Жедел жеткен жәрдем

Солтүстік Қазақстан облысында жол-патрульдік полициясы қызметкерлері ресейлік азаматтың өмірін сақтап қалды.
13 сәуір күні алыс жолға шыққан 79 жастағы ресейлік азамат эпилептикалық ұстамаға ұшырап, өмірімен қош айтыса жаздады. Рөлде отырған туысы не істерін білмей, абдырап қалады. Қуанышқа орай, дәл осы сәтте Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көмекке келіп жеткен.
«Кезекшілік кезінде «Тойота Камри» автокөлігінің жол үстінде түзу жүрмей, бірден жол шетіне жақындағанын байқадық. Көлікті тоқтатып, оның ішінде ес-түссіз жатқан жолаушыны көрдік», – дейді полиция сержанты Саят Дүйсембин.
Көлік тізгінінде отырған Ресей Федерациясы, Нижневартовск облысының тұрғыны қатты абдырап, жанындағы адамның қайын атасы екенін және мұндай жағдай бірінші рет болып тұрғанын айтқан. Полицейлер тез арада шешім қабылдап, мұның эпилептикалық ұстама екенін түсінген. Олар ер азаматты сыртқа шығарып, қажетті алғашқы медициналық көмекті жасайды. Сол жерге жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің келуін күткен.
Дәрігерлердің айтуынша, ер азаматта сол сәтте микроинсульт болыпты. «Осындай жағдайды алғаш рет көріп отырмыз. Ашығын айту керек, аздап абдырап қалдық. Бірақ, жауынгерлік және қызметтік дайындықтар кезінде бізге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретеді. Жол үстіндегі кез келген жағдайға біз дайын болуымыз керек», – дейді полиция сержанты Николай Малыш. Айта кету керек, Николай өткен жылы облыстағы үздік жол-патрульдік полиция инспекторы атанған және ІІД атынан республикалық конкурсқа қатысқан еді.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Өңір намысын қорғайды

Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай, Шығыс Қазақстанда үздік жол-патрульдік полициясы инспекторын анықтады. Байқауға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған