Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Ұрпақтар ұлағаты

Ұрпақтар ұлағаты

Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Тек өзіндік дәстүрге берік отбасы ғана бір саланың қыр-сырын меңгеріп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Әсіресе, қым-қуыты көп құқық қорғау саласында әкеден балаға, атадан немереге берілер тәлім мен тәжірибенің бағасы өлшеусіз.
Бүгінде Алматы облыстық ІІД полицейлер династиясынан кенде емес. Саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған ардагерлердің немерелері ата жолын жалғап, Отан қорғау қызметінде ел тыныштығының қорғаны болып жүр. Уақытпен санаспайтын мамандық иелері – дауылдарға, жауындарға қарамай қызмет етеді. Бір саланың пұшпағын илеп келе жатқан әулеттің ізін жалғастыру үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Ішкі істер саласында талай жылдар тер төккен әке соңынан ерген ұрпағы, үміт еткен ұлы оның ізін жалғастырғанын армандамай тұрмас. Бір әулеттің бірнеше ұрпағы ішкі істер органдарында қызмет еткен отбасыларда абырой биігі, қызметке адалдық, патриотизм туралы түсінік тереңде жатады. Мұндай әулеттердің ізін жалғастырушыларға қызметке құрмет, борышқа адалдық, мамандыққа мойынсыну бала жастан беріледі.

Өскембаевтар әулеті
Полиция династиясы – Өскембаевтар әулетінің үшінші буыны полиция сержанты Нұржан Төлеуханұлы Алматы облыстық ІІД Жол-патрульдік полиция ротасында атадан қалған қызметті абыройлы атқарып жүр. Қарулы күштер қатарында 2008-2009 жылдары Отан алдындағы борышын өтеген Нұржан ішкі істер органындағы қызмет жолын 2012 жылы Алакөл аудандық ІІБ патрульдік полиция тобының полицейі лауазымынан бастаған. Оның атасы милиция капитаны Естібай Өскембаев 1942 жылдың қараша айынан бастап Ұлы Отан және Жапон интервенттерімен болған соғыстарға қатысып, 1950 жылдың шілде айында әскерден оралған. 1960 жылдың маусым айынан бастап Қазақ КСР-і ІІО Қызылбалық ауылдық кеңесінің учаскелік аға инспекторы болып қызмет атқарады. Жылдар бойғы жұмысының жемісін көріп, 1975 жылы «Үздік учаскелік инспектор» атанған. Араға 9 жыл салып, яғни 1984 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Ал Нұржан Өскембаевтың әкесі Төлеухан Естібайұлы ішкі істер органдарындағы қызметін 1982 жылы Бөрлітөбе аудандық атқару комитеті Ішкі істер бөлімінің милиционері қызметінен бастайды. Еңбек жолын одан әрі 1991 жылы Қаратал аудандық ІІБ учаскелік милиция инспекторы болып жалғастырады. Үздік учаскелік инспектор атанған Төлеухан Естібайұлы да қазіргі күні құрметті зейнеткерлік демалыста.
Ата мен әке салған сара жолды жалғастырушы Нұржан жас та болса өзіне жүктелген әрбір іске асқан жауапкершілікпен қарайды. Басшылық тарапынан да үлкен марапаттауларға ие болып жүр. Атап айтқанда, Ішкі істер министрінің, облыстық ІІД бастығының алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталған. Әке мен баланың салаға сіңірген еңбегі ескеріліп, Жол-патрульдік полициясының 80 жылдығына орай Төлеухан Естібайұлы «Ардагер» медаліне ие болса, оның жолын қуған есті ұлы Нұржан «Жол-патрульдік полициясына 80 жыл» төс белгісімен марапатталған. Қауырт қызметтің туын жықпай жүрген қағылез жігіт Нұржан өз сөзінде: «Уақытпен санаспаймын, өз ісімнен ләззат аламын», – дейді қарапайым қалпынан таңбай. Отанына қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтқан Өскембаевтар династиясының жалғастырушы Нұржанның өресі биік азамат екенін осыдан-ақ аңғардық.

Жұлыновтардың жалғасы
Облыстық ІІД департаментіндегі династиялардың тағы бірі – Жұлыновтар әулеті. Бұл полицейлер династиясының тарихы тереңге тартқан. Жұлыновтар әулетінің іргетасын қалаушы – Жұлын Кәрібаев. Ол 1909 жылы Алматы облысының Қаратал ауданына қарасты 1 мамыр ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың желтоқсан айында Қызыл әскер қатарына шақырылған. 1941-1944 жылдары соғысқа қатысып, 240-шы атқыштар дивизиясының 842-ші атқыштар полкінің танкілерге қарсы ротасының бөлімше командирі болған. Украина майданында ұрысқа қатысқан Жұлын Кәрібаев 1927-1941 жылдар аралығында Ішкі Істер Халық Комиссиариатында қызмет атқарған. Алматы облысы, Қаратал аудандық ІІБ милиционері лауазымын атқарған милиция кіші сержанты Жұлын Кәрібаев 1944 жылы 31 қаңтарда қызмет бабында алған жарақаттан қайтыс болады. Жұлыновтар полиция династиясының бастауында тұратын ол «1 дәрежелі ҰОС» орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Украина Республикасының неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 60 жыл» медальдарымен марапатталған.
Жұлыновтардың ішкі істер органдарындағы династиясын кейінгі ұрпақ – Қайрат, Асқат, Мақсұт Жұлыновтар жалғастырып әкетті. Ата жолын қуған азаматтар бүгінде қоғам қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қорғау қызметін қалтқысыз алып жүр. Ал ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет етіп жүрген тәуелсіздіктің төл құрдасы Бақберген Мақсұтұлы – Жұлыновтар әулетінің жалғастырушы көпірі. Бүгінде полиция аға сержанты Бақберген Мақсұтұлы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қарасты 2-полиция батальонында (Үштөбе қаласы) қызмет етуде.
«Полиция қызметкері болуды үлкен абырой санаймын. Жұлын атамды көзіммен көрмесем де, оны әкемнің айтқанынан білемін. Бала кезімнен әкем мен ағасы екеуі полиция формасын киіп, жұмысқа кететіндеріне қарап, қызығып өстім. Содан да болар, ата мен әке жолын қуып тәртіп сақшыcы болдым», – деді өз сөзінде Бақберген Жұлынов.

А. ЖАНДӘУЛЕТОВА, Алматы облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Жігерлі маманның жетістігі

Қарағанды облысының Шет ауданы – соңғы 15-16 жылда екі аудан біріктіріліп, шаруашылықтары кіріктіріліп, еңсесін тіктеген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған