Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Жігерлі маманның жетістігі

Жігерлі маманның жетістігі

Қарағанды облысының Шет ауданы – соңғы 15-16 жылда екі аудан біріктіріліп, шаруашылықтары кіріктіріліп, еңсесін тіктеген аумақтық құрылым. Аймақтың мал, егін шаруашылықтарымен қоса, өндірісі де бой көтерген. Бұрынырақта атағынан ат үркетін Ақшатау кен-молибден комбинаты атышулы Одақтың есебінде бірінші орында болмаса да, көштің соңында емес еді.
Ақшатау кентінің әлеуметтік-тұрмыстық қажеттілігі жағынан Мәскеудің тікелей қамқорлығында болғаны көп сырды аңғартса керек-ті. Түсті металлургия алыптарының бірі саналған осы Ақшатау шаңырағы ортасына түскен одақпен бірге құрдымға кетудің сәл-ақ алдында қалды. Босаған кеніштерге су толтырып, көмілмей қалған рудниктерден уран радиациясы сыр берген. Бұл кешегі күннен қалған қара белгі болды.
Кейін оңтайландыру келді. Аудандар ірілендіріліп, бірқатар облыс жабылып, олардың ауыл, аудандары көрші облыстарға берілді. Міне, сол күйді кешкен осы Ақадыр мен Шет ауданы. Қазір бұл екеуі әкімшілік-аумақтық жағынан Шет деп аталатын құрылымның құзырында. Фермерлік құрылымдар мен шаруа қожалықтары – аудан экономикасының тіреуіші.
Ауданға осылайша қысқаша шолу жасай отырып, мақалаға өзек еткелі отырған ішкі істер қызметіне ойыссақ, бұл өңірде жасалатын негізгі тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстар тікелей малға қатысты. Шет аудандық ІІБ анықтау бөлімінің анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Айдос Смағұловтың бұл бағытта атқаратын қызметі зор.
«Биыл қыс ұзақ та қатты болып, ұрылардың «айы оңынан туды». Түн баласы ұйқы көрмейтін олар алса өздері алып, болмаса қаладан келетін сыбайластарына шығарып беріп отырады. Әбден әккіленгендер құрық салудың шебері, қолы құр қайтпауын «серт» еткен олар жылқыны шұрқыратып атып алудан тайынбайды да. Қол малдары бос болмаса да, «барымташылар» үшін ол бұйым емес. Қорадан жетектеп шығарып алып кете береді», – дейді аға лейтенант А. Смағұлов.
Қарағанды ІІМ-нің Заң Академиясында алған білімі жас маманның жұмысына игі әсерін тигізуде. Ондағы тергеу, зерттеу саласындағы түрлі айла-шарғылар кәдеге жарап-ақ тұр. Айдостың анықтаушы болып еңбек етіп келе жатқанына биыл төрт жылдың жүзі болыпты. Қарағанды қаласынан басталған тәжірибе екі жыл бұрын оны Ақадыр кентіне әкелді. Өзі туып-өскен жерге оралды. Жігерлі жас маман мұнда іске білек сыбана кірісті. Оның міндетіне енетін істі сотқа дейін жүргізу болса, құқық бұзушыны немесе қылмыскерді дәл анықтау – басты кәсіби парызы.
Бір күні бір үйдің тойға дайындап отырған екі жылқысы ұрланады. Шарқ ұрған үй иесі ішкі істер органына шағымдануға мәжбүр болады. Жыл аяқталып қалған кез екен. Жоғарғы жаққа есеп беру керек. Апыл-ғұпыл іздестіру басталып кетті. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, үнемі тегіс жерде қисықтау жүретін Б. деген азаматты ұстайды. «Менің бұған тіптен қатысым жоқ», – деп ол азар да безер болады. Қанша суық жүрісті болса да, Айдос ол жігіттің сөзінен дәл осы жолы оның кінәсіздігін ұққандай. Әңгімелеседі. Сыр тартады. Тергейді. Ақыры кінәсіздігін анықтайды. Кейін малдың терісі Қарағандыдан табылып, бұл ұрлыққа басқа адамның қатысты болғаны белгілі болады. Міне, кәсіби табандылық деген осы.
Аудандық ІІБ-нің бастығы М. Кенжебаев: «Істі тез жабыңдар, әдетте кездесетіндей көрсеткіш керек, бұл істі тәжірибелі адам алсын деп басқа біреуге бергенде не болар еді? Ол жас жігіттің көзінен жалын көрді», – дейді. Осы бір қиындау кезде бастық артқан сенім Айдостың жігерін жаныды. «Әрқашан жастарды қолдап, қорғап отыратын полиция подполковнигі Манарбек Кенжебаевқа дән ризамын. Әлгі іс менің кәсіби өміріме өзгеріс әкелді. Өзіме сенімім артты», – дейді сөз арасында Айдос.
Одан кейін де талай алаяқтар мен қылмыс жасағандарды анықтаған аға лейтенант әділеттіктің туы жығылмайтынына көзі жете түскендей. «Әділ болсаң, атың озады, қиянатқа барсаң, абыройың тозады» деп әрдайым айтып отыратын әкесі Берік пен анасы Назгүлдің қамқор сөздері құлағынан кеткен емес. «Соны шамшырақ етіп ұстаймын», – дейді анықтаушы.
Елбасымыз сенім артатын жігерлі жастардың бірі, елдің ертеңі Айдос Смағұловқа біз істе абырой тіледік.

Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Әділет генерал-майоры Мейрам АЮБАЕВ: Мекемелерде дәрігер мамандар жетіспей тұр

Еліміздегі түзеу мекемелері мен уақытша ұстау изоляторларының жұмысын үйлестіріп, қадағалайтын қылмыстық атқару жүйесі – Ішкі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған