Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Батыр тұлғалы балуан

Батыр тұлғалы балуан

Тарихтың тарғыл беттеріне оқтын-оқтын ой жүгіртсек, апайтөс даланы билеген, ұлан-ғайыр атырапта салтанат құрған дана бабаларымыз шетінен намысына нар байлап, өршеленген өгізді де өрге сүйрер батыр тұлғалы, еңсегей бойлы болғаны мәлім.
Бір қойы егіз туса, бір шөбінің басы айыр шығатын жомарт Алакөл өңірінің жайсаң аналарының құрсағына небір балпанақтай батырлар біткен. Құрсағы асыл халықтың ұрпағы жасын келетінін дәлелдеген Достық стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің полиция аға лейтенанты, инспектор-кезекші Ернар Қабдолдаев жайлы бірер сөз қозғасақ.
Жастайынан тыныштық пен мейірімділікке жаны құмар болып ер жеткен сақшымыз буыны бекіп, бұғанағы қатпай жатып спортқа деген ынтасы артып, боз кілемдегі белдесулерге құмартып жүрді. Уақыт өте келе өзі де тайталастарда топ жарып, өңір мерейін өсірер атпал азаматқа айналды. Осы күнге дейін бағындырған белестері мен жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе.
Жуырда ғана ұлтымыздың ұлық мұрасы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының қарсаңында өткен сайыстардағы ерен еңбегі жайлы сөз етсек. Қанында қазақы намыс бұрқырап тұрған азаматымыз ұлтық нақыштағы спорттық ойындарға қатысып, қажыр-қайратының арқасында алғы шептен бой көрсетті. Сөйтіп, Ернар Қабдолдаев бастаған құрама арқан тартыс сайысында жүлделі 1-орынды иемденсе, балуанымыз қазақ күресінен ұйымдастырылған «Түйе балуан» жарысында 2-орыннан көрінді.
Нағыз қазақтың қара күш иелерінің додасы «Қой көтеру» ойынында 70 келілік қошқорды иығына лақтырып, 97 рет отырып-тұрған ол елдің игі ілтипаты мен ризашылығына ие болды. Сөйтіп, бас жүлдені тақымына бекем басып, аталмыш қошқарды қанжығасына байлап қайтты. Міне, нағыз қара күшке мығым, қажыр-қайраты тасыған, тастай төзімді, қағілез азаматымыз үш бердей сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды қарсыластарының уысынан жұлып әкетті.
Осындай батыр тұлғалы балуандарымыз лайым көп болғай. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің еңселі болуы Ернар секілді азаматтарымыздың иығына артылған жауапты жүк. Ендеше, тар жол тайғақ кешулерде қадамдары қарымды, адымдары нық бола беруіне тілекшіміз.

Достық стансасы ІІЖБ

Сондай-ақ, оқыңыз

Кезекті рет келген жеңіс

«Президенттік миля» жарысында Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы тағы да жеңіске жетті. Әйелдер арасындағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған