Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Еңбек пен спорт – тәрбие тұтқасы

Еңбек пен спорт – тәрбие тұтқасы

Жасалған қылмыс жазасыз қалмайды. «Заң алдында адамдардың бәрі бірдей» деген қағиданы тарқатып айтсақ, қылмысты кім жасаса да, әділ жазасын алатыны анық. Соның ішінде кәмелетке толмаған балалар да жазадан тыс қалмайды.
Қазақстандағы балалар қылмысының алдын алу бағытында атқарылып жатқан айтулы жұмыстарға қарамастан, бүгінде балалар колониясында 39 жасөспірім қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеуде. Олардың арасында аса ауыр қылмыс жасағандар – адам өлтірген жасөспірімдер де бар. Бесіктен белі шықпай жатып қолын қанға малғандардың қылмыс жасауына ықпал еткен себептер көп. Алайда, бүгінгі әңгіме бас бостандығынан айырылған балалардың темір тордағы өмірлері жайлы болмақ.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 түзеу мекемесі – республикадағы жалғыз балалар колониясы. Кезінде еліміздегі төрт балалар колониясын біріктіру арқылы кеңейтілген ЛА-155/6 түзеу мекемесі бүгінде тағдырдың жазуымен жаза өтеп жүрген кәмелетке толмағандарды тәрбиелейтін бірден-бір орын болып отыр. Мұнда 14 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер ұсталады. Жасы он сегізге толғандардың жаза өтеу мерзімі аяқталмаса, ересектер түрмесіне ауыстырылады.
Бірақ, қандай қылмыс жасаса да, баланың аты – бала. Сондықтан, аталған мекеменің ерекшелігі – мұнда баланың тілін таба білу – басты принцип. Өйткені, бала да тал сияқты, қалай майыстырсаң, солай өседі. Өмірде өз соқпағын таба алмай, өкініштің өртіне оранып жүрген жасөспірімдерді қайта тәрбиелеу оңай емес. Алайда, аталған мекемеде атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынына қарап, колония қызметкерлерінің еңбегі еш кетпейтініне деген сеніміңіз нығая түседі.
Мұнда апта сайын бір мәдени немесе спорттық шара өткізіліп, балалардың бос отыруына мүлдем мұршалары болмайды десе де болады. Жуырда ғана өткізілген осындай шаралардың бірі – Алматы қаласының республикалық спорт колледжінің студентерімен бірлесе өткізілген ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыс. Спорт колледжінің студенттерімен самбо және еркін күрес, арқан тарту, гір көтеру, қол күресі сияқты спорт түрлерінен сайысқа түскен сотталған жасөспірімдер де өздерінің оңай шағылатын жаңғақ емес екендерін дәлелдеді. Мысалы, 16 келі салмақтағы гір тасын бір қолмен көтеру жарысы бойынша бірінші орынды 1-жасақ сотталғаны Дмитрий алса, қол күрестен бірінші орынға 1-жасақ сотталғаны Асан ие болды. Сонымен қатар, арқан тартудан да колония командасы физикалық дайындықтарының мықты екенін көрсете білді. Топтар арасынан арқан тартудан 1-орынды «Алға» тобы иеленсе, 2-орынды колледждің «Самбо күрескерлері» және 3-орынды «Еркін күрес спортшылары» командалары иеленді.
«Спорт – сотталған балаларды жақсы өмірге жетелейтін бірден-бір жол. Ал, спортта жеңіске жету оларды жарқын болашаққа жігерлендіре түседі. Қалайда жеңіс тұғырынан көріну үшін жазалы балалар жанын салады, тынбай жаттығады. Бір сөзбен айтқанда, бостандыққа шығатын күндеріне жету үшін сағат санап жүрген жасөспірімдер осындай игілікті шаралардың арқасында уақыттарының қалай тез өтіп кеткенін сезбей қалады. Екіншіден, өздерін өздері шынықтыра жүріп, денсаулықтарын нығайтады. Біз оларға еркін өмірде еселі еңбек етіп, өткен өмірлеріндегі қара дақты өшіру үшін мықты денсаулық қажет екенін түсіндіреміз», – дейді ЛА-155/6 түзеу мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Гүлшат Нұржанова.
Сонымен қатар, Қылмыстық атқару кодексінің 119-бабына сәйкес, мекеме әкімшілігі еңбекке қабілетті барлық сотталғанды ақысы төленетін жұмысқа тарту үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қолданады және оларды жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. Аталған заңнама талаптарына сай және Түрме реформасының «Колониядағы еңбекпен қамтамасыз ету» ІІ форумының ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында жуырда мұнда шағын тігін цехы ашылды. Бұрын жазасын өтеуші жасөспірімдер түрлі нан өнімдерін шығарумен айналысса, енді біраз балалар «Семирамида» тігін фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан цехта жұмыс істейтін болады
«Мемлекеттік жеке кәсіпкерлік аясында түзеу мекемесінің әкімшілігі жеке кәсіпкерге тегін өндірістік аумақ бөлсе, мемлекет салық төлеуден босатады, – дейді ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, әділет капитаны Назым Байдашева. – Осындай жеңілдіктердің нәтижесінде ашылған тігін цехында жұмыс істейтін балалар жұмысшыларға арналған қолғаптар тігумен айналысады. Әзірге жұмысқа орналасқан балалардың саны – 5. Алдағы уақытта «Семирамида» ЖШС еңбекке тартылған балалардың санын 15-ке жеткізуді көздеп отыр.
Тігін цехы ашылмас бұрын аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері тігін жұмысына бейімі бар балаларды анықтап, оларды бір ай бойы тәжірибеден өткізді. Еңбек заңдылығына сәйкес кәмелетке толмаған балалар тәулігіне 4 сағат қана жұмыс істейді. Сондықтан да, аталған цехтағы жұмыс мерзімі сағат 14-30-дан 18-00-ге дейін белгіленген. Қалған уақытта жасөспірімдер түрме ішіндегі жалпы білім беру мектебінде сабақ оқиды. Негізгі пәндерді оқытатын мектепке тәжірибелі ұстаздар тартылған. Мектепті жергілікті білім беру басқармасы оқулықтармен және басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етеді. Не деген де, жазалы балалардың заман көшінен қалып қоймаулары үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, жаза өтеуші жасөспірімдер үшін кәсіби курстар жұмыс істейді. Кімнің қолынан іс келсе, сол ғана жақсы өмір сүре алатын нарық заманында сантехник, слесарь, электрик сияқты қарапайым мамандықтарға деген сұраныс көбеймесе, азайған жоқ. Осындай қажетті мамандыққа деген құмарлығы бар жастар темір торда отырып-ақ кәсіби маман болып шыға алады.
Ал, жаңа технологиялар заманындағы тағы бір өміршең мамандық – компьютер бағдарламасын да жетік меңгере алады. Балалардың бойында мұндай мамандықтарды меңгеріп алуға деген құлшыныстың артында – «бостандыққа шыққан соң керек болады» деген орынды ой жатары анық.
Сурет салу сыныбы – бейнелеу өнеріне бейімді балалардың сүйікті орны. Өмірдегі қуанышын да, өкінішін де, тіптен темір тордағы тағдырларын да түрлі бояумен сыр ғып шертетін шебер балалардың арасынан атақты суретші шығуы да мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қалыпты өмір сүруге барлық жағдай жасалған.
Алайда, адам үшін ең қымбаты – бостандық. Әсіресе, жасөспірімдер үшін жалынды шақтарын шектеумен шегендеудің ауыр екені аян. Бірақ, олар жасаған қылмыстан зардап шеккендердің шерін тыңдасаңыз, бас бостандығынан айырылған жасөспірімдердің жүрекке салмақ салар тағдырларына деген аяныштың бұлты ыдырап жүре береді.
Ең бастысы – түзеу мекемесіндегі балалардың барлығының бойында бақытты болашаққа деген жігер бар. Олардың осы ұмтылыстарын ары қарай дамытып, түзелу жолына түсулері үшін күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген мекеме ұжымын нағыз бала тәрбиесінің білгірлері десе болады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған