Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Тасқынға тас-түйін дайындық керек

Тасқынға тас-түйін дайындық керек

Елордамызда су басуы мүмкін 37 учаске бар. Қаупі ең жоғарысы – Есіл ауданына қатысты аумақ. Яғни, Есіл өзені тасығанда қызыл су жайылып кетуі мүмкін. Сондықтан да, Астана қаласы ТЖД басты назарды осы жерлерге салып отыр.
Әрине, бұл өзге аудандар күте тұрады деген сөз емес. Су шаюы мүмкін жердің 11-і елорданың Сарыарқа, 18-сі Алматы, ал қалған 8-і Есіл ауданына қатысты. Мұндағы ахуалдың қалай өрбуі мүмкін екендігіне біз төтенше жағдайлар қызметкерлері өткізген су тасуға қарсы шаралар аясындағы кезекті рейді кезінде қанықтық. Мұндай рейдтерді аудандық бөлімдер күн сайын жүргізетін болса, Астана қалалық ТЖД қызметкерлері аймақты шолып қайтуға аптасына екі рет шығады. Бұл шолулар туралы олар әр аптаның бейсенбісінде өтетін Астана қалалық штабта есеп береді. Ал қажет жағдайда штабтың шешімімен қаланың тиісті қызметтері қаупі жоғары жерлерді кеңінен зерттеп, су тасқынына қатысты шаралар қабылдау үшін көшпелі жиын өткізіп, сол жерлерге комиссиялық мақсатпен барады.
Кезекті рейдтің бағдары мен барысын Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркін Отарғалымұлы және Есіл ауданы ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Есен Байыров түсіндірді. Тоқтаған алғашқы нүктеміз – Газаппаратура, Юбилейный саяжайлары шектесетін Ш. Бейсеков көшесі бойындағы көпір тұсындағы су айдыны. Мұз көбесі сөгіліп, өзен айдыны түгелдей дерлік ашылған. Деңгейі айтарлықтай көтерілмесе де, су көпір астынан қазылған ені алты метрлік арнамен қатты арынмен ағып жатыр. Түсіп кеткен адамды ағызып әкеткендей. Есіл ауданы ТЖБ бастығы Есен Әлмұхамедұлы арнаның орны бұрын екі метрлік қана жылға болғанын, соның тарлығынан су осы жерге келгенде маңайындағы саяжайларға жайылып кететіндігін айтады. Ал азаматтық қорғау майорының айтуынша, бұл жұмыстардың ауқымы бұдан да кеңірек көрінеді.
«Еліміздің көп өңірлері үшін 2015 жылдың қыс-көктемгі маусымы табиғи апаттардағы кем-кетіктерді анықтап алуға берілген мүмкіндік болды. Сол уақыттар қатты су тасқынымен есте қалған еді. Бұл кезеңнің Астана қаласы үшін де осы бағыттағы жұмыстардың ұрымтал тұстарын пысықтап алуға көмегі тиді. Сонда жасалған қыруар шаруалардың нәтижесінде бүгінде Есіл өзенінің өткізгіштік қабілетін арттыру қажет тұстар анықталып, су арнасын кеңейту, тереңдету жұмыстары жүргізілді. Болуы мүмкін су шаю оқиғаларының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар дайындап шығару мақсатында қала әкімі «Астана қаласы аумағында 2017 жылға арналған көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық бойынша шаралардың кешенді жоспарын» бекітті. Онда су тасқынына қарсы сақтандыру және инженерлік-техникалық сипаттағы 215 іс-шараның жүзеге асырылуы қарастырылған. Соның ішінде Астана су қоймасы (Вячеславский су қоймасы) мен Астана қаласы аумағында орналасқан гидротехникалық нысан – контрреттегіштің қауіпсіз жұмыс режиміне, Есіл өзенінің қала аумағынан көктемгі суды қауіпсіз өткізуге, солтүстік жағалау алабындағы (Үркер, Қараөткел ауылдарын қоса алғанда) бұрыннан бар судан қорғау бөгендерін нығайтуға және Майбалық көліндегі су тасқынына қарсы шараларға басты назар аудартылды», – дейді Еркін Отарғалымұлы.
Рейд барысында соққан екінші нысанымыз – Үркер елді мекеніндегі дамба үйінділері. Бұрыннан бар топырақ үйінділері жел жеп, су шайып, біраз шөгіп қалған екен. Қатты ағын су келетін болса, төтеп бере алмайтыны сезілген соң, ТЖ басқармасы штаб отырысында осы бөгенді қайта бекітуге ұсыныс берген. Бұл дамбалар Үркер, Қараөткел елді мекендерінің айналасында және «Құлагер», «Жағалау», «Шығыс» тұрғын үй кешендерінің сыртында орналасқан. Мұндағы жұмыстар бүгінде толықтай аяқталған. Ұзындығы 20 шақырымды құрайтын дамбаның міндеті тұрғын үйлер алабына сырттан келетін қар суын, жер асты суларын жібермеу болса, осы аумақтағы су жайылуға қатысты ендігі бір проблема кіші Талдыкөлмен байланысты. Яғни, қазіргі Талдыкөлдің Орынбор-Тұран көшесі жақ бетінде қаланың нөсер суы, еріген қар суы келетін құбыр және жер асты сулары көтерілетін аумақ бар. Картадан қарасаңыз, Талдыкөлдің осы қолтығы кішкене көлшіктерге толы. 2015 жылы бұл су тасып, Сығанақ (қазіргі Орынбор) көшесіне дейін жайылып кеткен болатын. Төтенше жағдайлар қызметі мен сол аумақтағы құрылыс компанияларының біріккен жедел іс-әрекетінің арқасында төтенше жағдай қысқа уақытта ауыздықталған. Мамандар алдағы уақытта бұл жерде мұндай сулардың ізі де қалмайтынын айтады.
«Қазір қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақта бұл мәселе коллектор салу арқылы шешілетін болды. Былайша айтқанда, мұнда жиналатын сулар енді қазіргідей жер үстінде жатпайды. Нөсер арықтары арқылы коллекторға құйылып, онымен Талдыкөлдің өзіне, одан әрі сүзілген су Есіл өзеніне ағызылып жіберілетін болады. Қазір коллектордың құрылысы жүріп жатыр. Диаметрі екі метр болатын ұзын құбырлар 6 метрдей жер астымен төселуде. Бұл аумақтағы үйлер пайдаланылуға тапсырылып, мұнда тұрғындар келгенге дейін бұл мәселе шешімін таппақ», – дейді азаматтық қорғау майоры Еркін Отарғалымұлы.
Мамандар Астана қаласы үшін қардың көп бөлігі еріген наурыз айының аяғы, сәуір айының басында ауа райы өте қолайлы болды. Түнде -150С градусқа дейін төмендеп, күндіз 0, + 20С дейін жылып тұрған ауа райы ағын сулардың бірте-бірте еріп, ағып кетуіне септігін тигізді. Яғни, табиғаттың өзі суды жіберіп-ұстап, су көлемі мен режимін өзі реттеп тұр. Соның арқасында өзен-көл арналары кілт толып кетпей, тасқынға алып келетін су қоры жиналып жатқан жоқ. Сондықтан да, аяқ астынан шектен тыс бір қатты нөсер болып, су деңгейі көтерілмесе, Астана қаласына биыл судан келіп тұрған қауіп жоқ екен. Оған біз рейдіміздің кезекті нүктесі – контрреттегіш гидротехникалық нысанына барған кезде көз жеткіздік. Өйткені, осыншама аумақты, соншама көлемді алып жатқан бұл нысан мүлдем бос екен.
Астана қаласын көктемгі тасқын сулар басып кетпеуі үшін елордамыздың шығыс жақ бетінен Есіл өзенінің сағасынан 2003 жылы тұрғызылған бұл нысанның аумағы 150 шаршы шақырымды, шарасы 450 млн текше метрді құрайды. Гидронысанның қызметі – тасыған суларды ішінара жинақтап, сирек жинақталатын су көздерінің шығындалуын азайту, ал ең басты мақсаты Астана су қоймасында (Вячеславский су қоймасы) орын алуы мүмкін гидродинамикалық апаттар салдарынан қаланы қорғау, жинақталған суды Есіл өзені арқылы қала аумағынан қауіпсіз өткізіп жіберу. Естеріңізде болса, бұл жоба Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласын дамыту және қала құрылысын жүргізу жөніндегі жиында берген тапсырмасы бойынша тұрғызылған еді.
«Астана қаласын су тасу кезеңінде Есіл өзенінің ағын суларынан қорғау мақсатында екі деңгейлі қорғаныс қабаты қарастырылған. Оның ең біріншісі қаладан 30 шақырым жердегі Астана су қоймасы (Вячеславский су қоймасы). Стратегиялық нысан боп саналатын су қоймасының жалпы аумағы 410 млн текше метрді құрайды. Биыл біз Қарағанды облысы жақ беттен келетін су болса, соны ұстап қалу үшін оның науасының 135 млн текше метр көлемін бос ұстап отырмыз. Алдын ала болжам бойынша, көктемгі су тасу кезеңінде Есіл өзені арқылы өтетін су көлемі – Астана су қоймасы бойынша 130-210 млн. текше метр құрайды.
Ал екінші қорғанымыз – ол осы контрреттегіш. Оның науасы 450 млн текше метр. Ал су сиятын биіктігі 8 жарым метр. Көріп отырғанымыздай, бұл нысанда су жоқ. Сондықтан да, биыл 500 млн текше метрден астам су көлемін қабылдауға мүмкіндігіміз бар», – дейді Есіл ауданы ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Есен Байыров.
Су тасу маусымында басты назарда болатын нысандардың тағы бірі – Майбалық су қоймасы. Астана Халықаралық әуежайының сыртында орналасқан бұл көл су ағып кететін табиғи арналары жоқ тұйық айдын. Контрреттегіш тым толып бара жатса, бұл көл артық суларды ағызып жіберетін орын ретінде де қарастырылады екен. 2015 жылы Майбалық арнасына толып тасып, маңайындағы елді мекендер мен нысандарға қауіп төндірген болатын. Мұндағы жағдайды қадағалауда ұстау, су деңгейін реттеп отыру үшін ТЖ департаменті маңайынан өтіп жатқан Есіл-Нұра арнасына дейін қосымша арна қазып, шарасынан асқан су сонда ағып кететін етіп жоба ұсынған болатын. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталған.
Жалпы біз тек бір рейд аясында қаланың Есіл ауданы бойынша жағдайларды сөз еттік. Ал бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар шаш етектен. Солардың бірқатарына тоқталсақ, қала бойынша төтенше жағдайларға ден қою және күш жұмылдыру мәселелерін жолға қою мақсатында Біріктірілген шұғыл әрекет ету жасағы құрылған. Қаланың мүдделі қызметтерінің мақұлдауымен біріккен әрекет ету жоспары мен өзара іс-әрекет нұсқаулықтары жасап шығарылған. Қала аумағындағы су тасқыны және су жайылу оқиғаларымен байланысты төтенше жағдайларды жою бойынша әрекет ету жөнінен бірнеше жоспар жасалып, бекітілген. Тұрғын үй басқармасының ықпал етуімен ТЖ пайда болған және қауіп төндірген кезде зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру орындары анықталды. Қала аумағында 4 қонақ үй мен 8 уақытша орналастыру пункті қарастырылған.
«Су тасу жағдайының тосыннан ушығып кету мүмкіндіктеріне жедел ден қою мақсатында қаланың азаматтық қорғаныс қызметтерінің күш құралдарына түзетулер енгізіліп, хабарлау жүйелері мен өзара іс-әрекет ету нұсқаулықтары жаңартылды. Су тасу оқиғаларының алдын алу және салдарын жою үшін 48 инженерлік техника түрімен (бульдозер, экскаватор, кран, тиегіш және КамАЗ) қамтамасыз етілген 125 адамдық шұғыл әрекет ету жасағы, қаланың коммуналдық қызметтерден жинақталған 97 адамдық тобы және 55 бірлік техникасы жұмылдырылатын болады. Ішкі істер органдарының 402 адамдық тобы, 46 бірлік техника, оның ішінде 2 – ПНС-110, 1 – ПНС-80, 3 ілмелі моторлы жүзу құралы, 8 мотопомпа және 1 тікұшақ күндіз-түні дайын. Бұл топтағы күш құралдар ТЖД, ІІД, ҰҰ, ОААЖҚЖ, МАО және «Казавиаспас» АҚ-қа тиесілі», – дейді Еркін Отарғалымұлы.
Басқару органдары мен күш құралдарының су тасу жағдайларының ушығуы мүмкін кезеңдеріне ден қою даярлығын анықтау мақсатында 9-10 наурыз аралығында Республикалық «Көктем-2017» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткен болатын. Осы жаттығу аясында Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің Астана қаласы аумағындағы кіші жүйесі 2017 жылдың көктемгі су тасу кезеңіне қатысты қойылып отырған міндеттерді орындауға тас-түйін дайын.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Есірткіге қарсы күрестің екінші тынысы

Елордамыздағы «Рэдиссон» қонақ үйінде 6 сәуір күні БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған