Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Полиция майоры Думан МАҒЗҰМОВ: Сәтбаев «сәләфиттердің ордасы» емес

Полиция майоры Думан МАҒЗҰМОВ: Сәтбаев «сәләфиттердің ордасы» емес

Сарыарқа сақшыларының көштен қалып, көңілден шықпай қалған кезі жоқ. Әйтсе де, әлеуметтік әлеуеті облыс орталығы болып тұрған сәтіндегіден сәл бәсеңсіп қалған Жезқазған мен оған іргелес орналасқан Сәтбаев қаласының қазіргі құқықтық ахуалынан да республикалық БАҚ хабардар ете қоймайды. Әлгі Сириядағы соғысқа аттанған сәтбаевтік 150 содырдың сорақылығынан әрі асып ақпарат таратқанымыз шамалы. Біз таяуда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында журналистер үшін «жабық тақырып» болған өңірге барып, жергілікті Ішкі істер бөліміне бас сұқтық.
Қалам-қағазын сайлап, бейнекамераның үштағанын майлап келген жаңалық жаршыларын Сәтбаев қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Думан Мағзұмов қарсы алды. Алдымен шағын шаһардың тәртібін түзеуге тәуекел еткен басшылардың бірі ретінде осы жігітпен жақынырақ танысуды жөн көрдік.
«Мен 1984 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келгенмін. 2001 жылы сол жерден орта мектепті тәмамдап, ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Заң институтына оқуға түстім. 2005 жылы ол оқу орнын жақсы бағамен аяқтап, ішкі істер органдарында жедел уәкілден бастап, криминалдық полиция бөлімшесінің басшылығына дейін әртүрлі лауазымдар бойынша қызмет атқардым. Атап айтқанда, Балқаш қаласының Ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл, аға жедел уәкіл болдым. Адам тонау, қарақшылық қылмыстарға қарсы күрес тобында, одан кейін қылмыскерлерді, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру тобында және жеке бас жайттарын анықтау шараларын жүргізетін топ құрамында жүрдім. 2009 жылы Қарағанды облыстық ІІД Криминалдық полициясы басқармасындағы тергеуден, соттан бой тасалаған қылмыскерлерді іздестіру бөліміне орналастым. 2011 жылы Шет аудандық ІІБ Криминалдық бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Ал қазіргі Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары қызметіне Қарағанды облыстық ІІД орталық аппаратынан 2014 жылдың сәуірінде ауысып келдім. Осында істеп жатқаныма қазір тура 3 жыл болды», – дейді Думан Мағзұмов.
Әрине, ол да өзге жастар сияқты оқуын бітіргеннен кейін Қарағанды қаласында қалуды мақсат еткен. Бірақ, түрлі себептермен 2005-2007 жылдары сондағы Шет ауданының Ақадыр кентінде қызмет атқарыпты. Айтуынша, ауылдың бір ерекшелігі – жедел уәкілдер әртүрлі бағытта жұмыс істей береді. Қалалық жерлердегідей, әрбір қылмыс түрлерімен арнайы айналысатын салалық топтар жоқ. Сондықтан қызметін ауылдық жерден бастаған полицей жан-жақты болып шығады деп есептейді жас маман.
Отбасылық жағдайына келсек, әкесі – мұғалім, шешесі – дәрігер, өзі – үйдегі үш баланың тұңғышы. 2010 жылы отау құрған зайыбы Гүлнар екеуі бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Өзінен кейінгі қарындасы экономика саласында, ал інісі аға жолын қуып, қазір Қарағанды облыстық ІІД-інде қызмет атқаруда.
Сұхбатымыздың негізгі салмағы жергілікті ішкі істер органы саласына қатысты болғандықтан, полиция майорымен танысып-біліскеннен кейін одан қазір Сәтбаев қаласында атқарып жатқан жұмыстарының жайын сұрадық.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша, қала аумағында 1 мың 72 қылмыс тіркелген. Ол – алдыңғы жылмен салыстырғанда, 31,1 пайызға төмен көрсеткіш. Нақтылай кетсем, бұнда 2015 жылы 1 мың 557 қылмыс орын алған болатын. Қылмыстық істердің төмендеуінінің бірден-бір себебі, 2016 жылдың басынан бастап ІІМ құрамында жергілікті полиция қызметінің құрылғандығы. Оның қызметі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, ескерту, жолын кесу шараларын ұйымдастыру болып табылады. Сондықтан, Сәтбаев қаласында ауыр және аса ауыр қылмыстар санының да төмендеуі байқалады. Мәселен, 2016 жылы сондай 92 қылмыс тіркелді. Бұл – 2015 жылы жасалған 141 қылмыстан 34,8 пайызға төмендеген айғақ. Сонымен қатар, орташа және жеңіл қылмыстар да едәуір төмендеді. 2015 жылы 942 орташа қылмыс орын алса, 2016 жылы 564, ал жеңіл дәрежедегі 112 қылмыс тіркелді», – дейді Думан Мағзұмов.
Сәйкесінше, Сәтбаев қаласы аумағындағы қылмыстарды ізін суытпай ашу қарқыны артып отырған көрінеді. Оның ішінде пәтер, автокөлік, ұялы телефон ұрлау фактілері едәуір саябырсыпты. Мәселен, былтыр осы аймақта кешенді шаралар жүргізу барысында пәтер ұрлығымен айналысып жүрген 4 топ ұсталған. Адам тонап, автокөлік ұрлауды әдетке айналдырған қылмыскерлер де бірінен соң бірі заңды жауапкершілікке тартылуда.
Енді 2017 жылғы 1-тоқсанның қорытындысына келсек, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың саны 2016 жылғы көрсеткіштен 32,4 пайызға дейін төмендеген. Мал ұрлығы бойынша 2015 жылы Жезқазған, Сәтбаев қалаларының төңірегінде 15 жайт анықталса, 2016 жылы сондай 5 қылмыс ашылған. Осылайша баукеспеліктің жолы кесіле бергендіктен болар, шаһар сыртындағы шаруалар биыл ұрлық-қарлықтан аман.
Думан Мағзұмовтың айтуынша, Сәтбаев қаласы бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, ескерту шаралары да жиі жүргізілуде. Қалалық Ішкі істер бөлімінің мамандары бұл бағытта жергілікті басқару орындарымен, діни істер бөлімімен және дін қызметі өкілдерімен бірлесе отырып, біраз жұмыс істеген. «Ол жұмыстарды біз негізінен ҚР ІІМ-нің кешенді жоспарының аясында атқарып отырмыз. Демек, кейбіреулердің бұрынғы бір жағдайды алға тартып, «Сәтбаев қаласы – сәләфиттердің ордасы» деп таратқан керітартпа сөзіне иланып қалудың қажеті жоқ», – дейді полиция майоры.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Заңсыздықтың жолы қысқа

Жамбыл облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының 1961 жылғы тұрғыны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған