Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Әлемді алаңдатқан мәселе

Әлемді алаңдатқан мәселе

Таяуда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі өкілеттілікке ие құзыретті орган басшыларының жетінші Кеңесі өтті. Кезекті Кеңес отырысына қатысушы тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі есірткі ахуалы, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, нашақорлыққа қарсы ведомстволардың өзара іс-қимылын нығайту мәселесін талқылады.
Кеңес отырысына төрағалық еткен Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтық ұйымы ұсынып отырған шексіз мүмкіндіктер жайлы айтып өтті.
«ШЫҰ-ның осы ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық мәселелердің шешімін табудағы тиімділігін айтпағанда, көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған есірткінің заңсыз айналымы мәселесін шешуде үлесі орасан. Есірткінің заңсыз айналымы – жаһанды алаңдатқан мәселе. Соңғы жылдары әлемнің көптеген мемлекетінде кеңінен етек жайған есірткі бизнесі түр-сипатын өзгертіп, оның қатары синтетикалық, органикалық есірткі заттары сияқты жаңа зиянкес қоспалармен толықты. Есірткінің ұйымдасқан қылмысына қарсы күрес, елімізге есірткі жеткізетін арналардың және халықаралық саудасының жолын кесу келісілген іс-қимылды талап етеді», – дей келе генерал-майоры Рашид Жақыпов бұл форматтағы отырыс ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында есірткіге қарсы күресті нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі департаменттің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов бұл отырыс есірткі бизнесімен күресті жүргізетін уәкілетті органдардың өзара әрекеттестігіне жаңаша леп беретінін айтты. «Бүгінгі күні біздің мемлекеттеріміздің арасында ШЫҰ-ның 2015 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып отыр. Бұл – ұйымның әлеуетін арттыруға және нығайтуға әрі қазіргі заманның зауалына дер уақытында ден қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл құжатты антинаркотикалық салада әріптестікті нығайту қажеттілігі де көрсетілген. Әсіресе, есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуде бірлескен операциялар жүргізу басты назарға алынған», – деген Сұлтан Тұрлыұлы Қазақстанның есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізіп отырған саясаты туралы баяндады. Есірткінің халықаралық саудасына қарсы тұру мақсатында антинаркотикалық ведомстволар арасында өзара тәжірибе алмасуға негізделген кездесулер ұйымдастырылып отырады. Атап айтқанда, өткен жылы Ресей ІІМ-мен, ал 2015 жылы Қырғызстан ІІМ-мен бірлескен алқа отырысы өткізілген. Өз сөзінде департамент басшысы елімізде есірткі таралымының өршуіне алып келіп отырған негізгі фактор – оның Ауғанстаннан тасымалдануы екенін атап өтті.
Одан әрі отырысқа қатысушы мемлекеттердің мүдделі органдарының басшылары есірткі бизнесімен күрестің тиімді тетіктері туралы баяндады. ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Есірткіге қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Вэй Сяоцзюнь есірткіге қарсы күресте ШЫҰ-ның рөліне айрықша тоқталды. «ШЫҰ соңғы 16 жыл аралығында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі міндеттерді қамтамасыз ету, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету және ізгілік ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бүгінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге жаңа қауіп-қатер төніп тұр. Соңғы 5 жылда Қытай үкіметі жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі профилактикасына көп көңіл бөле бастады. Сондай-ақ, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалту үдерісін күшейтті. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының жүздеген қызметкерін оқыту операциялары өткізілді. 2015-2016 жылдар аралығында Қытайда бар-жоғы 825 мың есірткі қылмысы ашылған болатын. Осы жылдары 940 мың адам есірткі қылмысын жасады деген күдікке ілінді», – дей келе бір дөңгелек басына жиналғандардың ортақ мүддесі – келер ұрпақтың келешегіне балта шабатын кеселді түп-тамырымен жою екенін айтты.
Қырғыз Республикасы ІІМ Есірткінің заңсыз айналымымен күрес қызметінің бастығы Азамат Араев ел аумағындағы есірткі ахуалы туралы ақпараттандырды. «Республикамызда есірткінің кеңінен таралуына әсер етіп отырған бірден-бір себеп – Ауғанстанда есірткінің өндірілуі, сондай-ақ, елімізде жабайы қара сора түріндегі есірткінің шикізат базасының болуы. Бұл факторлар халықтың денсаулығына, есірткі қылмысы мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа салқынын тигізіп отыр. Соңғы бірнеше жылда денсаулық сақтау мекемелерінде тіркелген есірткіге тәуелді адамдардың саны сәл кеміді. Айтар болсақ, Қырғызстанда 2016 жылы есепте тұрған есірткіге тәуелді есірткі құмар адамдар саны 8541 құрады. Бұл сан 2011 жылы 10000-нан асып жығылған еді», – дей келе Азамат Мұратұлы есірткіге еліткен жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс жолға қойылғанын айтып өтті. Оның айтуына қарағанда, Қырғыз Республикасы аумағында есірткі қылмысына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы күресті барлық күш құрылымдары, атап айтқанда, ішкі істер органдары, қаржы полициясы, кеден қызметі, шекара қызметі, ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізеді екен.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы дәстүрлі ашық және достық қарым-қатынастарға негізделген отырыс қортындысында тараптар есірткі айналымын бақылаудың халықаралық жүйесін қолдау және сақтау қажеттілігі, сондай-ақ, өңірдегі есірткі ахуалын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау туралы келісім жасады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Заң бұзғандарға жаза қатайтылады

ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі бойынша …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған