Басқы бет / «Сақшы» газеті / Ардагерлер / Үш қызына үлгі болған…

Үш қызына үлгі болған…

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Ал Жезқазған қаласында ішкі істер органдары саласында тура 25 жыл қызмет атқарған ақсақал тұрады. Аты-жөні – Ахмедия Молдақұлов. Алайда, ол полиция емес, милиция болған…
Өзінің айтуынша, ақсақал биыл 79 жасқа толады. Отбасын құрғанына 53 жыл болыпты. Бүгінде жары Жұмакүл Айтымбетова екеуі 9 баладан 22 немере мен 8 шөбере сүйіп отыр.
«Екі ұлым бар еді. 2003 жылы екінші ұлым қайтыс болды. Одан қалған екі бала қазір Сәтбаев қаласында тұрады. Өзім үлкен ұлымның қолындамын. Одан кейінгі 7 баламның бәрі – қыз. Жалпы, бұлардың 9-ы да жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген. Бір қызым Сәтбаевта, кенжем Астанада, қалғандары түгел Жезқазғанның өзінде тұрып жатыр», – дейді Ахмедия ақсақал.
Молдақұловтар отбасында әке жолын сол Сәтбаев қаласында тұратын қызы мен Жезқазғандағы 6-шы қызы қуып, бірі полиция қызметінен зейнетке шықса, екіншісі Жезқазған қалалық Ішкі істер басқармасындағы жұмысын әлі жалғастырып жатыр екен. Ақсақалға жолығу үшін арнайы үйіне іздеп барғанымызда, бізді нысандық киімдегі ортаншы қызы қарсы алды. Полиция династиясын бір парықтап алу мақсатында оны да сөзге тарта отырдық.
«Мен 1979 жылы дүниеге келгенмін. Жезқазған қалалық Ішкі істер басқармасында қызмет атқарып жүргеніме биыл 10 жыл толып отыр. Мұндағы жұмысымды алдымен Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеден бастадым. Қазір қабылдау тарапында инспектормын. Жақында майор шенін аламын. Алдыма әкемнің жолын қуып, қызметімді бұдан әрі жалғастырып, осы жерден зейнетке шығамын деген мақсат қойғанмын. Екі баламның үлкені биыл мектеп бітіреді. Екіншісі әлі кішкентай», – дейді Нұргүл Ахмедияқызы.
Ал 1965 жылы туған Бақытгүл Ахмедияқызы полиция қызметінен зейнетке таяуда ғана шығыпты. Жергілікті түрмеде 15 жылдай қызмет атқарған ол – 3 баланың анасы. Одан кейінгі қыз да заңгер мамандығы бойынша білім алып, қызметін сол салада жалғастырып жатқан көрінеді. Осы орайда, бізді үш перзентіне үлгі болған әкенің өзі кезінде қандай міндеттерді атқарғаны қызықтырды.
«1965 жылдан бастап Қарағанды облысы Жезді ауданының Жетіқоңыр және Партсъезд кеңшарларында участкелік милиция, паспорт үстелінің бастығы қызметтерін атқардым. Содан 1990 жылы зейнетке шықтым. Бір айта кетерлігі, біздің сол жас шағымызда учаскелік милицияға барлық қызмет жүктелетін. МАИ-дың да, тергеушінің де жұмысын істеп жүрдік. Ара-тұра кісі өлсе де, оны өзің іздеуің керек. Мойнына жүктелген сондай міндеттеріне сай, милицияның қадірі бар еді. Жалғыз өзім екі кеңшардың ортасында шапқылап жүріп жұмыс істеген жылдары бір адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ. Бәрі тәртіпті болған. Тек 15 күнге қамалып шыққан бірді-екілі жігіттер болмаса, ешкімді түрмеге отырғызған емеспін», – дейді ол.
Шын мәнінде, осылайша бір аудандағы екі елді мекеннің арасын соқпақ еткен әмбебап сақшының қызметтік көлігі де болмаған. Оқыс оқиға орын ала қалса, оның бірінен екіншісіне жету үшін кеңшар директорына хабарласып, соның көлігіне қарайлайды. Бұл жөнінде бізге ақсақалдың зайыбы айтып берді.
«Басынан бастасам, мен 1946 жылы Қызылорда облысында дүниеге келгенмін. Мына аталарың мені Қарсақбай кентіндегі шешемнің төркініне келгенімде, яғни 17 жасымда алып қашқан. Ол кезде өзі 24 жаста еді. Бір-бірімізді мүлдем білмедік демеймін енді. Алғаш таныстығымыз ауруханада басталған болатын. Нағашымның үйін әктейміз деп езіп отырған ашутас атылып, бетіме жабысып күйдіріп тастады да, содан әлгі ауруханаға түстім. Бұл кісі де екі саусағын оқыстан тоқ ара жүзіне түсіріп алған екен… Содан не керек, осында тұрақтап қалып, 70-жылдары Қарсақбай мыс зауытында жұмыс істедім. Күйеуімнің қызмет бабына орай, үнемі Партсъезд, Ұлытау, Жетіқоңыр аралығында көшіп-қонумен болдық. Бұл кісі екі кеңшарға жауапты жалғыз-ақ милиция болғандықтан, жедел шақыртумен анда-мында жүреді. Бізге қарауға уақыты жоқ. Тіпті, ол кезде ұрлық, бұзақылық жасаған адамдарды қамайтын жер де болмаған. Қылмыскерді үйге алып келіп, екеуі бір бөлмеде жататын. Себебі, ауылдық кеңес өкілдері клубта жиналыс ашады да, үкімін біздің үйге келіп шығарады. Солардың алдына тамақты подноспен тасып, даяшының қызметін атқарғанмын», – дейді Жұмакүл Тасболатқызы.
Қос қария әңгіме барысында бірін-бірі толықтырып, жастық шақтарын ерекше сезіммен еске алысып отырды. Ақ жаулықты ананың айтуынша, 9 баласының арасы бір-екі жастан ғана екен. Ата-анасының жұмыстан қолы тимей жүргенде, соның бәрі ештеңеге ұрынбай, бір-біріне қамқор болып өсіпті.
«Осылардың бәрінде үш-үштен диплом бар. Кенже қызым мен күйеуі «Болашақ» бағдарламасымен оқып, Нью-Йорк, Чикагода болып келді. Олар оқып жүргенде, баласын алып қалып, бес жасына дейін бағып бердім. Сол қызыма: «Сенің арманың жоқ. Шетелге шығып келдің. Ал мен мына тұрған Қарағанды мен Алматыны да көрген жоқпын» деп қалжыңдаймын», – дейді кеңестік кезеңнің ауыртпалығын арқалаған ана.
Сол сәтте ақсақалдың да көңілінде бір кірбіңнің барын аңғардық. Мәселен, оның кәрі кеудесінде КСРО милициясының 10, 15 және 25 жылдықтарында таққан ескі медальдары жылтылдайды. Ал біз олардың қатарынан Тәуелсіздіктің таңындай жарқырап тұратын өз орден, медальдарымызды көргіміз келген…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Сексен жыл сөнбеген шырақ

Елордамыздың тұрғыны, 92 жастағы Әминаш әжей 1937 жылы «халық жауы» деп атылып кеткен әкесі Кеңжасар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған