүгінде су жолында орналасқан шамамен 110 елді мекенде тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Егер биылғы көктем жауын-шашынды, қар мен мұз тез еритін болса, су деңгейі жылдам көтерілмек. Онда осы елді мекендерге дейін су жетуі мүмкін. Қазір «Қазгидрометпен» бірге қай жерде қардың қалыңдығы қандай екендігіне бақылау жасап отырмыз. Дәл бүгінгі күнге 8-9 аудан бойынша қар мүлде жоқ деуге болады. Қар таулы жерлерде, таулардың етектерінде, жоталы жерлерде және биік тауларда жатыр.
– Бұл мәселелермен айналысатын арнайы құрылым бар ма?
– Ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Облыс әкімінің төтенше жағдайлар саласына жауап беретін жаңа орынбасары болып Серік Қасымбекұлы тағайындалған болатын. Сол кісінің төрағалығымен ақпан айында ведомствоаралық комиссия отырысын өткізіп, су тасу маусымына дайындық жұмыстарын талқыладық. 14 ақпан күні облыс әкімі Даниал Ахметов «Су тасуға қарсы шаралар жоспарына» қол қойды. Онда атқарылатын барлық шаралар қамтылып, аудан әкімдеріне қандай тұстарға назар салулары қажеттігі жөнінде тапсырмалар берілген. Мәселен, 2016 жылғы іс-шаралар жоспарында су тасқынына қатысты 54 шара қарастырылған болса, оның 27-сі бүгінде толықтай орындалды. Олар су арналарын, бөгендерді бекіту, кеңейту, тереңдету және тазалау жұмыстары. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен шамамен 200 млн. теңге қаржы жұмсалды. Ал қалған іс-шаралар қаржы қарастырылмағанына байланысты 2017 жылға ауыстырылды.
Тағы бір басты назар салып отырған жеріміз – Бұқтырма өзені. Әсіресе, Қатон-Қарағай ауданындағы Сенное ауылының маңы. Бұқтырма – тау өзені. Әрі онда қазір мұз қатып тұр. Өйткені, ауа температурасы төмен. Бұл өзеннің, әсіресе, Согорное өзенімен түйісетін тұсы өте қауіпті. Егер күн күрт жылынатын болса, сең жүреді де, судың жолында мұз кептеліп қалуы мүмкін. Ал оның салдарынан су деңгейі көтерілсе, биіктен тасып аққан судың арыны қатты болады. 2015 жылы Зырян ауданында осындай қиын жағдай орын алған. 2016 жылы Қатон-Қарағай ауданындағы Печи ауылы маңындағы көпірдің аузында мұз жиналып қалып, су деңгейі күрт көтеріліп кетті. Табиғаттың жойқын күшіне ешкім қарсы тұра алмайды ғой. Эвакуциялық жұмыстарға дайындалып отырғанбыз. Абырой болғанда, кептеліс ұзақ болған жоқ. Жиналған су өз күшімен мұзды бұзып, ағызып әкетті де, өзен қайтадан сабасына түсті.
Мұзда жарылыс жасау жұмыстарын биыл біз Шемонаиха елді мекеніндегі көпір төңірегінде және Жоғарғы Оба елді мекені маңында, Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылы қасында Оба өзенінің үстінде жүргіздік. Бұл профилактикалық жұмыстардың жылдағыдай көп көмегі тиді.
Сонымен бірге, қазір дала, орман өрттерінің маусымы басталды деуге болады. Қар кетіп, күн ысыған соң, кеуіп тұрған құрғақ шөптер тез оталғыш болып келеді. Сәуір айының бірінші декадасының өзінде Зайсан, Үржар, Аягөз аудандарыда дала-орман өрттерінің 17 оқиғасы тіркелді. Жану ауқымы өте үлкен болғандықтан, өрттердің нақты шығу себептерін анықтау мүмкін болмай тұр. Әзірге өрт сөндіру жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз. Бұған жергілікті атқарушы органдар да белсенді түрде ат салысуда.
Ал жалпы өрт оқиғалары былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға өскені байқалып отыр. Оның бірінші себебі – қысқы жылыту маусымында пештерді немқұрайлы пайдаланып, қауіпсіздік шарттарын сақтамау. Екіншіден, тұрғын үйлердің басым көпшілігі ескі. Соның салдарынан олар өрт тисе, тез тұтанғыш болып келеді. Облыстағы өрт оқиғаларының жартысынан астамы жеке тұрғын үй алабында орын алатынын атай кеткен жөн.
– Іргелес облыстармен, сол сияқты көрші Ресей мемлекетімен ведомствоаралық байланыстарыңыз қалай?
– Шекаралас жатқандықтан, Павлодар облысымен, Ресеймен тұрақты байланыста жұмыс істейміз. Биыл қыс өте қатты болды. Қар өте көп жауды. Осы ретте ресейлік әріптестерімізбен үнемі хабарласып отырдық. Өйткені, Шемонайха ауданы арқылы Алтай өлкесіне өтетін халықаралық тас жол бар. Сол жолдарда көптеген техника, адамдар қалып қойған жағдайлар болды. Сондай кезеңдерде екі жақтан да бір мезгілде рейдтерге шығып, бізден оларға қарай өткен техника және адам саны туралы, тағы да басқа маңызды ақпараттармен алмасып отырдық. Былтыр Алтай өлкесіндегі әріптестерімізбен жол-көлік оқиғалары кезіндегі, қалың қар басып, жол жабылып қалған жағдайлардағы іс-әрекеттерді пысықтау мақсатында біріккен оқу-жаттығулар өткіздік. Бұл тиісті деңгейде бекітілген жоспарлы шаралар. Шекаралас аймақтар таулы өлке болғандықтан, жауын-шашын түсімі өте мол. Әсіресе, қыс кезінде омбы қар жолдарды бір сағатта басып қалып жататын жағдайлар жиі кездеседі.
Енді мамыр айында Павлодар облысының аумағында дала өрттерін, орман өрттерін сөндіру бойынша біріккен іс-қимылдарды пысықтайтын боламыз. Оған Ресей федерациясынан, Павлодар облысынан және Шығыс Қазақстан облысынан ТЖ құрылымдары қатысады деп жоспарланған. Оқу-жаттығу жиынын Қазақстан жағы қабылдайтын болады.
Сондай-ақ, гидрометерологиялық бюллетень бойынша да жұмыстар жүргіземіз. Біздің аймақта «Қазгидрометтің» 41 бекеті бар. Түскен мәліметтерді олар бізге өңдеп күнделікті беріп тұрады. Сол арқылы су деңгейінің қай жерде қандай екендігін біліп отырамыз. Сонымен қатар, мұздардың жағдайын да біліп отыра аламыз.
– Таулы өлке деп жатсыз, осыған орай жер сілкінісі жағдайына тоқталмай өтуге болмайтын шығар?
– Сейсмикалық жағдай туралы айтар болсақ, соңғы рет таяуда сәуір айының басында жер сілкінді. Эпицентрі Тарбағатай, Зайсан аудандарының шекарасында тіркелді. Күші 5 баллды құраған дүмпу болды. Бұл жағдайды сейсмология институтымен бірге қадағалап отырмыз. Олардың тәжірибелі сейсмоэкспедициясы оқиға орнына барып келді. Біздің қызметкерлер дүмпу маңындағы елді мекендерден түскен арыздар бойынша жергілікті атқару органдарымен бірге комиссия құрып, тексеру жүргізді. 10 ғимараттың қабырғасына сызат түскен екен. Сонын бірі 1967 жылы салынған мектеп. Оған жапсарлас тұрғызылған шеберхананың қабырғасы опырылған болып шықты. Соның барлығы актіге тіркеліп, тиісінше рәсімделді. Ал адам және мал шығыны жоқ.
Жалпы, жер сілкінісі Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарына тән табиғи құбылыс. Бұл бағытта хабарлау, сақтану және төтенше жағдайлардың салдарына шұғыл ден қою іс-әрекеттері жолға қойылған.
– Табиғи апаттардан бөлек, техногендік төтенше жағдайлар тұрғысынан да Шығыс Қазақстан облысы басқа өңірлерден ерекшеленеті тағы бар.
– Рас айтасыз. Біздің облыста көптеген қалақұраушы кәсіпорындар, ірі өнеркәсіп нысандары, энергетикалық нысандар көп. Осы салада жиырма жылдан бері қызмет етіп жүрген маман ретінде айтарым, табиғи апаттардан гөрі, техногендік апаттардың қаупі жоғары болады. Орман өрті ырыққа көнуі мүмкін, ал химиялық массалар жанғанда, оларды сөндіру қиынға соғып жатады. Сондықтан да жанып жатқан жерін оқшаулап, оның белгілі бір жағдайға дейін жанып біткенін күтуге тура келіп жатады. Болмаса, «Ақберен» жасағын жұмылдыруға шешім қабылданады.
Өлкенің өнеркәсіп орындарындағы өндіріс-техникалық қауіпсіздік ахуалы тұрақты. Облыста төрт СЭС бар деп айттық қой. Соның ең ірісі Бұқтырма СЭС-і. Ондағы жағдайды тұрақты қадағалауда ұстап отырмыз. СЭС-тің Ертіс өзеніндегі каскад бөгені – ТМД-дағы ең ірі су нысаны. Ондағы су деңгейі мен су жіберу көлемі үнемі бақылауда. Өйткені, олар жіберетін су артатын болса, ол кейінгі өзен сағасына өз әсерін береді де, су шаю оқиғалары кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Бұл жерде өздерінің төтенше жағдайлар қызметтері бар, оған қоса бізге ведомствоға бағынысты Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы, «Медициналық апаттар орталығы» ММ, «Өрт сөндіруші» АҚ мекемелері де жұмылдырылуға дайын.
Одан бөлек, Өскемен СЭС-інде де қауіпсіздік жағдайын қадағалау жоғары деңгейде. Олар өз қаражаты есебінен Шүлбі СЭС-інде өрт депосын салды. Екі шақыртуға арналған техникасы, 23 адамдық штаттық кестесі бар. Оған біздің қызметкерлер вахталық әдіспен қызмет көрсетеді. Өскемен СЭС-і де ескі ғимаратты өрт депосы етіп жасап қойды. Оларға да біздің қызметкерлер қызмет көрсетеді. Ал Бұқтырма СЭС-інде біздің №19 ӨСБ тұр.
Тас жолдар бойында 4 медициналық құтқару пункті орналасқан. Олар көлік көп жүретін жерлерге орналастырылған. Құтқарушылар тілінде «алтын сағат принципі» деген болады, осы пункттерді орналастыру кезінде осыны бірінші кезекте ескердік. Мәселен, Алматы, Семей бағытында бір-бірден, Павлодар бағытында екі пункттен орнаттық. Жүз пайыз мемлекет құрылтайшылық ететін «Өрт сөндіруші» АҚ келісім-шарт негізінде өңірдегі ірі өндірістік нысандарға қызмет көрсетеді. Қоғамның 400 адамға жуық жеке құрамы бар. Тиісті техникалары жеткілікті. Өрт сөндіру бөлімшелері жұмыс істейді.
– Ұжымыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Ұжым өте білікті, кәсіпқой, толық қалыптасқан кадрлық құрамнан тұрады. Департаменттің өзінде 225 адам бар. Еңбек заңнамасына енген өзгерістерге байланысты өткен жылы біраз қызметкерімізді зейнет демалысына шығарып салдық. 2015-2016 жылдары облыс бойынша шамамен 450 адам зейнеткерлікке кетті де, ұжымның 30-40 пайызы жаңарды. Сондықтан қазір ұжымда жаңа өзгерістер, қалыптасу үрдістері болып жатыр деуге толық негіз бар. Жас қызметкерлерді білмегендерін үйретіп, толыққанды мамандық иесі болуға баулып жатырмыз. Осы реттен келгенде ұжым жаңа бір әлеуетті күш жинап жатыр деуге болады. Бұл бір жағынан кадрлық сабақтастықтың нығая түскендігін білдіреді.
– Қатарларыңыз төрт жүзден астам жас қызметкермен толыққан екен. Сіз де осылар секілді еңбек жолыңызды қашан бастап едіңіз. Өзіңіз туралы қысқаша мәлімет айта кетсеңіз?
– Алматы, бұрынғы Талдықорған облысының тумасымын. Алакөл ауданындағы кезінде Андреевка аталған, қазіргі Қабанбай батыр ауылында дүниеге келдім. Әскерде милицияның арнайы материалдық бөлімінде қызмет еттім. Осы бөлім құрамында 1986 жылы Қарабақ оқиғасына қатысқаным бар.
Әскерден келген соң, Алматыдағы милиция арнайы орта мектебіне түстім. Одан кейін Д. Қонаев атындағы Гуманитарлық университеттің заң факультетін, Санкт-Петербор қаласындағы Мемлекеттік өрттен қорғау қызметі университетін бітірдім.
Қызмет жолымды Алматы қаласы Ленин аудандық ІІБ-де жедел уәкіл ретінде бастадым. Одан кейін аға инспектор, анықтаушы қызметтерінде істедім. 1998 жылы ТЖ саласына ауысып, Өрт бөлімі бастығының орынбасары, Бостандық аудандық ТЖБ бастығы, Алматы қалалық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу және ден қою бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым. 2012 жылы Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым.
Ал, 2016 жылдың қазан айынан бері осы қызметтемін. Отбасым, 3 балам бар. Екеуі студент, кенжесім мектепте оқиды.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ,
Астана-Өскемен-Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Тіл дамуын не тежейді?

Жуырда ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен 1-курс …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған