Жамбылдағы алқалы жиын

Жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының барлық ауылдарында бейнебақылау жүйесі орнатылмақ. Бұл туралы қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыстардың алдын алуды мұрат еткен сараптау тобының кезекті отырысында айтылды.
Жамбыл ауданы – өңірдегі қазақ жұрты көп шоғырланған өлке. Қазақ малсыз отырмайды. Малдың еті ас, сүті қорек болса да, бір басқа жетер машақаты да бар. Оны күтіп-баптау өз алдына, аман-есен ұстап тұрудың өзі үлкен бір шаруа. Қорадағы малдың өзін «барымташылар» тапа-тал түсте жетектеп кеткен кездер де болған.
Жиынға облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов пен аудан әкімі Иван Турков қатысып, жергілікті қылмыстық ахуалға баға берді. Бүгінде Пресновка ауылында 11 бейнебақылау камерасының орнатылғанын, соның арқасында алдыңғы жылмен салыстырғанда қылмыстар едәуір азайғанын айтқан аудан әкімі қалған барлық ауылды осындай жүйемен қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Жамбыл ауданында 21 мыңнан астам адам тұрады. Ауданда 53 елді мекен, 13 ауылдық округ бар. Оларға 14 учаскелік полиция инспекторы мен 4 көмекші қызмет көрсетеді. Аудан орталығында орнатылған бейнежүйелерге жазылған бейнелер аудандық ішкі істер бөліміне келіп түседі. Үстіміздегі жылы аудан әкімдігі аудан орталығында бейнебақылау камераларының санын көбейтуге қаражат бөлді. Қосымша 14 бейнекамера және көліктердің мемлекеттік тіркеу н-нөмірлерін анықтауға арналған «Ағым» жүйесі орнатылмақ. Отырыс өткен Пресноредуть селосында 4 бейнекамера қойылыпты. Олардағы жазба учаскелік полиция пунктіне келіп түседі. Сондай-ақ, полицейлердің көлік паркін жаңарту да жоспарда бар. Іс-шара соңында Иван Турков аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Арман Құтұшевке жаңа КІА автокөлігінің кілтін табыс етті.
Жиын барысында аудандық ЖПҚ бастығы Нұрлан Мұхамеджанов атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп берді. Оның айтуынша, маскүнемдікпен, қайта жасалатын қылмыстармен күрес ерекше бақылауда.
Отырыс аясында облыстық полиция ведомствосының жетекшісі мен аудан әкімі ауылдық округтің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Хасан Шәукеровтің жұмысымен танысты. Оның осы округте қызмет атқарып жүргеніне бір жылға жуық уақыт болған. Алаңсыз жұмыс істеуі үшін оған қызметтік пәтер берілген. «Жұмысты табысты атқаруға барлық жағдай жасалды. Маған артылған сенім мен қамқорлықты ақтау үшін бар күшімді саламын. Мен үшін ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы», – дейді полиция капитаны.
Жиыннан соң облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов азаматтарды қабылдады.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*