Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Ардагерлер сайысы

Ардагерлер сайысы

Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық ардагерлер Орталық кеңесі мерейтойға арналған мерекелік іс-шаралар жоспарын құрып, жүзеге асыруда. Соның бірі – ардагерлер арасында бильярдтан өткен республикалық біріншілігі.
Астанада «Достар» бильярд клубында өткен жарысқа Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан тиісті спортшы-ардаргерлер келе алмады. Орталық кеңес атынан белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғара қосылып, 14 бильярдшы додаға түсті. Сексенді алқымдап қалған Қойшекеңе қатарлас жастағы тағы 3-4 ардагер, атап айытқанда, Онтүстік Қазақстан облысынан 81 жастағы Абдуғай Бекжанов, Қарағанды облысынан 78 жастағы Оңғар Аяпбергенов, Алматыдан 79 жастағы Қабиболла Сейітов жарыстың бел ортасында болды.
Тартысты өткен дүбірлі додада қай ойыншының жеңетінін болжау мүмкін емес еді. Дегенмен де, Ақмола облысының өкілі, әрқилы республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы, 73 жастағы Марат Досқожин шеберлігімен алға шығып, бас жүлдеге ие болды. Ол I дәрежелі дипломның және «Panasonic» теледидарының иегері атанды. Сонымен қоса, Марат Ғарипұлы бір серияда 6 шар салып, тағы бір арнайы қомақты жүлде – украин шеберлерінің қолынан шыққан бильярд таяғын жеңіп алды.
Астаналық Боранбай Жарылқағанов 2-орынды, 3-орынды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Абдуғай Бекжанов пен Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданынан келген Төлеубек Қасенов иеленіп, бағалы сыйлықтарды ұтып алды.
Аталған жүлделерден бөлек, арнайы жүлделер де белгіленген болатын. «Көрермен көзайымы» атты жүлдеге лайық деп танылған жетісулық Тоқтар Есімов қылқалам шеберлерінің картинасы мен «Тонометрді» иеленді. Бұл жүлдені Астанадағы ҰОС мүгедектер Орталық госпиталінің ұжымы (директоры ардагерлер Орталық кеңесінің мүшесі Әділхан Абдулин) тіккен болатын.
Одан бөлек «Жеңіске деген жігерлілігі», «Бильярд спортына сіңірген еңбегі үшін», «Жастарға салауатты өмірді уағыздаудағы еңбегі үшін» атты арнайы жүлделер иегері болып қарағандылық Оңғар Аяпбергенов, алматылық Қабиболла Сейітов және қостанайлық Анатолий Кудрявцев танылды.
Жақсы өнерімен көзге түсіп, 5-орынды қанағат тұтқан Жамбыл облысынан келген ең жас ардагер Бағдат Дауылбаевты атай кеткен жөн.
Жарыс нәтижесін ардагерлер Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, милиция генерал-майоры Бекболат Мұқышев қорытындылап, жүлделерді тапсырды.

Мейрамбай АЙТЖАН, Астана қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған