Шеберлік сынағы

18-19 сәуір күндері Қазақстан құқық қорғау органдары мен күштік және арнайы құрылымдар арасында волейболдан «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі Төрағасының ауыспалы кубогына арналған VI жазғы салалық Спартакиада өтті.
Спартакиаданың ашылу салтанатына Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина қатысты.
Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Заманбекұлы «Динамо» спорт қоғамы ұйымдастырып отырған биылғы волейболдан салааралық спартакиада турнирі Қазақстан полициясының 25-жылдығына арналатынын атап өтті. Ол жарысқа қатысушы барлық командаға әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске жетулеріне сәттілік тіледі.
Бұл жарыста ІІМ, ҰҚК, Бас Прокуратура, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті, сондай-ақ, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті, Ұлттық ұлан, ҰҚК-нің Шекара қызметі, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті, ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі, барлығы 9 команда өзара бақ сынасты. Биылғы турнирге Қорғаныс министрлігінің командасы бірінші рет қатысып отыр. Спартакиада жарыстарына Волейбол федерациясының жоғарғы ұлттық санатынан құралған төрешілер алқасы қазылық жасады.
Турнир айналым жүйесі бойынша жүргізілді. Ұтқан командаға екі ұпай берілетін болса, ұтылған командаға бір ұпайдан берілді. Командалар әуелгіде екі кіші топқа бөлініп, әр топтан озып шыққан екі команда финалдық бөлімге өтті. Осылайша, екінші кезеңге ІІМ, ІІМ ТЖК, ІІМ МКҚБ және ҰҚК Шекара қызметі командалары шыққан болатын. Тартысты ойындар нәтижесінде финалда ІІМ мен ҰҚК Шекара қызметі командалары кездесті. Турнирдің маңдайалды командасы саналатын министрлік құрамасы намысқа тырысып, қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, ІІМ командасы кубокқа осымен үшінші жыл қатарынан қол жеткізіп отыр. Ал спартакиада шарты бойынша ауыспалы кубок үш жыл қатарынан жеңіп алған командада тұрақты қалады. Сондықтан, енді ІІМ командасы аталмыш кубоктың тұрақты иегері десе де болады. Ал үшінші орын үшін болған тартысты бәсекеде ТЖК командасы аз ғана басымдықпен қарсыластарынан басым түсті.
Спартакиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 19 сәуір күні өтті. Ерекше көзге түскен спортшылар, бапкерлер және төрешілер «Үздік шабуылшы», «Үздік ширатушы», «Үздік бапкер» аталымдары бойынша арнайы дипломдар мен грамоталар, кубоктар және құнды сыйлықтармен марапатталды.
Бұл жолғы волейбол кездесулері биылғы Спартакиада бағдарламасындағы алғашқы турнир. Қазақстан полициясының 25-жылдығына орайластырылып отырған шарада барлығы алты жарыс түрі қарастырылған. Олар – футбол, қоян-қолтық айқас, оқ ату және тағы басқалар. Ендігі жарыстар өзге өңірлерде өтетін болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Өмірге ғашық болу немесе Логотерапия

4 қыркүйекте ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (Астана қаласы) және гарнизон психологтарының ұйымдастыруымен Ұлттық мұражайда …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған