Басқы бет / «Сақшы» газеті / Рейд / «Қыран» тыңдап тұр!..»

«Қыран» тыңдап тұр!..»

«Қайырлы түн! Аға сержант Ким Сергей Владиславович. Құжаттарыңызды бола ма?! …Сіз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 601-бабында көзделген тәртіпті бұздыңыз. Яғни, тыйым салынған жол белгісіне бағынбай өтіп кеттіңіз. Біздің көлікке өтіңізші».
Бұл Өскемен қалалық Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік жасағының «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы аясындағы кезекті түнгі рейд кезінен бір көрініс. Көлікті тоқтату себебін заңның баптарымен шегелеп тұрып айтқанда, кім-кім де болса кінәсін түсініп, мойынсұнғандай екен. Ал қолданбалы заң баптары мен әрбір ауладағы үйлердің нөмірін бірінші кезекте жаттап алу – әр патруль жасағының бірінші кезектегі жазылмаған міндеті. Сонымен осы күні взвод командирі, полиция капитаны Темірлан Мейірбаев бастаған қатардағы полиция қызметкері, аға сержант Сергей Ким қоштаған «Қыран» экипажының кезекті рейдіне ілесіп, түнгі қаланың тынысымен таныстық.
«Қазір қоғамдық тәртіпті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейміз. Сонымен қатар, жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты да шолу жұмыстарын жүргіземіз. Кешегі күннен бері «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы басталған болатын. Сондықтан барлық күш-құрылымды осы шара аясындағы жұмыстарға жұмылдыратын боламыз. Аталған шараның ерекшелігі – аты айтып тұрғандай, құқықтық тәртіпті қадағалау жұмыстарының күшейтілетіндігі. Әдеттегі кезекшілік кезіндегідей емес, ЖАШ кезінде жаяу жасақпен қатар, жеке құрамның басым бөлігі жұмылдырылады. Тиімділігі туралы айтар болсақ, жасақтың тығыздығы артқан кезде қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалау жеңілдей түседі. Қылмыс бола қалған жағдайда экипаж оның ізін суытпай ашуға тез ден қояды. Өйткені, кішкене болса да қолы босайды. Ал одан бөлек, Елбасымыздың ішкі істер саласының алдына қойған «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру тапсырмасы бойынша жұмыстарды қоса атқаруды ұмытқан емеспіз», – дейді Темірлан Есенбекұлы.
Тәуелсіздік даңғылы бойымен Ушанов атындағы алаңға қарай беттеп келеміз. Бұл орталық көшелердің бірі. Жігіттер қоғамдық тәртіп бойынша да, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша да қадағалау жасап келеді. Рацияға да бір тыным жоқ. «Приметы записываем, рост 175 метр… Срочно направить наряд… «Қыран» жауап беріңіз…» деген сөздерден эфир тұнып тұр. Түн тыныш болса да, тәртіп сақшыларының байланыс толқынында қайнаған өмір.
Сонымен, алғашқы тәртіп бұзушыны да көзіміз шалды. Карбышев-Серікбаев көшелерінің қиылысы. «Ауди» маркалы автокөлігі айналмалы шеңбер жол қиылысында шеңберді айналып өтіп жүргенді қиынсынып, қарсы беттегі көлік қозғалысы жоқтығын пайдаланып, сол жақ бағытқа бұрылуға болмайды деген жол белгісін ескермей, кілт бұрыла кетті. Әудем жерде қозғалып кетіп бара жатқан көлік болғандықтан оған қуып жету үшін де екі-үш көше өтуге тура келді. «Мұндайда мигалканы қоспауға тырысамыз. Әйтпесе, есер біреу болса қара үзіп кету үшін жылдамдықты үдетеді де, қосымша әлек тудырады», – деп күледі қос серіктес. Жүргізуші жас жігіт екен. Басында бұлтақтап көрген, бейнекадрдан өз көлігін көрген соң, сап тыйылды. Өзінің айтуынша, асығып келе жатқан соң, қарсы бағытта көлік жоқ болғандықтан әлгі жерден бұрыла салған. Жол-патрульдік полициясының назарына ілігіп қалам деп ойламаса керек. Сонымен, хаттама толтыру профилактикалық әңгіме жүргізумен қатар өріліп отырды.
«Бұл жүргізушіге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 601-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ол айналма жолға келген кезде солға бұрылу үшін шеңберді айналып өтуі керек болатын. Жүргізуші өзінің тәртіп бұзғандығын толық мойындап отыр. Оған ең төменгі көлемде 2 жарым АЕК сомасында айыппұл салынды. Егер бір аптаның ішінде төлейтін болса, онда айыппұлының жартысын төлей алады.
Жалпы, әрбір ереже бұзушылыққа ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Біз ең ұсақ деген тәртіп бұзушылықтың өзіне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруымыз қажет. Оның үстіне, бұл жерде көлік қақтығысы көп тіркелетіндіктен, айналмалы қиылыс етілген болатын», – дейді взвод командирі.
Елу пайыз жеңілдік демекші, биылдан бастап жекелеген экипаждарға айыппұл қабылдау үшін алып жүретін терминал берілген. Forte bank-пен арадағы келісімге сәйкес жүзеге асып жатқан бұл бастама бойынша жүргізуші өзіне салынған айыппұлды хаттама толтыру барысында бірден төлеп кете алады. Яғни, 50 пайыздық жеңілдікпен жартысын төлеуге мүмкіндік бар. Төлем тек электронды түрде жүргізіледі. Терминалдан өткізуге еліміздегі кез келген банктің төлем карточкасы қабылданады. Бұл шара айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткішін біраз жоғарылатып, осы бағыттағы жұмыстардың жеңілдеуіне септігін тигізген.
«Экипажымыздың шақырту аты – «Қыран-24». Менің взвод командирі ретінде «632» деген жеке шақырту атым бар. Әр экипаж аға қызметкер және жүргізуші болып 2 адамнан құралады. Ал взвод командирі ретінде қарамағымда бүгін 9 экипаж, 3 стационарлық бекет және 2 жаяу жасақ бар. Сонымен қатар, мен олардың жұмысын рация арқылы тапсырмалар беріп, сырттай үйлестіріп отырамын. Кезекшілік барысында үш рет әр жасаққа барып, тексеріп отырамын. Одан бөлек, әскери жасақтар да бар. Бірақ, оларға «Алтай» кезекшілік бөлімі басшылық жасайды. Қазір бұл жасақтың барлығы «Құқықтық тәртіп» ЖАШ бойынша қаланың Үлбі жақ бетіне қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалауға жұмылдырылған. Әр экипаж белгілі бір учаскелік полиция пунктіне бекітілген. Мәселен, біз бүгін №15 УПП-ға бекітілгенбіз. Тәуелсіздік-Ушанов-Потанин-Серікбаев және Виноградов көшелерінің аумағында шолу жасаймыз», – дейді Темірлан Мейірбаев.
Қаланың Үлбі жақ беті бойынша көп кездесетін қылмыс түрі – көлік құралдарын тонау. Күнделікті мәліметтер топтамасы бойынша жасалатын талдау нәтижесінде бұл бағытта кешенді алдын алу жұмыстары жүргізіліп, қазір бұл қылмыс түрі ауыздықталған. Әсіресе, Бажов көшесінің бойында, Самал, Прохладное аудандарында мұндай деректер кезінде жиі тіркелген екен.
Талдау көрсеткендей қаланың Абай даңғылы жол-көлік оқиғалары жиі болатын аймақ. Әсіресе, өзен үстінен өтетін көпір маңайында жиі тіркеледі. Взвод командирі талдауға ұсақ-түйек жол-көлік оқиғалары емес, адам жарақат алған немесе кісі өлімі болған деректер алынатынын айтады. Осы деректер негізінде сол аймақты қадағалайтын экипаждарға жылдамдық өлшегіш радарлар берілген. Өйткені, ЖКО-лардың басты себебі – жылдамдықты асыру. Сонымен қоса, осы анықталған аралықтарға кезекшілік жасау қалалық батальондардың үстіне қоса облыстық батальондармен күшейтілген.
Темірлан жұмысымен таныстырып әрі рациямен тапсырма беріп отыр. Сөз арасында есірткі қолданған бір кісінің көлік айдап келе жатқандығы туралы ақпарат түсті. Құдай сақтағанда, экипаж күдіктіні байқап қалып, қуып жетіп тоқтатқан. Взвод командирінің нұсқаулық бойынша берген тапсырмаларына сәйкес, әлгі азамат облыстық наркодиспансерге жеткізіліп, одан әрі Үлбі полиция бөлімшесіне тапсырылды. «Біздің тарапымыздан әлгі азаматқа ӘҚБтК-тің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді соның негізінде есірткімен күрес қызметкерлері оны одан әрі тергейді. Есірткіні қайдан, кімнен алғаны немесе өзінің таратып жүргендігі анықталатын болады», – дейді ол.
Өздеріне тиесілі аумақты үш рет шолып шыққан экипаждың ендігі бағыты – үй-үйдің арасы, аулаішілік жолдар. Рацияға да тыным жоқ. «Алтай» байланыста. «Қыран» жауап бер. Потанина көшесі, №29 үй мекенжайы бойынша белгісіз екі ер адам бір пәтердің есігін соққылап, мазасын алуда» деп хабарланды. Темірлан да өзінің бригадасына шығып, сол маңайда жүрген жаяу, көлікті жасағын жұмсап жатыр. Өзіміз де солай қарай жол тарттық. Жігіттер аумақтағы әр үйдің нөмірін, оған кіреберіс жолдарды жатқа біледі екен. Діттеген жерге қаптатып көлік қойып тастағанына қарамастан, сығылыса өтіп тез жеттік. Біздің алдымызда жеткен УАЗ көлігіндегі «Қыран-18» жасағы әлгі екеуді көлікке отырғызып жатыр екен. Есірткі немесе алкогольді масаң күйдегі екеу түсіндіріп ештеңе айта алмады. «Бұлар куәландырылуға апарылады. Одан соң жеке бастарын анықтау үшін және тиесілі жазалары анықталғанша полиция бөлімшесіне жеткізіледі. «102» нөміріне бір әйелден қоңырау түскен. Енді учаскелік инспектордың өзі келіп сұрау алатын болады», – деді Темірлан Есенбекұлы.
Осыдан кейінгі жұмыстар рациямен түскен шақыртуларды өңдеуге арналды. Түнгі мезгілде топтанып жиналып қалатындар көп екен. Олардың қандай себептермен, не мақсаттармен жиналып тұрғанын анықтау – тәртіп сақшыларының бірінші міндеті. Космическая-Михаэлс көшелерінің қиылысындағы «Беас» дүкені алдындағы сондай бір топқа қарай бара жатырмыз. Рациядан хабарланғанындай, бірқатары ішімдік ішіп алған ересек адамдар, арасында әйелдер мен балалар да бар. Сол маңдағы жаяу жасақтың құжаттарын көрсету туралы талабын орындамай тұрған көрінеді. Жалпы саны жиырма қаралы адам. Жартысы шағын автобуста отыр. Ұзамай жеткен біздің топ барып суретке түсіре бастағасын мысы басылды ма, арасынан біреуі құжатын ұсынып жатты. Балалары жергілікті хоккей секциясына қатысатын ата-аналар екен. Балаларының командасы қалалық турнирде жеңіске жетіп, соны тойлап, дәмханадан шыққан беті көрінеді. Автобусты осы басқосу мақсатында жалға алған. Көлік жанында шулап тұрған соң, әрі көше камерасына іліккендіктен жедел басқару орталығынан оларды тексеруге тапсырма түскен. Бұл топ ересек адамдар болған соң, профилактикалық әңгіме жүргізіп, артық ың-шыңсыз тарқап кетуге уәдесін алып, одан әрі жолға шықтық.
Тапсырма болсын-болмасын, экипаж шолу шараларын бір минутқа да тоқтатпайды. Потанин көшесіндегі бір аялдамада тағы да топтанып тұрған жастарды көріп, кері қайырылдық. Құжаттарын тексердік, не мақсатпен жүргендерін сұрадық. Жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері екен. Ішімдік ішпеген, жай сөйлесіп отырғаны белгілі болды. «Қыдырып жүрміз» дейді. Мүмкіндігінше тездетіп тарқап, үйлеріне қайтуларын ескертіп, әрі қарай кеттік. Көп ұзамай аялдамада отырған бір кісіні көзіміз шалды. Сыртынан қарасаң, мас сияқты. Ол жанына келіп тоқтаған жол-патрульдік полициясының қызметтік көлігін де байқамады. Ұйықтап отыр екен. Сергейдің «Азамат!» деген сөзінен селк етіп, шошып оянды. Құжаттарын тексеріп, жанқалталарындағы заттарды шығаруын өтінгенде, қалтасынан ұялы телефон шықты. Өшіп тұр. Жігіттердің ойында «Ер адамда әдетте әйелдер ұстайтын телефон не істеп жүр? Оның үстіне өшіріп тастаған. Ендеше, ұрланған болуы мүмкін» деген күдік туды. Күдікті дереу сол маңайда орналасқан №24 стационарлы полиция бекетіне жеткізілді. Сондағы кезекшілерге тапсырылып, ӘҚБтК-тің 440-бабы бойынша құжаттары рәсімделді.
Күдіктінің көлік үстінде айтқан әңгімесіне қарағанда, 1980 жылы туған екен. Құрылысшы болып жұмыс істейді. Жұмыстан шығып, жұмыстастарымен шаршағандарын басу үшін ішімдік ішкен. Содан олармен қоштасып, енді үйіне бармаққа ойланып отырған беті көрінеді. Ұйықтап кетіпті. Біз оятпағанда қанша отырары, басқа қандай жағдайға ұрынары белгісіз еді. «Ішіп алған адам қылмыстың объектісі немесе субъектісі болып табылады. Ол өз іс-әрекеттеріне жауап бере алмайтындықтан, оны сол маңайдан өтіп бара жатқан бұзақылар ұрып кетуі мүмкін. Болмаса өзі ұрлық жасап немесе біреулерге тиісуі мүмкін. Біз өтіп кетпей көңіл аударғанымыздың арқасында оны келеңсіз жағдайлардан аман алып қалдық. Әрі бір қылмыстың болсын алдын алдық», – дейді полиция капитаны.
Стационарлы полиция пунктінде Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметте жүрген қос сарбазы да отыр екен. Өздері жеткізген кезекті тәртіп бұзушының құжаты рәсімделгенше аға қызметкерді күтіп тұрған беті көрінеді. Бірі Тараз қаласынан келген. Ішкі әскерде жүргеніне он ай болыпты. «Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтеп жүрмін. Бұрын мұндай патрульдік жасақ дегенді білмеуші едім. Енді көше тәртібін қадағалауға шыққалы, полиция қызметіне деген қызығушылығым оянды. Болашақта өмірімді ішкі істер саласымен байланыстыру туралы ойлана бастадым», – дейді ефрейтор Жақсылық Әбунасыр.
Түнгі рейдтің күндізгіден айырмашылығы – шақыртулардың, оқиғалардың көп болатындығында. Өйткені, күндіз тұрғындардың басым көпшілігі жұмыста, оқуда болады да, көшеде жүруге қолдары босай бермейді. Ал түнде бос уақыттарын өткізу, шаршағандарын басу, хабарласу мақсатымен бас қосатындар көп. Рациядан түскен хабарламалар саябырсыған тұста «Қыран-24» экипажы өз жұмысын жоспар бойынша жалғастырды. «Енді қадағалауда тұрған нүктелерімізге барамыз. Олар жиі қылмыс болатын, төбелес болатын жерлер. Әсіресе, ойын-сауық орындары. Талдау бойынша анықталған ондай жерлерге бір жасақты тұрақты қойып қоямыз. Олар оқыс жағдай бола қалса, жанынан табылу үшін белгілі бір мерзімге сол жерде кезекшілік етеді. Мәселен, сондай орындардың бірі – Амурская көшесіндегі қалтарыс аулада орналасқан «Нота» дәмханасы», – дейді жолбасшымыз. Қадағалау нүктесінде жаяу патруль жасағының кезекшісі, Өскемен қалалық ІІБ Техникалық қызмет бөлімінің қызметкері, кіші сержант Қазбек Атымханов тұр екен. Бізді көрген беттен взвод командиріне келіп, қолын шекесіне апарып, өзін таныстырып, сол жердегі жағдайды баяндап жатыр. Бүгін бір жағы жұмыс күні болғандықтан шығар, дәмханада адам аз, жағдай тыныш. Мұндағы жұмысымыз профилактикалық әңгіме жүргізумен шектелді. Кезекшілікте тұрған екі адамдық жасаққа басқа тапсырмалар беріліп, өзге қадағалау нүктелеріне жіберілді.
Әрине, тәртіп сақшыларының түнгі қызметіне қанығу үшін олармен бірге түнұзақ шаба беру шарт емес. Осы өткен үш сағаттың өзінде түнгі қаланың тіршілігін терең танып-білуге мүмкіндік туды. Осылайша, қанатын кең қомдаған «Қыран-24» экипажының қырандай жігіттерімен қолымызды шекемізге апарып, құрмет танытып қоштастық. Өз мамандықтарын, әскери қызметті жан-тәнімен сүйетін азаматтар екен. Еңбектеріне риза болдық. Қала тәртібінің тізгіні осындай жігіттердің қолында тұрғанда тұрғындардың түн ұйқысы тыныш, күндіз күлкісі дұрыс болмақ. Менімен қол алысып қоштасып, бас изеп болып, Темірлан жедел рацияға жауап беріп жатыр. «Қыран» тыңдап тұр!..». Осы сөз құлағымда қалып қойды. Экипаж мінген «Шкода» автокөлігі кезекті шақыртуға көз ұшында жедел ұзап бара жатты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Жедел шара жалғасуда

Жергілікті полиция қызметі «Түнгі қала» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында кезекті рейдін өткізді. Шара барысында 125 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған