Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Әлем чемпионатынан 5 алқа

Әлем чемпионатынан 5 алқа

Қатарында 5 полиция қызметкері бар Қазақстан құрама командасы Мәскеу қаласында өткен әлем чемпионатынан жүлделі оралды. Тәртіп сақшыларының омырауында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде.
Жеңімпаздарды Астана халықаралық әуежайынан бір топ әріптестері мен жақындары күтіп алды. Қарсы алушылардың да, жүлде иелерінің де қуанышында шек жоқ. Мәскеуде 21-23 сәуір күндері өткен қоян-қолтық ұрыстан IV әлем чемпионатына 33 елдің үздік спортшылары жиналған болатын. Елімізден Мәскеу қаласына үш төрешіні қосқанда, 19 адам барды. Бұл жолғы жарыста қазақстандық төрешілер бірінші рет төрелік жасады. Бұл да болса ел абыройының асқақтай түскені.
Сонымен жеңіс иелерімен таныс болыңыздар: әлем чемпиондары – 55 келі салмақ дәрежесінде Алматы қалалық ІІД Арнайы дайындық басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Қазбек Сағын және 65 келі салмақ дәрежесінде Ақмола облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция лейтенанты Рахметолла Сатыбалдиев.
«Бұл дода байырғы қарсыластардың бәсекесі деуге болады. Өйткені, спорттық карьерасында бірнеше рет кездесіп тұрған қарсыластар бар. Белгілі бір спортшыға арнап тактика құрған кездерім болды. Мәселен финалда кездескен ресейлік спортшыны бұрыннан білетінмін. Екеуміздің бір кездесетініміз анық еді. Сондықтан да оның ұрыстарын видеодан мұқият қарап шықтым. Тактикаларын зерттедім. Ол шымырлығы жағынан менен басымдау болуы мүмкін. Сондықтан да оны жылдамдық жағынан алуға тиіспін деп жоспар құрдым. Жоспарым сәтті іске асты. Оны өз алаңында жеңіп кеткеніме қатты қуандым. Бұл жеңісімді Қазақстан полициясының 25 жылдығына арнаймын», – дейді жеңісінің қошеметіне арқаланған Қазбек Сағын.
Қос күміс 60 келі салмақ дәрежесіндегі Алматы қалалық ІІД Арнайы жедел ден қою жасағының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ұлан Мұқашев пен 50 келідегі Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/1 мекемесінің Кесте және күзет жүйесінің бақылаушысы, әділет сержанты Қымбат Ахметтің еншісінде.
«Әлем чемпионаттарына ұдайы қатысып келемін. 2013 жылы Грекияның Солоники қаласында өткен самбодан әлем біріншілігінде 48 келі салмақта 3-орын алғам. 2016 жылы Чехияның Прага қаласында қоян-қолтық ұрыстан Еуропа чемпионатында бағымды сынға салған едім. Ол кезде күміс жүлдегер атандым. Енді міне, Мәскеу қаласына тұңғыш рет жолым түсіп, әлемдік чемпионатта АҚШ, Өзбекстан, Ресей елдерінің спортшыларымен кездестім.
Бұл жарыста ресейліктердің техникасы мықты екеніне көзім жетті. Финалда мәскеулік Ольга Бригина деген орыс қызына есе жібердім. Бірақ, болашақта шеберлігімді шыңдай түсіп, оларды да жеңе аламын деп сенемін», – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қымбат.
Әділет сержантының спортпен шұғылдана бастағанына 11 жыл болған екен. Әкесінің кеңесімен әуелі 7 жылдай дзюдомен айналысқан, онан соң самбо күресіне ден қойған. Былтырдан бастап қоян-қолтық ұрыс түрінен де бағын сынап көрмекке бекінген көрінеді. Нәтиже жаман емес.
Қымбатты ішкі істер саласына қызметке ағасы алып келген. Осы салада істейтін ағасы 2015 жылы қарындасын да қылмыстық атқару жүйесіне тартса керек. Қымбатты жеңісімен ҚАЖ комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов та арнайы шақыртып құттықтады. Жүлдегер аруға гүл мен бағалы сыйлықтар табыстап, болашақта одан да үлкен жеңістерді бағындыруын тіледі.
Ал қола медальді 55 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ақмола облыстық ІІД Арнайы жедел ден қою жасағының инспекторы Роза Искаренова иемденді. Әлем чемпионатында ішкі істер органдарының 5 қызметкері (10 жеңімпаздың ішінен) жүлдегерлер үштігіне енді.
Ерлер арасында Қазақстан құрамасы алғаш рет жүлделі бірінші орынға ие болса, жалпы есепте командамыз екінші орынды қанжығаларына байлады. IV әлем чемпионатына ішкі істер органдарынан бөлек Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері де қатысты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған