Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Полиция подполковнигі Қанат ДҮМШЕБАЕВ: Тергеушілік – инемен құдық қазғандай

Полиция подполковнигі Қанат ДҮМШЕБАЕВ: Тергеушілік – инемен құдық қазғандай

2015 жылы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында болған БАҚ беттерінде «қазақтар мен тәжіктер арасындағы араздық» деп сипатталған дүрбелең көпшіліктің есінде шығар. Сондай-ақ, 2016 жылы қазан айында елордамызда Медицина академиясының үздік студенті Ерасыл Әубәкіровтің қастандықпен өлтірілуі де қоғамды дүр сілкіндірді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің тиянақты жұмысының нәтижесінде осы екі оқиға да жан-жақты зерттеліп, істің ақ-қарасы анықталып, кінәлілер тиісті жазасын алған болатын.
Қандай қылмыстық оқиға орын алмасын, айыптыларды анықтап, қолға түсіру үшін кез келген іс ең алдымен тергеушілердің қылмыс орнын тексеріп, айғақтар жинап, тергеу амалдарын жүргізуімен басталатыны белгілі. Жоғарыда айтылған ел көлемінде резонанс тудырған екі оқиғаны да тергеп-тексеру үшін ІІМ Тергеу департаментіндегі өз ісінің майталмандары болып табылатын білікті тергеушілер тобы аттандырылған болатын. Ол топқа ІІМ Тергеу департаменті Жеке тұлғаларға қатысты аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі бас тергеушісі, полиция подполковнигі Қанат Дүмшебаев жетекшілік жасады. Біздің бүгінгі әңгімеміз де өз ісіне берілген әрі қызмет барысында көрсеткен айрықша қабілетімен көзге түскен осы азамат туралы болмақ.
Қанат Бекәділұлы 1981 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі Бекәділ ұзақ жылдар ішкі істер органдарының кадр саласында еңбек етіпті. Бүгінде зейнеттік демалыстағы әкесі ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Ал, марқұм анасы математика пәнінен сабақ берген. Отбасында 5 бала тәрбиеленіп өсіпті.
Көзін ашқаннан әкесінен ішкі істер саласы жайлы естіп-біліп өскен Қанат осы салада қызмет етуді бала кезінен армандаса керек.
«Шымкент қаласында мектепті үздік бітіріп, одан кейін Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін қызыл дипломмен тәмамдадым. Осы университеттің Шымкент қаласындағы филиалының тұңғыш түлектеріміз. Бізге оқу орны басшылығы: «Осында оқытушы болып қалыңдар. Сендер сияқты үздік мамандар керек», – деп ұсыныс білдірді. Бірақ, біз, жігіттер жағы: «Мұғалім болу – қыздардың жұмысы. Біз прокурор боламыз, сот боламыз», – деп ол жерде қалғымыз келмеді», – дейді Қанекең.
Саналы ғұмырын ішкі істер органдарының кадр саласына арнаған әкесі Қанатты алғашында өзінің ізін қусын деп, сол салаға баруға үгіттеген көрінеді. Бірақ, әлдеқашан тергеуші болам деп шешіп қойған кейіпкеріміз әкесінің сөзіне қайырылмай тұрып алады. «Балам, тергеуші болу өте жауапты, қиын жұмыс. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алдымен, тым болмаса, учаскелік инспектор немесе анықтаушы болып істеп көр, тәжірибе жина. Кейін тергеушілігіңді көре жатарсың», – десе де, «жас кездегі қырсықтығымнан болар» дейді, алған бетінен қайтқысы келмейді.
Осылайша, оқуды бітірісімен, 2004 жылы қазан айында Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушісі болып қызметке тағайындалып, ішкі істер органдарындағы еңбек жолы басталып кетеді.
Қанат Бекәділұлы осы бөлімде 4 жылдай табан аудармай еңбек етеді. «Алғашқыда қиындау болғаны рас, – дейді полиция подполковнигі. – Өзім оқу орнын кеше ғана бітіріп келген тәжірибесі жоқ жас маманмын. Басында басшылар арасында мені жұмысқа алғысы келмей, салқын қабақ танытқандар болды. Жұмысқа тұрғаннан кейін тағылымдама деген болған жоқ, бірінші күннен-ақ қылмыстық істерді қарауға берді», – дейді.
Дегенмен, жас болсын, егде болсын, қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Қанат Бекәділұлы да әп дегеннен өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, тергеушілік қызметін тез меңгеріп, басшылардың ықыласына бөленеді. Жарты жыл өтпей-ақ жас маманға деген бастықтардың көзқарасы өзгеріп, оған енді күрделілігі жоғары істерді тергеуге бере бастайды.
Оңтүстік өңір, халқының көптігімен ерекшеленетіні белгілі. Адам қарасы мол жерде небір қылмыстар да жиі болып жататыны ақиқат жайт. Әрбір қылмыс тергеушілердің араласуынсыз ашылмайтыны тағы білгелі. Осындай қайнаған қызметтің ортасында жүрген жас маман есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудан бастап қасақана адам өлтіруге дейінгі небір қылмыс түрлерін тергеп, тәжірибе жинақтай берді.
Ол уақытта Шымкент қаласында аудандар арасында тергеу ісі бойынша жарыстар ұйымдастырылып тұратын. Жарыстың талабы – айына кемінде екі істі бітіріп, айыптау қорытындысымен сотқа жіберу керек. Қанат Бекәділұлы қызметке тұрған алғашқы жылы-ақ Еңбекші ауданы қала бойынша 1-орынды жеңіп алады. Одан бөлек, осы ауданның өз ішінде де тергеушілер арасында жарыстар өтетін. Кей жылдары 25-26 істі бітірген Қанат Дүмшебаев аудан бойынша үздік атанып отырса, кейде 2-орыннан көрінген кездері де болыпты. Жалпы алғанда, үнемі үздіктердің қатарынан табылып, маңдайалды тергеуші атанып, басшылардың көзіне түседі.
Мұның нәтижесі де көп күттірмей, 2008 жылы сол кездегі полиция аға лейтенантын Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің Қасақана кісі өлімдерін тергеу бөліміне қызметке шақырады. «Жауапкершілігі үлкен жұмыс болғандықтан, алғашқыда 1-2 ай уақыт ойланып жүрдім. Өйткені, ол кезде біздің ауданның өзінде қасақана кісі өлімдері жиі болып жататын. Ал, департаментке барсаң, бүкіл облысқа жауаптысың. Ол менің қолымнан келе ме, жоқ па деген екіұдай уайым болғаны рас. Алайда, бір шешімге келіп, келісімімді бердім де, облыстық департаментке аға тергеуші болып қызметке тұрдым», – дейді Қанат Бекәділұлы.
Тергеу саласында тәжірибе жинақтаған маманға бірінші күннен-ақ жай істер емес, бірден күрделі істерді тапсырады. Ол, осы департаменттің қасақана кісі өлімдерін тергеу бөліміндегі ең жас қызметкер болса да, облыс көлемінде дүрбелең тудырған үлкен істерді оған бере бастайды. Тапсырыспен адам өлтіру, сериялы маньяктар секілді ауыр қылмыстарды жедел тергеу топтарына Қанат Дүмшебаевты үнемі жетекші етіп тағайындайды.
«Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы тергеген атышулы істеріміздің бірі – 11 әйелді өлтірген өзбекстандық сериялы маньякты ұстағанымыз», – дейді тергеуші. Аталған қылмыскер Өзбекстанда 7 әйелді, Қазақстанда 4 әйелді айуандықпен өлтіреді. Екі елдің мамандары қылмыс іздерін тексере келе, аталған қылмыстар бір адамның қолымен жасалғандығына көздері жетіпті. Содан екі мемлекеттің құқық қорғаушылары қылмыскерді ұстау үшін шараларды қатар бастайды. «Өзбек тергеушілері бізден көп нәрсені жасырын ұстады. Олар қылмыскер өз елдерінің азаматы болғандықтан, оны сол елдің аумағында ұстағысы келді. Дегенмен, біз де қарап жатпадық. Қауіпті маньяк біздің елде де жүруі мүмкін еді. Жедел тергеу тобы құрылып, тиянақты жұмыс жасап, қылмысты ашуға кілтипан болар әрбір жағдаятты мұқият сараладық.
Қазақ-өзбек шекарасынан күніне 3 мыңдай адам ары-бері өтеді екен. Біз рецидивистің Қазақстанда жасаған әр қылмысынан бір күн бұрын, қылмыс жасалған күні және одан кейінгі екінші күні, яғни осы үш күн ішінде шекарадан өткен әрбір адамның аты-жөнін тексеріп, анализ жасап, соның арқасында қылмыскердің кім екенін анықтай алдық. Ақырында, қанішер біздің елдің аумағында ұсталып, осы істі аяғына дейін тергеп тәмамдап, нәтижесінде ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», – дейді Қ. Дүмшебаев.
2010 жылы Қанат Бекәділұлын енді Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитетіне (ол кезде комитет болған) қызметке шақырады. Дегенмен, дәл сол уақыттарда Қанаттың анасы өмірден озып, басқа да отбасылық жағдайларына байланысты бұл ұсыныстан бас тартып, тек 2013 жылдың желтоқсан айында ғана Астанаға ауысып, ІІМ Тергеу департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болып қызметке кіріседі.
Бұл жерде де білікті маманға еліміздегі ең күрделі істерді өндіріске алу тапсырылып отырған. Мәселен, әңгімеміздің басында айтылған Сарыағаш оқиғасы, студент Ерасыл Әубәкіровтың өлтірілуі, сол сияқты еліміздің бірнеше аймағында қызылшаға қарсы екпенің құрамына қатысты жәбірленушілер тарапынан арыздар түсіп, осындай күрделі істерді тергеп, бұлтартпас дәлелдер жинақтап, соңына дейін сәтті жеткізеді.
«Тергеу ісі – инемен құдық қазғандай деп жатады. Бұл рас сөз. Өйткені, қылмыс болған жерге бірінші болып барып, айғақтар жинау, ешкім көрмеген, ешкімнің ойына да келмеген себептерді анықтау, қылмысты ашудың кілтипандарын іздеп табу, солар арқылы қылмыс жасағандардың ізіне түсу, мүмкіндігінше ізін суытпай ашу – әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Оның барысында қаншама куәгерден жауап алынады, көптеген сараптама тағайындалады, анықтамалар жиналады. Біз соның бәрін саралап, анализ жасап және жеке психологиямызға сүйеніп, бір қорытынды шығарамыз. Жедел тергеу тобының жетекшісі ретінде өзімізбен бірге іс өндірісіне қатысатын тергеушілерге дұрыс бағыт-бағдар беріп отырамыз.
Мектеп жүргенде менсінбей оқығымыз келмеген «Психология» пәнінің осы қызметке келгенде аса қажет екенін сезіндім. Өйткені, тергеуші – заң саласын мықты білетін маман болумен қатар, кәнігі психолог та болуы керек екенін түсіндім», – дейді полиция подполковнигі Қанат Дүмшебаев.
«Алғаш үйленген жылдары жұбайым менің жұмыста кешке дейін бөгелетінімді түсінбей: «Сағат 6-дан кейін неғылған жұмыс? 9-10-ға дейін не істейсіңдер?», – деп кейіс білдіретін. Содан бір күні тұңғыш ұлымызға аяғы ауыр кезінде әйелімді жұмысыма әдейілеп өзіммен бірге алып келдім. Дәл сол уақытта бір күрделі істі тергеп, бітіріп жатқан кезім еді. Әйелім менің жұмысымның көптігін, сіңбіруге де мұршамыз болмайтынын көріп, сол күннен кейін «Кешке дейін не істейсің?» деп айтпайтын болды», – деп күледі Қанат Бекәділұлы.
2016 жылы 1 желтоқсанда, Тұңғыш Президент күніне орай Қанат Дүмшебаевтың тергеу саласына сіңіріп жатқан ерен еңбегі еленіп, мерзімінен бұрын «полиция подполковнигі» шені беріліпті. «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» демекші, біз мамандығының майталманы болып жүрген полиция подполковнигі Қанат Бекәділұлының алар асулары әлі де алда екеніне сеніммен қараймыз.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Газды пайдаланудың түйінді мәселелері

Жамбыл облысы ТЖД базасында облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен түрлі сипаттағы газ құрылғылары арқылы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған