Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Жеделдік – жемісті жұмыс кепілі

Жеделдік – жемісті жұмыс кепілі

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі басқармасы 2016 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі осы саланың үздігі деп танылды. Халық арасында бұл қызмет «112» нөмірі арқылы белгілі. Бүгінде қыстың қарлы бораны мен сарышұнақ аязы артта қалғанымен, көктемгі қар еріп, су тасқыны қаупінің артуына байланысты бұл басқарманың жұмыстары қайтадан қызу қарбаласқа көшкен. Біз Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі басқармасының жедел кезекшісі, азаматтық қорғау лейтенанты Бейбіт ЖАРЫЛҒАПОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Бейбіт Өмірзақұлы, ең алдымен Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметімен таныстыра кетсеңіз? Негізінен қандай жұмыспен айналысасыздар?
– Біздің негізгі қызметіміз – 112 нөмірі бойынша төтенше жағдайлар, өрт, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, шұғыл көмекті қажет ететін өзге де жағдайлар туралы берілген мәліметті қабылдап, оларды өңдеп, сол бойынша жедел қызметтерді оқиға орнына жіберуді ұйымдастыру және қауіп-қатерлер жайында халықты құлақтандыру болып табылады. Кейде адамдар 101 – өрт сөндіру қызметіне хабарласып, бізге тиесілі істерді соларға айтып жатады. Ондай жағдайларда өрт сөндірушілер ол ақпаратты бізге береді.
Біздің басқарма Қарағанды облысындағы орталық бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі болып табылады. Бізден бөлек, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларында да кезекшілік-диспетчерлік қызметтер бар. Онда тек өрт сөндіру қызметінің диспетчерлері барлық қоңырауларға жауап беріп отырады. Егер өз аумақтарына қарасты жерлерден шұғыл хабарламаларды қабылдап, күштері жетсе, өздері қам жасайды. Ал, қолдарынан келмейтін болса, бізге хабарласып, әрі қарай осы жерден біз төтенше жағдай орнына арнайы техникаларды жібереміз.
Жалпы, біздің қызметтегі негізгі талап – жеделдік. Неғұрлым жедел іс-әрекет етсек, соғұрлым қауіп-қатердің алдын аламыз. ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті біздің осы жедел қызметімізді бағалап, өткен жылдың үздігі деп таныған болатын.
– Мұнда қанша қызметкер еңбек етеді?
– Бізде 4 ауысым бар, қайсысы таңертеңгі 9-да қызметке түссе, келесі күнгі таңертеңгі 9-ға дейін 1 тәулік жұмыс істеп, одан соң келесі ауысым келеді. Әр ауысымда 5 адамнан бар.
Тұрғындарға смс-хабарлама жіберіп, құлақтандырамыз дедіңіз. Ол қалай жүзеге асады?
– Біз «Қазгидрометпен» тікелей қарым-қатынастамыз. Олар бізге күн сайынғы ауа райы болжамдарын жіберіп отырады. Дауыл, боран секілді тосын жағдайлар күтілсе, оны алдын ала хабарлап айтады. Біз ол хабарды тиісті органдарға, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға жібереміз. Сонымен қатар, республика бойынша қызмет істейтін 4 байланыс операторы арқылы смс-хабарлама таратып, жұртты құлақтандырамыз.
Бұдан бөлек, телерадио арқылы шұғыл ақпарат беру (телерадиоперехват) қызметіміз де бар. Бұл жерде телеарналардан және радиодан беріліп жатқан бағдарламаны кез келген уақытта үзіп, қауіп-қатер жайында хабарланады. Бұл негізінен аса шұғыл жағдайларда орын алатын жағдай.
Мысалы, былтыр еліміздің бірнеше қаласында болған террористік актілерден кейін елімізде терроризмнің сары деңгейі жариялануына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен өзара іс-әрекеттестік жасау туралы ұсыныс келді. Егер алда-жалда қауіп-қатер туындап жатса, біз жергілікті және кабельді телеарналар мен радиолар арқылы шұғыл ақпарат беретін болдық.
Смс-хабарлама тарату үшін «Қазгидрометтен» бөлек, басқа қандай мекемелердің мәліметтерін аласыздар?
– Мысалы, қысты күндері боран, жолдың тайғақ болуына байланысты Жол-патрульдік полициясынан немесе жолдарға жауап беретін «Қазақавтожол» мекемесінен жолдың жабылғаны туралы мәліметтер келіп түседі. Біз оларды да дереу арада байланыс операторларына жолдаймыз.
– Жұртшылық тарапынан кейде 112 хабарламалары кеш келіп жатады деген наразылық айтылып қалады. Мұның себебі неде?
– Жасыратыны жоқ, ондай жағдайлар болып тұрады. Кейде еліміздің барлық аумағында ауа райы бұзылып, бірнеше облыста қатарынан жолдар жабылуы мүмкін. Біз өзіміздің мәтінімізді дайындап, операторларға бергенде, олар «Сіздер кезекте тұрсыздар, қазір біз Шығыс Қазақстанның хабарламасын таратып жатырмыз» деп күттіріп қояды. Осындай күтудің салдарынан хабарламаларымыз кей уақыттарда бірнеше сағатқа кешігіп, жол ашылғаннан кейін де халыққа жіберіліп жатады. Ондай жағдайлар, әсіресе, қыстың кезінде жиі болып тұрады. Сол кезде тұрғындар 112-ге қоңырау шалып: «Сендер неге өтірік хабар таратасыңдар, жол ашық қой», – деп наразылықтарын білдіретіні рас.
112 нөміріне күніне қанша қоңырау келіп түседі?
– Әртүрлі. Кей күндері мыңнан аса қоңырау шалынады. Оның ішінде көмекті қажет ететін жағдайлар да, жай анықтамалық сипаттағы қоңыраулар да бар. Бұлардан бөлек, кейде дұрыс түсінбей, мүлдем бізге қатысты емес шаруалар бойынша 112-ге шығып, мәселесін айтып жататындар бар. Қыстың көзі қырауда маң далада қалып, төніп тұрған ажалдан біздің көмегіміздің арқасында құтылып шыққандар алғыстарын жаудырып жатады.
Естуімізше, жаңа көліктерге 112-ге қоңырау шалуға болатын арнайы тетік орнатылатын болыпты.
– Иә, ондай әңгіме бар. Бірақ, ол әлі нақты шешілген мәселе емес. Біздің білетініміз, 2017 жылдан бастап шыққан автокөліктерге GPS-навигаторлар орнатылады. Сол арқылы біз апатқа ұшыраған немесе далада қалып қойған көліктің қай жерде екенін көре аламыз, сондай-ақ, көліктің ішінде бізге тікелей хабарласа алатын мүмкіндігі де болады. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ, Астана-Қарағанды-Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Бюджет саласының сақшылары

Таяуда ІІМ Ішкі аудит департаментінің құрылған күні аталып өтті. Жалпы тоқталып өтсек, бұған дейінгі ІІМ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған