Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Таңдауымыз – есірткісіз әлем

Таңдауымыз – есірткісіз әлем

Кеше Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде ұйымдастырылған «Есірткісіз әлем үшін» халықаралық акциясы өтті. «Қазақстан» спорт кешенінде ұйымдастыралған акция елордадағы оқу орындарының мыңдаған студентінің басын біріктірді. Жасөспірімдер нашақорлыққа қарсылықтарын флешмоб арқылы жеткізіп, заманның залалына бірге қарсы тұруға шақырды.
Спорт сарайында өткен акцияның ашылу салтанатына Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысып, ауқымды акцияны тамашалауға жиналған жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үгіттеп, есірткінің зияны мен залалы туралы айтты. «Нашақорлық – талайдың тағдырын талқан етіп, шаңырақты шайқалтты. Есірткімен қайғы-қасірет бірге келеді. Мемлекет есірктінің кеңінен таралуына жол бермес үшін үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Дегенмен, мемлекеттік құрылымның күшімен ғана бұл зұлымдыққа қарсы тұру мүмкін емес. Осы мақсатта барлығымыз бір адамдай жұмылғанда ғана бұл зұлымдықты жеңе аламыз», – дей келе есірткіге қарсы акциядан жастар нашақорлықтың қорлық өмірге апаратын жол екенін түсінсе деген тілегін жасырмады.
ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов акцияға бір мақсатта жұмылғандар жиналып отырғанын айта келе: «Біздің ұранымыз – нашақорлықсыз әлем үшін. Есірткі әлем елдерін алаңдатып отырған мәселе. Жаһандық мәселеге айналып отырған нашақорлық кейбір мемлекеттерде жалпыұлттық сипат алды. Біз есірткісіз болашақ үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күресуіміз керек. Есірткі бизнесі – ұйымдасқан қылмыс, контрабанда, ең қауіптісі – халықаралық терроризм үшін қорек ортасы болып отыр. Бұл кесел – біздің ортақ қас жауымыз!», – деді.
Халықаралық масштабтағы акцияға Парламент мәжілісінің депутаттары, ШЫҰ Бас хатшысы, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азия үшін бағдарламасының басшылығы, қоғам қайраткерлері мен спорт саңлақтары, әртістер мен әншілер қолдау білдіріп келген. Атап айтқанда, кино және эстрада жұлдыздары – Нұрлан Әлімжанов, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, бетке ұстар спортшыларымыз – бокстан Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев, баскетболдан Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко, Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері Гюзель Манюрова және т.б. Олар жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жол сілтеді.
«Нашақорлық – бұл ғасыр індеті. Сондықтан дағ еліміздің болашағы жастар осындай жаман әдетке салынбай, бұл кеселге бірлесіп қарсы тұрайық. Арманы жоқ адамды, арманы асқақ адам басқарады. Саламатты өмір салтын ұстану арқылы жарқын болашаққа бірге адымдайық. Болашағымызға балта шаппайық! Иненің құрбаны болмай, Алланың құлы болып, ұлтыңның ұлы болыңыздар!», – деді актер Нұрлан Әлімжанов жастарға қаратып айтқан сөзінде.
Бұл халықаралық акция Қазақстанның бастамасымен өткізілгенін айта кету керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Ташкент қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі отырысында осы бастаманы көтерген-тін. Кеше Астанада бастау алған нашақорлыққа қарсы халықаралық акция еліміздің әр өңірінде өткізілді. Сондай-ақ, «Нашақорлықсыз әлем үшін» атты ұранмен басталған акция Қытайда, Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда және Өзбекстанда өткізілетін болады. Ауқымды акция аясында Астанада бұдан өзге де іс-шаралар қамтылды. Айтар болсақ, Астана қаласындағы №50 орта мектептің базасында 7-11 сынып оқушыларының арасында есірткінің тұтыну салдары мен зардаптарын жеткіншектерге жете түсіндіру мақсатында онлайн режимде интерактивтік сабақ өткізілді.
Осы күні акция Орталық коммуникациялар қызметінде ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов пен ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі департаменттің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов және ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі департаменттің аға инспекторы Риза Төлеубаеваның қатысуымен өткен брифингте қорытындыланды.
«Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің халық саны 3,5 миллиард адамды құрайды. Бұл дегеніміз – жер шарындағы адам ресурсының жартысын құрайды», – деген департамент басшысы есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге қатысты заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілетінін тілге тиек етті. Оның айтуына қарағанда, бұл заң жобасының қабылдануы – жаңа психоактивті есірткінің заңсыз айналымына заңнамалық қылмыстық шектеу қоюды жетілдіру және жеделдетуді көздейді. Бұл нормалар – есірткіні бақылаудың мемлекеттік механизмін айтарлықтай жетілдіріп, сондай-ақ, азаматтарды есірткінің жаңа түрлерінен қорғаудың тиімділігін арттырады.
ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов брифинг барысында есірткі бизнесінің өсі динамикасы мен нашақорлықтың таралу қарқынына алаңдаушылық білдірді. «Алғаш құрылған күндерінен бастап ШЫҰ есірткінің заңсыз айналымы мәселесіне басымдық беріп келеді. ШЫҰ шеңберінде ұйымға мүше мемлекеттерге тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік беретін арнайы кешенді құқықтық база құрылды», – дей келе Бас хатшы соңғы 5 жылда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден тәркіленген есірткі статистикасын алға тартты. Ол келтірген мәлеметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда ұйымға мүше мемлекеттерде заңсыз айналымнан 69 тонна героин, 350 тонна марихуана, гашиш тәркіленген. Айтуынша, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстаннан заңсыз айналымнан тәркіленген героин көлемі дүниежүзі бойынша тәркіленетін есірткінің 14 пайызын құрап отыр.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Өмірге ғашық болу немесе Логотерапия

4 қыркүйекте ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (Астана қаласы) және гарнизон психологтарының ұйымдастыруымен Ұлттық мұражайда …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған