Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Есірткіге қарсы күрестің екінші тынысы

Есірткіге қарсы күрестің екінші тынысы

Елордамыздағы «Рэдиссон» қонақ үйінде 6 сәуір күні БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Орталық Азия елдері үшін 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы Басшы комитетінің ІІ отырысы және Ауғанстан мен көрші елдерге арналған бағдарламасы Басшы комитетінің VІ отырысы өтті.
Басқосуды Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, БҰҰ ЕҚБ Орталық Азия аймақтық өкілі Ашита Миттал және Вена қаласындағы (Австрия) БҰҰ ЕҚБ штаб-пәтері Еуропа, Батыс және Орталық Азия аймақтық бөлімінің жетекшісі Александр Шмидт кіріспе сөзбен ашты.
БҰҰ ЕҚБ Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Ашита Миттал осындай ғаламдық мәнге ие проблемалық мәселені талқылау үшін ел астанасында жиын өткізіп, кездесуге мұрындық болып отырған Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғысын жеткізіп: «БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасы Орталық Азия елдеріне қатысты 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы Басшы комитетінің ІІ отырысы Қазақстанда өтіп отырғанына қуанышты екенін мәлімдеп, алғысын білдіреді.
Аталған бағдарлама 2015 жылы қабылданып, бір жарым жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде біз Орталық Азия елдерінің есірткі бизнесімен және трансұлттық қылмыстармен күрестегі және терроризмнің алдын алудағы әлеуетін көтеруге көмек қолын созып отырмыз. Жеткен жетістіктеріміз де, алда тұрған міндеттер де жетерлік. Бүгінгі мақсатымыз – сол жұмыстарды талқылауға арналады», – деді ол.
Іс-шараны ұйымдастырушы ел тарапынан сөйлеген Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов осы Бағдарламалардың донор-мемлекеттеріне аталған құжаттардағы міндеттемелерді іске асыруға қаржылай және саяси қолдау білдіріп отырғандары үшін айрықша алғысын жеткізді.
БҰҰ ЕҚБ Орталық Азия елдері үшін 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы Басшы комитеті және Ауғанстан мен көрші елдерге арналған бағдарламасы Басшы комитеті отырыстарына қатысушы мемлекеттер өкілдеріне ел атынан сәлемін жеткізген ол: «Қазақстан аймақтық және ғаламдық деңгейлердегі есірткі қаупіне қарсы күрес ісіндегі біріккен жауапкершілік қағидаттарына беріктігін білдіреді.
Қазіргі күні әлем динамикалы, интеграцияланған, технологиясы дамыған, және де, өкінішке қарай, проблемасы көп алаңға айнала түсуде. Соның ішінде, халықаралық қауымдастықтың күш-жігеріне қарамастан, есірткінің заңсыз айналымы жалпыәлемдік проблема болып қалып отыр және ол Ауғанстанның ғана емес, оның жанындағы көршілес елдердің де тұрақтылығы мен дамуына кері әсерін тигізуде.
Бұл проблеманың маңыздылығы мен өзектілігі былтыр сәуір айында Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Арнайы сессиясының отырысында тағы бір мәрте айтылып, талқыланды», – деп атап өтті.
Ішкі істер министрінің орынбасары Р. Жақыпов 2016 жылы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғанын, бұл Елбасының әлемнің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін көтеріп жатқан бастамалары мен жасаған күш-жігерінің маңызы жоғары екендігінің белгісі болып табылатынын айтты. Бүгінгі екі Бағдарлама – жалпыәлемдік жауапкершілік негізінде жасалған ғаламдық есірткі қылмыстарына қарсы күрес жүйесінің аймақтық элементтері екенін тілге тиек еткен ол Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде әлемдегі есірткі бизнесі, трансұлттық қылмыстар және терроризмге қарсы күресте бар күш-жігерін аямайтынын мәлім етті.
Қазақстан өкілінің баяндамасынан кейін БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Юрий Федотовтың бүгінгі жиын қатысушыларына арнаған бейне-сәлемдемесі көрсетіліп, одан әрі отырыс жұмысы Орталық Азия елдерінен келген өкілдердің Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамаларымен жалғасты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымын бақылау департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов, Қырғыз Республикасы ІІМ Заңсыз есірткі айналымымен күрес қызметінің бастығы Азамат Араев, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Есірткіні бақылау агенттігі Жедел қызмет департаментінің басшысы Мирзоравшан Сангинзода, Түрікменстан ІІМ Есірткіге қарсы департаментінің басшысы Язмухаммет Оразгылыжов және Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Есірткіні бақылау ақпараттық-аналитикалық ұлттық орталығы өкілі Хусан Ирисметов сөз сөйлеп, өз елдерінің БҰҰ Орталық Азия елдеріне арналған бағдарламасында айтылған міндеттемелерді іске асыруға қосып отырған үлестерін, сондай-ақ 2017 жылы атқарылатын шаруалар барысын жеткізіп, ортақ талқыға салды.
Баяндамашылардың мәліметінше, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Батыс және Орталық Азия елдеріне жалпы сомасы 29 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетсе, соның ішінде 12 миллионнан астамы тек Орталық Азия елдеріне техникалық көмек көрсету үшін жұмсалған. Тарқатып айтар болсақ, бұл қаражаттар есірткімен, трансұлттық қылмыстармен және терроризммен күресу үшін көршілес мемлекеттер құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын арттыруға, есірткіні пайдалану мен есірткі бизнесінің алдын алуға, сондай-ақ, есірткіден тәуелділікті емдеу, басқа да осы саладағы өзекті шараларға бағытталған.
Басқосу барысында мамандар қазіргі таңда әлемді бұрыннан мәлім дәстүрлі есірткі заттарынан бөлек, жаңадан пайда болған психикалық белсенді заттардың алаңдатып отырғанын айтты. Олар – синтетикалық есірткі деп аталады. Бұл есірткі заттары негізінен Қытай, Таиланд секілді Азия елдерінде жасалады екен. Бүгінде әртүрлі заңсыз жолдармен осы есірткінің жаңа түрлері Орталық Азия елдеріне келіп, жастар арасында тарап жатқаны белгілі болуда. Іс-шара қонақтары синтетикалық есірткі заттарының анықтамасын жасап, оған қарсы заң тетіктерін жүйелеу керектігі жөнінде уағдаласты.
Ал есірткі заттарының бұрыннан белгілі түрлерінің негізгі «өндіруші» аймағы – Ауғанстан болып қалып отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде ауған елінен есірткі заттары негізгі үш маршрут бойынша әлемге таралуда. Олардың біріншісі – «оңтүстік дәліз» арқылы Үнді, Африка елдеріне тасымалданса, екіншісі – «Балқан бағыты»: бұл жолмен есірткі заттары Еуропаға таралып жатыр. Ал үшінші бағыт – «солтүстік жолы». Бұл арқылы Иран, Кавказ және Орталық Азия елдері тасымал өткелдері болып қалып отыр. Қазіргі таңда Ауғанстаннан шығатын есірткі заттарының 20-25 пайызы осы Орталық Азия елдері арқылы өтетін «солтүстік жолымен» тасымалданатыны белгілі болған.
Генарал-майор Сұлтан Құсетов өткен жылы біздің елімізде жалпы көлемі 35 тоннадай есірткі заты тәркіленгенін тілге тиек етті. Оның 160 келісі героин, 300 келісі гашиш. Ал үстіміздегі жыл басталғалы 1300 тоннадай есірткі заты тәркіленіпті. Оның ішінде 25 келі героин, 100 келіден астамы гашиш және бір тоннадан астамы марихуана. Айта кетейік, бұлар тек сырттан әкелінген есірткі заттары ғана емес, оның ішінде өзіміздің елде өндірілген есірткінің көлемі де аз емес. С. Құсетов қазіргі күні елімізде 17 мыңнан астам азаматтың есірткі есебінде тұрғанын және жыл сайын бұл сан 500-800 адамға дейін қысқарып келе жатқанын айта кетті.
Отырысқа қатысқан Ауғанстан, Иран, Пәкістан елдеріндегі Есірткіні бақылау агенттіктері, Ішкі істер, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Әділет министрліктерінің, кеден, шекара қызметтерінің, халықаралық серіктестіктер мен ұйымдар өкілдері, донорлар БҰҰ ЕҚБ Бағдарламаларының 2016 жылдағы қызметінің нәтижелерімен танысып, 2017 жылға арналған басым қызмет бағыттарымен бөлісті.
Сондай-ақ, аталған проблемаларды шешудегі қоңсы елдердің өзара іс-қимыл жасауының маңызы айтылып, ол үшін қолға алынатын қажетті қадамдар барысы және 2019 жылға дейінгі жасалатын жұмыстар жайы талқыланды.
БҰҰ ЕҚБ Орталық Азия мемлекеттеріне арналған бағдарламасы Басшы комитетінің келесі ІІІ отырысы 2018 жылы Қырғыз Республикасында өтетін болып келісілді.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суреттер Әсет СЫЗДЫҚОВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған