Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Ел Ержанын ұмытпайды

Ел Ержанын ұмытпайды

Ерліктің ел есінде мәңгі қалатыны жазылмаған қағида. Адамдарды аман алып қалу үшін өмірін қию – ерліктің ең биік шыңы. Қарулы қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ержан Ахметов те әріптестерінің жүрегіне есімін алтын әріппен жазып қалдырған қаһарман сақшы.
Жуырда Талдықорған қаласында Алматы облыстық Ішкі істер департаменті «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгері Ержан Ахметовті еске алуға арналған самбо жарысында әріптестері өмір мен өлім бетпе-бет келген кезде ажалдан қаймықпай, артында тұрған әріптестерін қарақшының оғынан қорғап қалған батыл жауынгер туралы естеліктер тиегін ағытты. 2013 жылдың маусым айының тамылжыған таңында атылған оқ қырықтың қырқасына енді ғана ілінген капитанның өмірін қиып түскені жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Ең бастысы – сол бір ажалмен таласа атқан таңды Ержанмен бір сапта қызмет атқарған әріптестері ешқашан ұмытпайды. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі ұйымдастырған самбо жарысына облыстық, қалалық және аудандық саладағы полиция қызметкерлерінен құралған 20 команда қатысты. Аталған жарыстың ерекшелігі – полиция капитаны Ержан Ахметовтің бейнесі салынған Кубок болды. Жарысқа қатысушылар әріптестері бейнеленген кубок пен «Арлан» бөлімшесінің белгісі бар медальдарды жеңіп алу үшін сайысқа түсті.
Жарыс қорытындысында Жедел әрекет ететін арнайы жасақ жауынгерлері басты жүлдені жеңіп алса, екінші орын Күзет қызметі басқармасының командасына бұйырды. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің командасы үшінші орынды иеленді.
«Самбо – полиция қызметкерлерінің ептілігі мен жылдамдығын дамытатын спорт түрі десек, бүгінгі жарысқа қатысушылар өз мүмкіндіктерін толық танытты. Әсіресе, 74 және 90 келілік салмақта жарысқа түскен Жедел әрекет ететін арнайы жасақ жауынгерлері Елтай Макеев пен Жәнібек Дүйсенбаевтың шеберлігі көңілден шықты», – дейді жарыс жеңімпаздарына жүлде тапсырған облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Келгенбаев.
Жарысқа құрметті қонақ ретінде шақырылған Ержан Ахметовтің бауыры, полиция қызметкері Сержан Ахметов те жарысты ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын жеткізді. «Менің бауырым Ержанның құрметіне арналған бұл жарыс біздің отбасымыз үшін ерекше қуаныш. Әрине, арамызда кеше ғана жарқылдап жүрген Ержанның орнын ештеңе толтыра алмаса да, әріптестерінің оны ұмытпай әрдайым ерлігіне бас иіп жүретініне қуанамыз. Бүгінгі турнирге қатысушылар өздерінің шеберліктері мен ептіліктерін кез келген қылмысқа қарсы күресте шебер қолдана алатын жауынгерлер. Мен олардың қиын да жауапты жұмыстарына жеміс тілеймін», – деді ол.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Журналистер жарысқа түсті

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың имиджін көтеру, дәріптеу мақсатында және Журналистер күнін мерекелеу аясында Шымкент қаласы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған