Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Спорт – полицейлер үшін бірінші орында

Спорт – полицейлер үшін бірінші орында

Полиция қызметкерінің өмірінде спорттың алатын орны ерекше. Спортпен шұғылданатын адамдар жұмысында тәртіпті, шапшаң, ісінде табанды болады. Олар әрдайым қойған мақсаттарына жете біледі және төтенше жағдайларға дайын жүреді. Ал бұл қасиеттер ІІО-да қызмет атқарудың тікелей талаптары болып табылады.
Жуырда Атырау қаласында ерлер және әйелдер арасында кикбоксингтен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен еді. Жарыстың нәтижесі бойынша Азия, Әлем чемпионаттарында Қазақстан Республикасының абыройын қорғайтын спортшылар Ұлттық құрама командаға іріктелді. Жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан 17 команда қатысты.
Жарыста Павлодар облысының абыройын полиция лейтенанты Нұрсұлтан Хасанов қорғады. Ол табандылығы мен ерен еңбегінің арқасында осы турнирде 67 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атағына ие болды. Бұл Нұрсұлтанның жалғыз жетістігі ғана емес, ол кикбоксингтен 2012, 2015 жылғы Азия чемпионы, 2012 жылғы Әлем кубогының иегері, 2008 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Нұрсұлтан Хасанов ішкі істер органдарында 2016 жылғы қараша айынан бері қызмет атқарып келеді. Павлодар облысы, Ертіс ауданының тумасы. Жасы 25-те. Жалпы орта білім мектебін Екібастұз қаласында, кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының «Денешынықтыру» факультетін бітірген. Нұрсұлтан спортпен балалық кезінен шұғылданады. Оның спортқа деген сүйіспеншілігін ағалары оятқан екен. Нұрсұлтанның жетістіктері туралы айтқанда оның жеке бапкері Сабыржан Өмірбайұлын ерекше атап кеткен жөн. Ол кісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Павлодар облысының «Алға» спорт клубының бас бапкері. Сабыржан Жақыпов қызмет жолында бірталай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған жан.
Қолайсыз күн тәртібіне, қызмет атқару ережесіне қарамастан Нұрсұлтан спортқа уақыт тауып, жаттығудан қалмауға тырысады. Сонымен қатар, қызметтен тыс уақыттарда жас балаларды жаттықтыруға да үлгеріп жүр. Қазақстан чемпионатындағы биылғы жетістігі үшін Павлодар облыстық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев Нұрсұлтанды ІІД-нің алғыс хатымен марапаттады. Оған болашақта биік жетістіктерден көріне беруіне тілектес екенін және кез келген жағдайда адамгершілік қасиетін сақтап қалудың маңызы туралы ақылын айтты.

Айдана ИГСАТОВА, Павлодар облысы фото автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Бассейндегі бәсеке

ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің жеке құрамы Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойын жыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған