Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Ер есімін ұлықтаған жарыс

Ер есімін ұлықтаған жарыс

Орал қаласында волейбол спортынан Орал гарнизонының әскери қызметкерлері арасында жыл сайынғы турнир аяқталды. Шаһардағы 5517 әскери бөлімінде өткен жарыс 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ІІМ ІӘ-нің 17 жауынгерін еске алуға арналды.
Туған жер үшін опат болған боздақтарға қашан да құрметіміз шексіз. Осыдан 22 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1995 жылдың 7 сәуірінде Пяндж өзененің бойындағы «Пшихвар» шатқалы арқылы жүк алып бара жатқан қазақстандық әскери топ ауған моджахеттерінің шабуылына ұшыраған болатын. Ерлік пен қайсарлықты талап еткен қарулы шайқаста қазақстандық 17 жауынгер оққа ұшып, отызға жуық адам жараланды. Осы шайқаста ІІМ Ішкі әскерінің сержанты, 1993 жылдың маусымында Шыңғырлау ауданынан әскери комиссариатқа шақырылған Радик Каймульдинов ерлікпен қаза тапты. 1996 жылдың 20 қарашасында Президентінің жарлығымен сержант Р. Каймульдиновке ІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда Шыңғырлау ауданындағы бір көше батыр ұлдың атымен аталады және ол оқыған Шыңғырлау ауылындағы мектепте арнайы даңқ бұрышы ашылған. Бұл жерде жыл сайын Радик Каймульдиновті еске алу шаралары өткізіліп тұрады.
2011 жылдың 7 сәуірінен бастап 5517 әскери базасында, қазіргі «Батыс» өңірлік қолбасшылығында дәстүрлі түрде волейбол турнирі ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын дәрежесі жоғарылаған бұл бәсекеге биыл жеті команда қатысты. Олар: Батыс Қазақстан облыстық ІІД, ІІМ ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, ҰҰ 5517 әскери бөлімі, ҰҰ «Бүркіт» арнайы жасағы, ҰҚК Шекара қызметі 2027 әскери бөлімі, Батыс Қазақстан облысы бойынша тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс-қимылға қатысушылардың одағы және ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Ардагер» ардагерлер қоғамы. Аталмыш дода опат болған сарбаздарды еске алумен қатар, әскери қызметкерлер арасында волейбол спортын насихаттау және дамыту, сондай-ақ, олардың шеберлігін арттырып, саламатты өмір салтын үлгі ету мақсатында қолға алынған.
Турнирдің ашылу салтанатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлттық ұланның запастағы подполковнигі Бақытжан Бердиев, Батыс Қазақстан облысы бойынша тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс-қимылға қатысушылар одағының төрағасы Данабек Сүлейменов сөз сөйледі. Дәстүрге айналған турнирдің мән-мағынасына тоқталып, мұндай жарыстар әскери қызметкерлерді шыңдау жолында маңызы зор екенін айтқан олар қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың соңында бас жүлдеге таласқан «Бүркіт» арнайы жасағы мен «Ардагер» командасының ойыншылары тамаша ойын өрнегін көрсетті. Сәттілік серік болған «Бүркіт» командасы шешуші сәтте айласын асырып, 1-орын алды. Оларға не бары 1 ұпай ғана есе жіберген «Ардагер» командасының волейболшылары 2-орынға жайғасты. Ал, Батыс Қазақстан облыстық ІІД командасы жүлделі 3-орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздардың барлығына кубок, грамота мен бағалы сыйлықтар берілді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Спорт та – түзеу құралы

  Сотталғандарды түзеу жолында саламатты өмір салтына ынталандыру және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында Атырау облысы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған