Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Көлікке көрік берген шенді шебер

Көлікке көрік берген шенді шебер

Жақында Жезқазған қаласына жолымыз түсті. Ондағы мақсат – осы бір мысты өңір мен оған қоңсы орналасқан Сәтбаев қаласындағы полицияның пәрменін көріп, тынбай жалғастырып жүрген еңбектерімен етене танысу еді. Бұл енді… алдағы уақыттың әңгімесі. Қазір айтпағымыз – сол сапар барысында жолыққан Жезқазған қалалық Ішкі істер басқармасындағы қарапайым ғана көлік жүргізушісінің ісмерлігі.
Алдымен ат басын Жезқазған қалалық ІІБ-не тіредік. Аз-кем танысып, әжептәуір әңгімелесіп отырғанда, басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Исатай Қосжанов бір қызықтың шетін қылтитты. Айтуынша, өздерінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін полиция старшинасы Жолаушы Ахановтың қолынан келмейтіні жоқ екен. Жас өнертапқыш Кеңес үкіметінен қалған ескі-құсқы жеңіл көліктерді зауыттан жаңа шыққандай етіп, қапысыз қатарға қосатын көрінеді. «Көп рет естігеннен бір рет көрген жақсы» дегендей, одан кейін тысқа шығып, шенді шебердің өзімен жолығуға асықтық.
Жолаушы деген атына жол жүретін техниканың тілін білетін заты сай азамат өте қарапайым болып шықты. Артық салмағы жоқ, жіптіктей жігіт. Жасап шыққан жақсы көліктерін жанын сала жарнамалауға тырыспайды. Мінезі ауырлау екен. Әр сұрақтың жауабын қысқа ғана қайыра салады. Бізге таңсық болып тұрған тың жаңалық – ол үшін үйреншікті үдеріс екені белгілі. Сонда да жүргізуге жарамайтын, пайдасын пайымдауға да келмейтін, әбден тозығы жеткен УАЗ автокөліктеріне оның қалай «жан бітіретінін» білуіміз керек-ақ. Өзіміз үйреніп алу үшін емес, оқырмандарымызға осындай қазақ азаматтары бар екендігін шаттана, шабыттана паш ету үшін, әрине.
Жолаушы Сәтжанұлы көлікжайдың есігін асықпай-аптықпай ашып, жалт-жұлт еткен үш УАЗ-ды бір-бірден ызылдатып аулаға алып шығып жатқанда, ауызымыз ашылып қалды. Ғажап!
Күнге шағылысып тұрған керемет көліктерді айналшықтап қарап шыққаннан кейін, оның бірін көшеге алып шығып, Жолаушымен жолай сөйлесуге келістік.
«Мен бұл ескі көліктерді қолынан іс келетін жастар көрсін, соларға үлгі болсын деген мақсатта қайта жөндеп шығарып отырмын. Өзім де бұл істі кеш бастадым. Мәселен, өздеріңіз көрген үш УАЗ-дың біріншісін 2015 жылы құрастырғанмын. Екіншісін 2016 жылы жаңартып, сол сәтте Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қарағанды облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаровтың қолынан 300 мың теңге сыйақы алдым. Үшіншісін де осы жылдың 16 желтоқсанына дейін жасап үлгердім. Бұл УАЗ-дар бұрын жергілікті полицияның пайдалануында болып, көп жылдан кейін ескіруіне байланысты есептен шығарылған көліктер», – дейді шебер.
Жасағанда да жай жасай салмағаны көрер көзге анық аңғарылады. Көлік қозғалтқышы да автоматтандырылған. Қолындағы кілтке жалғанған бармақтай құрылғының бір тетігін қашықтықтан басып қалса, гүр етіп от ала кететін көліктерді өзінің қалауынша өзгертіпті. Кәдуілгі УАЗ екендігін айқындап тұратын әрбір детальді ресейлік автозауыттарға тапсырыс беріп алдыртқан. Шетелдік көліктердікіндей етіп орнатқан жарық шамдарына дейін сол жақтан жеткізілген УАЗ бөлшектері. Ешқандай да жапон, кәріс, неміс елдерінен шығатын заманауи автокөліктердің құрал-саймандары пайдаланылмаған. Арқалығына ішкі істер органдарының таңбасы бедерленген орындықтарының былғары қаптамаларын да жезқазғандық досы екеуі өз қолдарымен тіккен көрінеді.
«Басшылық бір көлікті бір айдың ішінде жасап шығар десе, мен оны жарты-ақ ай ішінде алып келемін. Сол үшін жұмыстан қолым қалт еткен уақыттың бәрін өзімнің ТҚКС-ыма арнаймын. Тіпті, 24 сағат бойы тапжылмай жұмыс істейтін кездерім бар. Осындағы жолдастарым көмектесіп тұрғанмен, машинаның негізгі бөліктерін моторынан бастап тек өзім құрастырамын. Баяғыдан бері қаңтарылып тұрған қаңқасынан басқасының бәрі – жаңа сайман», – дейді Жолаушы Сәтжанұлы.
Енді кейіпкеріміздің қысқаша өмірбаянына тоқталып өтсек, мынадай қызық жайтқа қанық боласыздар… Өзі 1975 жылдың 5 шілдесінде Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Жұмысын әскери борышын өтеп келген соң, яғни 1996 жылдың 5 шілдесінде Қаражал қалалық ІІБ-нен бастайды. Ал отбасын 1998 жылдың 5 шілдесінде құрған. Жезқазған қаласына сол жылдың тамыз айында қызмет бабымен қоныс аударыпты. Бұл 5 шілделерге қарап отырып, тіпті, оны туған күнінде де тыным таппайтын азамат дерсіз…
Қазір Жолаушы Аханов зайыбы Сәлима Ақбиевамен бірге үш ұл тәрбиелеп отырған отағасы. Үлкені Бақдәулет – Жезқазған политехникалық колледжінің теміржолшы мамандығы бойынша 2-курс студенті, ал ортаншысы Бекболат – 3-сынып оқушысы. Кенжесі Әмірхан болса, 2015 жылы дүниеге келген сәби.
Қызметін қарапайым көлік жүргізушісі болып бастаған полиция старшинасы әлі де сол жұмысынан қол үзбек емес. Бұл ретте, Қарағанды облыстық ІІД және Жезқазған қалалық ІІБ басшылығы өз ісін жетік білетін маманның ісмерлігін жоғары бағалап отыр. Біз оған сәттілік тілеп, Сәтбаев қаласына қарай жол жүруге жинала бастағанымызда, Жаңарқа ауданынан тағы бір «шаршап қалған» УАЗ-дың құр сүлдері жеткізілді. Ол да бір айдың ішінде «аттай шауып кетуі керек» екен. Бізге ескі-құсқыны жаңартудан бір жылдай қол үзіңкіреп отырған Жолаушы Сәтжанұлы оны қуана-қуана қарсы алғандай болып көрінді. Сақшыларға сапалы көлік сыйлауға асығып тұратын аңқылдақ шебердің бұл салдыр-гүлдір еткен салдаманы да ешкім танымастай етіп өзгертіп жіберетініне сеніміміз кәміл.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Осал нысандарға айрықша назар

Пәле қайдан дерің бар ма? Жан-жағың анталаған жау. Баяғыдай жоңғар немесе фашист келіп қалған жоқ. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған