Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Тәлімгерлік – игі дәстүр

Тәлімгерлік – игі дәстүр

«Жас келсе – іске», – дейді қазақ. Өте орынды айтылған сөз. Оқуды кеше ғана аяқтап келген маманды еңбекке баулу, кәсіби шыңдау, сол ортаға бейімдеу қажет. Ол үшін жас қызметкерге тәлімі мол тәлімгерді бекітіп беру ішкі істер органдарында игі дәстүрге айналған үрдіс.
Теориялық білім алып келген талапкерге тәлімгері өз тәжірибесімен бөлісіп, қызметтің қыр-сырын үйретумен қатар, қолдау көрсетіп, ынталандырып отыруы қажет. Сондай-ақ, жас қызметкерлердің ұжымға тез үйренуіне, бойына ұжымшылдық, отаншылдық, қызметтік борышына адалдық сезімдерін сіңіруде де тәлімгердің көмегі зор.
Жыл сайын ішкі істер органдарында тәлімгерлер мен жас мамандардың қатысуымен өңірлік, облыстық және республикалық слеттер өтіп тұрады. Биыл да аталған үрдіс ел көлемінде салтанатты жағдайда жалғасын тапты.

Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде өткен тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің слетіне ішкі істер органдарының ардагерлері, ІІД бөлініс басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық слет екі бөлім бойынша ұйымдастырылды. Шараның бірінші бөлімі Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығында басталды. Қызметке жаңа аяқ басқан жас мамандарды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тілеген Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Әбуов: «Бұл шара – жас мамандардың, сондай-ақ, оған қатысып отырған әрбір полиция қызметкерінің өміріндегі маңызды оқиға. Бұл жеке құрамды патриотизм рухында тәрбиелеу, кәсібилігіне және таңдап алған мамандығына шын берілу ісінде маңызды рөлі зор. Жас мамандардың кәсіби шыңдалуына ерекше әсер беретін тәлімгерлердің рөлін арттыру мақсатында жыл сайын ішкі істер органдарында тәлімгерлер мен жас қызметкерлердің слеті өтеді. Бір жыл ішінде 180 жас маман қызметке қабылданды. Оның ішінде ІІМ жоғары оқу орындарын тәмамдаған 30 маман бар. Олардың әрқайсысына тәлімгер бекітілді. Бүгін бұл шараға 43 тәлімгер мен 107 жас қызметкер қатысып отыр», – деді.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Келдібайұлы, ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Мұсадиев, Орал қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров баяндамалар оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара кезінде еңбек тәжірибесі мол, кәсіби шеберлігі шындалған үздік тәлімгерлер мен үздік жас мамандар алғыс хаттармен марапатталып, оларға Бауыржан Момышұлы туралы туынды және естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, қиын кезеңде қарапайым азаматтарға қол ұшын беріп, ерлігімен көзге түсіп, «Қазіргі заман қаһарманы» атағына ие болған Батыс Қазақстан облыстық ІІД Сырым аудандық ІІб учаскелік полиция инспекторы Едірес Зейнуллин, Орал қ. ІІБ Жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Мұхит Абулхаиров және ІІД Тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі Ғабит Нұғманов секілді тәртіп сақшылары жас мамандарға үлгі ретінде аталды. Кейін полицейлерге қылмыс ашу кезінде жіті қимыл мен қырағылықтары, адам құтқару жолындағы көзсіз ерліктері баяндалған деректі фильм көрсетілді.
Ішкі істер органдарының жас қызметкерлеріне облыстық слетке қатысушылардың үндеуі оқылып, әрбір қызметкерді тәртіп пен заңдылықты қалтқысыз сақтаудың өнегесін көрсетуге, жоғары адамгершіліктің үлгісі болуға шақырды.
Шараның екінші кезеңі жас мамандар мен тәлімгерлердің Батыс Қазақстан облыстық ІІД Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында орналасқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Батыс Қазақстан облысы қызметкерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешенін тамашалау, гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Жас мамандар мемориалдық кешен алдында сап түзеп, ерлікпен қаза тапқан қызметкерлер алдында тағзым етті.
Слет соңында тәлімгерлер мен жас мамандар қаладағы Қазақ драма театрында Шерхан Мұртазаның Бауыржан Момышұлы туралы «Ноқтаға басы сыймаған» атты туындысының желісінде құрылған қойылымын тамашалады.

Асылай ҒҰБАШЕВА

Атырау облысы
Атырау қалалық Ішкі істер басқармасында өткен ішкі істер органдарының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің слетінде облыстық ІІД музейінің негізін қалаушы, тарихшы Ерсайын Өміров «Ерлік шежіресі. Ішкі істер тарихы. Патриоттық тәрбие» тақырыбында баяндама жасады.
Атырау қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Төрешов сөз сөйлеп, жас қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасы тәрбие жұмысы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Нұржан Шаеденов «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби этикасы», қалалық ІІБ КЖБ инспекторы, полиция аға лейтенанты Арман Кубашев «Жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуындағы тәлімгерліктің маңызы» тақырыптарында баяндамаларын оқыса, жас қызметкер, қатардағы полицей Нұрболат Панкереев өз тілегін жеткізді.
ІІД бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған тәлімгерлер «Жас қызметкерлердің қызметтік ортаға бейімделулеріне, маман болып қалыптасуларына зор үлес қосқандары үшін» грамоталармен марапатталды.
Слетке қатысушыларға, әсіресе, полиция қатарына жақында қабылданған жастарға ІІД музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шарадан алған әсерлерімен бөліскен жас сақшылар тілек журналына естелік сөздерін қалдырды.
Экскурсия шарасына облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев, ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сұлтан Молдашев, ІІД Кадр жұмысы басқармасы басшылығы, барлық аудандық ІІБ мен Атырау қалалық ІІБ, жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлері қатысты.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұлыстарды ұйыстырған Қарсақбай

Кеңес Одағы кезінде жағрапия картасынан ойып тұрып орын алған Қарсақбай атты кент кезінде көп ұлт …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған