Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Генерал жүлдесі үшін

Генерал жүлдесі үшін

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Спортпен айналысқан адам өмірдің мәнін, ғұмырдың сәнін біледі. Өйткені, «Спорт – саулық кепілі» деген қанатты сөз бостан босқа айтылмаса керек. Осы бір сөзді Академияның басшылары, қызметкерлері және курсанттары күнделікті өмірлерінде басты назарда ұстайды.
Академия қабырғасында сенбі-жексенбі күндері әрдайым спорттың түр-түрінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Бұл шара Академияның дәстүріне айналған міндет десем, артық айтқандық болмас еді. Кезекті бір демалыс күндері ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының спорт кешенінде Қазақстан полициясының 25 жылдығын мерекелеуге орай, алғаш рет республикалық деңгейде еліміздің құқық қорғау органдары ведомстволық оқу орындары арасында самбо күресінен және жауынгерлік самбодан генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевты еске алу І кубогы өтті. Жарыс өте керемет жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен есте қалды. Жарыс Академияның бастамасымен қолға алынып, Ішкі істер министрлігінің және Қостанай облыстық және қалалық спорт басқармасының, одан қалды, Қазақстан Республикасы Самбо күресі федерациясының және Қазақстан Республикасы «Динамо» ДСҚ қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов тебірене сөз сөйлеп, Шырақбек атамыз туралы естелік сөздер айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Біз бүгін Академияда Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында алғаш рет генерал-лейненант Шырақбек Қабылбаевты еске алу кубогын ұйымдастырып отырмыз. Бұл жарыстың болашақта ішкі істер органдарында қызмет ететін сіздер секілді болашақ офицерлерге тигізер пайдасы зор. Өйткені, қылмыскерлерді ұстау кезінде қайсар мінездеріңізбен қоса, спорттық машықтарыңыз да қажет екенін жақсы білесіздер. Сондықтан, бүгінгі самбо және жауынгерлік самбо күресі осының айғақ дәлелі ретінде ұйымдастырылып отыр.
Жалпы өткізіліп отырған жарыстың мақсаты – Президент Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиялық даму бағдарламасын, 2020 жылға қарай стратегиялық мақсаттарды саламатты өмір салтын қалыптастыру идеологиясы негізінде жүзеге асыру және мемлекет, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант, ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың ерлігін, еңбегін жас ұрпаққа дәріптеу, сондай-ақ, ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру және Отанға деген патриоттық сезімдерін тәрбиелеуде самбо күресінің алатын орнын көрсету болатын», – деді Мирлан Ахмедияұлы.
Жарыстың өту аясында осы мақсаттың орындалғанын балуандардың бір-біріне дес бермей белдескенінен аңғаруға болғандай еді. Әр команда өз оқу ордасының намысын қорғап, жақсы күрес көрсете білді. Аталмыш жарысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен атойлатып келген 12 команданың 100-ден астам спортшысы қатысты. Әр салмақтан жарысқа түскен спорт қырандары боз кілем үстінде жанкүйерлердің делебесін қоздыратындай әдемі әдіс-тәсілдер көрсетіп, көрермендердің көңілінен шықты. Әсіресе, 62 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Астана қаласы оқу орталығының балуаны Архат Байдарбековтің жауынгерлік самбодан қарсыласына дес бермей, жеңіске жеткені барша көрермендерді қатты таңғалдырды. Ол төрешілерден әділ бағасын алып, жеңіске жетіп, өз салмағында жеңімпаз атанды. Архаттан басқа да спортшылар өте тамаша өнер көрсете білді. Тіпті, Қостанай Академиясының атынан шыққан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірінші курс курсанты Жан Сәбитті ерекше атап өтуге болады. Өйткені, қарсыласының салған әдісіне қарсы өз әдісін қолданып, жауырынын жер қаптырып, күресті сүйсіне қарап отырған Академия басшыларын және төрде отырған құрметті қонақтарды риза қылып, спорт кешенін жанкүйерлердің ду қошеметіне бөледі. Боз кілемде шеберлігін өте жақсы қолданған Жан бауырымыз жеңіске жетіп, 1-орынды иеленді.
Жарыс соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Бұл жарыстың өтуіне ат салысқан Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі, «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы орталық кеңесінің төрағасы Қалмұханбет Қасымовтың «Динамолық» қозғалысты дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалімен  марапатталды. Сондай-ақ, республикалық жарыстың өтуіне маңдай терін сіңірген Академияның қос қызметкері, полиция подполковнигі Бағдат Өтенов пен полиция подполковнигі Руслан Таңқыбаевқа «Динамо» ДСҚ қоғамдық бірлестігінің «Самбо күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» грамотасы табысталды. Жарыс соңында жеңімпаздарға естелік кубоктар беріліп, марапаттау громаталары табысталды.
Жалпы жарыста команда бойынша 1-орынды Қостанай Академиясы, 2-орынды Алматы Академиясы, 3-орынды Қарағанды Академиясы, ал 4-орынды Ұлттық ұлан місе тұтты. Сонымен, генералдың алғашқы кубогын иеленген жеңімпаздарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Спорттық самбо: 52 келі – Альфия Кабдел (Алматы Академиясы), 57 келі – Ян Лозинский (Қарағанды Академиясы), 62 келі – Ерік Берік (Алматы Академиясы), 68 келі – Буняд Негматов (Қарағанды Академиясы), 74 келі – Исмоил Боев (Ұлттық ұлан), 82 келі – Дархан Дәулет (Ұлттық ұлан), 90 келі – Шыңғыс Ақжолов (Алматы Академиясы), +90 келі – Жан Сәбит (Қостанай Академиясы).
Жауынгерлік самбо: 62 келі – Орынбек Нөгербеков (Қостанай Академиясы), 68 келі – Еркебұлан Өндірбай (Қостанай Аакадемиясы), 74 келі – Рүстем Ермекұлы (Қостанай Академиясы).

Мейрам ОСПАНОВ, фотоны түсірген С. КАМАЛОВ, Қостанай қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған