Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Патриоттық – погонда емес, жүректе

Патриоттық – погонда емес, жүректе

Тәуелсіздік таңы атқан шақта елімізде шешімін күткен мәселелер көп болды. Елдің қауіпсіздігі мен ішкі тәртібі, түзеу мекемелерін күзету мен аса маңызды нысандарды қорғау – мемлекетіміздің алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып тұрды. Әр өңірде қажетті полктар мен батальондар қайта құрылып, жасақталып әскери бөлімдердің орындары ауыстырылды.
Сондай-ақ, халықаралық келісімге және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес, Ішкі әскердің әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Бұл шырпы тартсаң тұтанатын қу шөптей өртең жер еді. Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. От шыққан жерде қақтығыс болмай тұрмайды. 1995 жылдың 7 сәуірінде ақыры Памир тауындағы Пшихавр шатқалында қарулы қақтығыс болып, онда Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты…
«Ер есімі – ел есінде». Интернационалдық борышын өтей жүріп мерт болған ұландарымыз мемлекеттің жоғары марапаты – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталып, марапаттар туысқандарына табыс етілді. Есімдері өздері қызмет еткен бөлім жеке құрамының тізіміне мәңгілікке жазылды.
Бүгінгі таңда тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борышын өтеген әскери қызметшілер бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан сапында, соның ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде қызмет етуде. Әскери қызметкерлердің өмірбаяны мен қызмет жолы Ұлттық ұлан жауынгерлері, жалпы өскелең ұрпақ үшін өнеге болатындықтан, олар туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Тәжік-ауған қақтығысына қатысушылардың бірі – қаһарман старшина Сұңғат Серғазин.
Сұңғаттың кіндік қаны тамған жері – Шығыс Қазақстанның әйгілі Тарбағатайына қарайтын Ақжар-Шыңғыстау ауылы. Кеңестік дәстүрмен жұрт Космонавтика күнін тойлап жатқан кезде Қалелхан мен Қайырзаттың үйінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келіпті деген қуанышты хабар жеткен. Бұл 1976 жылдың 12 сәуірі болатын. Бір күнде бірнеше бала дүниеге келіп жататын алып қала емес, шағын ауыл ғой, жақсы хабар тез тарады. «Кешке шілдехана» деп ауыл адамдары алақандарын ысқылап жүр. Әуелі Жаратқан, одан соң көп тілегі шығар, сол Сұңғат ширап өсіп, мектеп табалдырығын аттайтын кезге де жетті.
1982 жылы Жетіарал ауылының В. Ленин атындағы орта мектебіне имене кірген ол тәуелсіздіктің екінші жылында 11 жылдықты үздік тәмамдады. Әдетте мұндай сәттерде алдымен ойға келетіні – мамандық таңдау мәселесінде асығып-аптықпады. Білім қуған жанға қашан да оны табу кеш болмайды. «Алдымен бір кәсіпті игеріп алу жөн болар» деп түйген бозбала ата-анасының «Жоғары оқу орнына түс. Кімнен кемсің?» деген қайраулы қолқалауына қарамастан, сол жылдың күзінде Семей облысының Ақсуат ауданындағы №17 кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, оны 1995 жылы «жүргізуші-механик» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Ондағы ойы – әскерге барғанда кәсіп керек болады. Ал, ер маңдайына елді қорғау жазылған. «Сондықтан, әскерге бару талқыланбайтын біржақты мәселе» деп түйді ол.
Ел тәуелсіздігі жарияланған алғашқы жылдары мемлекет алдындағы көкейкесті шаруа – жеріміздің аумағын нығайту, шекарасын күзету, ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері болды. Ол кезде әр азамат үшін әскерде қызмет ету – абырой, әрі мақтаныш-тын. Оның үстіне құжатыңда әскерге барғаны көрсетілген белгі болмаса, жұмыс табуың да екіталай еді. Содан ба, әлде ішкі сана-парасат қуаты ма, әйтеуір, оқу бітірген соң 19 жастағы бозбала әскерге ұмтылды да тұрды. Әскери комиссариаттың да есігін тоздырды. Ондағылардың өзіміз шақырамыз дегеніне қарамай мерзімді әскерге шақырылу басталады-ау деген тұста комиссариаттың үлкен шойын қақпасы алдынан табылады. Сөйтіп жүріп ақыры 1995 жылдың мамыр айында Сұңғат Серғазин Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының әскери комиссариаты арқылы Алматы қаласындағы шекара қызметінің 2028 әскери бөліміне жөнелтіледі. Сонда әскери ант қабылдап, сержанттық оқу корпусына қабылданады.
Кіші командирлер дайындауға арналған бұл мектептің аз ғана мерзім ішінде үйретері көп. Ол офицерлердің қолқанатын дайындайды. Бес ай үздіксіз оқу-тәжірибеден соң, кіші сержант атанған ол әскери қызметті Жаркент қаласындағы 2091 әскери бөлімінде шекара қызметінің бөлімше командирі болып жалғастырады. Сол бөлімде қызметін атқарып жүрген кезде қашан да алдыңғы лекте жүретін Сұңғат тәжік-ауған шекарасын күзетуге Қазақстаннан атқыштар батальоны құрылып жатқанын естіп, сонда сұранады. Сөйтіп, 1996 жылдың мамырында бір әскери бөлімнің өзінен 30 жауынгер жасақталып, тәжік-ауған шекарасын күзетуге аттанады.
Қазір өткен әскери жолдарын еске түсіріп ойға шомған Сұңғат: «Тәжік-ауған шекарасын күзетуге іріктеу жүріп жатқан кезде сол жақта қызмет атқаруға шешім қабылдадым. Өйткені, әрбір сарбаздың кеудесінде Отанына деген риясыз сезімі болатыны хақ, сол сезім мені де өзіне тартты. Мен де бабаларымнан қалған ерлік жолын жалғастырғым келді. Сондай сезімнің әсерімен тәжік-ауған шекарасына еш алаңсыз аттанып кеттім. Бірақ, бөтен елге, жат жерге келісімен аздап қорқыныш болған еді, алайда командирлеріміздің біздің бойымызға дарытқан жалынды рухы, одан қалса, Отанға деген кіршіксіз махаббатымыздың арқасында біз қорқыныш пен үрейді тез еңсердік. Тек бір ғана мақсатымыз болды, ол – қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындап, елімізге абыройлы қайту. Аман-есен жақындарымызбен қауышу еді», – дейді.
Осылайша кіші сержант Сұңғат Серғазин және Жаркент пен Шонжыдан аттанған 60 сарбаз 5 ай бойы тәжік-ауған шекарасында азаматтық борыштарын өтеді. Сұңғат атқыш маман болды. 21 жылдан кейін сол бір қауіп туып, қатер төнген кезді тағы бір еске түсірген Сұңғат: «Біз күн демей, түн демей жауынгерлік қызмет атқардық. Қырағылық деп жатады ғой, осы сөздің қасиетін сонда ұғындым. Жауынгерлік посттарда қарауылдық қызмет атқардық. Барлауға да жиі шығып тұрдық. Постта ұйықтап кету деген атымен жоқ, өйткені қарауыл сақшысы ұйықтап кетсе, онда дұшмандар сол сәтті тиімді пайдаланып, бүкіл сарбазды қойша қырып кетуі мүмкін. Бұл әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сарбаздардың қырағылы мен табандылығы және антына адалдығының арқасында біздің ротаның сарбаздары жарақаттанбай үйлеріне аман-есен оралды. Мен қашан да өзіммен бірге жат жерде қызмет атқарған қарулас достарыммен мақтанамын!», – деп достарына деген ақжарма пейілін білдірген еді.
Антқа адалдық, азаматтық парыз деген асқақ ұғымдарды жүрегімен сезінген адамның ойын өзгерте қою да оңай емес. Елге оралған соң жүргізуші-механик мамандығы бойынша еңбектенуіне болмас па еді, алайда ол бұлай істемеді. Халық игілігінің қолды болып ысыраптанбауына атсалысуды ұйғарды. Запастағы сержант Сұңғат Қалелханұлы 2000 жылы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің қатарына қайта шақырылып, бұл күндері Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен арнайы жүктерді сапарлап алып жүру міндеттері жүктелген 3650 әскери бөлімінің бірінші арнайы комендатурасында бөлініс бастығы (қарауыл бастығы) лауазымында қызмет атқаруда. Сарбаз кезінде өн бойында қалыптасқан Отанға деген адалдығының арқасында бүгінгі таңда өзі қызмет етіп жүрген әскери бөлімде бірде-бір құқық бұзушылыққа жол берген емес.
Қазіргі уақытта Сұңғат Қалелханұлының әскери еңбек өтілі 18 жылға жеткен. Үлгілі отбасының бірі. Таңжар атты ұл тәрбиелеп отырған әке. Баласының санасына «Отан деген қасиет, оны қорғау, оның атына кір келтірмеу – әрқайсымыздың асыл мұратымыз, парасатты парызымыз» деген өсиетін құйып келеді. Бұл патриоттық тәрбиенің ошақ басындағы көрінісі. «Әр үйде осындай тәрбие болса ғой, шіркін!» деген ойға келесің кейде. Өйткені, ол қоғамда жетіспей тұр қазір. Ал, жүрегі Отаным деп соққан Сұңғаттың оның алдындағы 20 жылғы адалдығы ескерусіз қалған жоқ. «Қазақстан Қарулы Күштеріне 10 жыл», І және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне 20 жыл», «Кеңес әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 15 жыл», «Тәжік-ауған шекарасындағы мінсіз қызметі үшін», «Жауынгерлік айбыны үшін», «Қазақстан патриоты» медальдарымен, көптеген алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған. Старшина Сұңғат Серғазиннің еңбегіне табыс тілейміз. Отанның патриоттығы иықтағы жұлдыздың саны мен үлкен-кішілігінде емес, ол сол адамның жүрегінің болмысында.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Сондай-ақ, оқыңыз

ҚАЙСАР ӘКЕНІҢ ІЗБАСАРЫ

Осыдан 25 жыл бұрын, 1992 жылдың ақпан айында «Мәскеу-Ташкент» бағытындағы пойыздың арнайы вагонында этаппен айдалып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған