Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Көлік кептелісін қалай шешеміз?

Көлік кептелісін қалай шешеміз?

Көше толы көлік. Қарбалас шақтағы кептеліс. Азан-қазан. У-шу. Бұл көріністің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан?! Кейде тіпті Астана қаласында көлік қозғалысы таңғы төрт-беске дейін саябырсымай жатады. Әсіресе, Тұран, Қабанбай батыр, Республика, Бөгенбай батыр, Абай даңғылдары мен Кенесары, Сейфуллин, Уәлиханов көшелері – ең түйіткілді тұстар. Бұл тұрғындардың басын ауыртып қана қойып отырған жоқ, жергілікті биліктің де бас ауруына айналды.
Көліктің көптігі бір жағынан экономикалық көрсеткіш болып та табылады. Әсіресе, жеке көліктің көп болғаны – әлеуметтік әл-ахуалдың жоғары екендігінің белгісі. Бірақ, өзіңе тиетін таяқтың екінші ұшы – осы көлік кептелісінде.
Өзге қалаларды қайдам, еліміздегі урбанизация мен агломерация эталоны Астана қаласында бұл мәселенің тиянақты шешімі қолға алынған. Онда да халықаралық деңгейде. Терең зерттелген, күрделі талданған, өзіне тән модулі анықталған. Осы бағытта кешенді стратегиялық ауқым белгіленген. Зерттеу барысында әлемнің өзге де ірі мегаполистеріндегі секілді бұл мәселенің әлдеқашан тамыр жайып кеткендігі белгілі болып отыр. Сондықтан да, қала жолдарындағы жүктемені азайту – ол уақыттың мәселесі.
«Көлік кептелісін тек азайтуға болады, мүлдем жойып жіберу мүмкін емес» дейді біз хабарласқан «Астана LRT» ЖШС мамандары. Компанияның негізгі міндеті – Астана қаласының көлік қатынас кешеніне модернизация жасау. Яғни, шаһардың көліктік инфрақұрылымын дамыту, қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер желісін жетілдіре түсу, жол-көлік саласындағы инновациялық жобаларды жаңа технологияларды қолдана отырып жүзеге асыру. Сонымен қатар, бұл компания халықаралық сарапшылардың қатысуымен транспорттық және консалтингтік талдаулар жасайды.
Сонымен, көлік кептелісінің себебі неде? Мамандардың айтуынша, ең бірінші кезекте автомобиль санының күрт көбейіп кеткендігінде. Автокөлік саны жыл сайын арта түсуде. Бүгінгі таңда елордада мың адамға 350 көліктен келеді екен. Қазір кейбір отбасыларда бір емес, екі және одан да көп көлік бар. Бұл қалыпты нормаға айналды. Одан бөлек сырттан, аймақтардан келетін көлік саны артты. Таңертеңгі, түскі немесе кешкі қарбалас кезеңдердегі кептелістер бірінші кезекте осы көлік санының көптігімен байланысты. Олар: жұмысына бара жатқан, балаларын мектепке, балабақшаға апара жатқан, жекеменшік такси болып табыс тауып жүрген және т.б. қала тұрғындары. Коммуналдық, арнайы, төтенше және мемлекеттік қызметтер сияқты т.б. мекемелердің көліктері. Мың адамға 350 көліктен келеді деген сөз – үш адамға бір машинадан келеді деген сөз. Тұрғындар саны миллионға жетті деп жатырмыз. Ендеше қала көшелерінде қазір ең азы үш жүз мыңға жуық көлік жүр десек, қателеспеспіз.
Ал, оның зияны мен зардабы қандай? Ен бірінші кезекте қала көшелеріндегі қозғалысқа қолайсыздық тудыратындығында және жазатайым жағдайлар қаупінің артып отырғандығы. Әсіресе, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткендігі алаңдатады. Екіншіден, ауаға бөлінетін улы түтіндер қоюлығы – экология мәселесі. Түптеп келгенде, қала көшелеріндегі азан-қазан, у-шудың, машина түтіні мен қозғалыс қолайсыздығының адамның жүйке жүйесіне түсіретін салмағы, денсаулығына салар зардабы. Бүгінгі өмір салтына үйренісіп кеттік дегенімізбен де, қолымыз қалт етсе, табиғат аясына асығып тұратынымыз жасырын емес.
Не істеу керек? Әуелгі ретте, көлік санын азайту қажет. Неге қалалықтар балаларын мектепке немесе балабақшаға автобуспен апармасқа? Жекеменшік таксилерді неге тыймасқа? Қала маңы елді мекендерінің тұрғындары неге қалаға қоғамдық көлікпен келмеске? Зерттеу көрсеткендей, 12 метрлік 60 орындық автобус жолдың бір жолағын ғана алатын болса, 60 адам мінген немесе сиятын 15 жеке көлік жолдың қос жолағының екі қатар 20 метрін алып тұрады екен. Автобусқа тұрып тұрғандарды қосқанда сексен-тоқсан адам сияды десек, әлгі 15 көліктің бірінде бес адам, бірінде бір адам ғана болып, алпыс адамға толмауы да мүмкін.
Одан кейінгі мәселе – қала жолдарының сыйымдылығын, өткізгіштігін, қозғалыс кезектілігін реттеу қажет. Иә, біреулер үшін мәселенің шешімі қала жолдарын кеңейтуде болып көрінуі ықтимал. Елордалық көлік жүйесін жаңғырту саласының мамандары ол мүмкіндікті де қарастыратын боламыз дейді. Әйтсе де, Астананың барлық жолдарын өзгерту мүмкін емес екен. Оның үстіне әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай – жолдарды кеңейту тек уақытша нәтиже береді. Өйткені, қала тұрғындары автомобиль қозғалысына қолайлы ахуал тудырып жатқанын көрген беттен-ақ, көлік алуға ұмтылады. Ал бұл көлік кептелісін қайтадан сол қалпына алып келеді деген сөз. Ал кептелісті жоюдағы мақсат – қаладағы көлік санын азайту.
«Біз жолдар санын көбейтіп, көпірлер мен тарқатпа қиылыстар салғанымызбен, бұл мәселені діттегеніміздей шеше алмаймыз. Сондықтан да бірінші кезекте бар жолдардың тиімділігін еселеуді ойластырудамыз. Оның бірден-бір жолы – қоғамдық көлікке, яғни бағдарлық тасымалға деген сұранысты арттыру үшін жағдай туғызу. Қала тұрғындары тек автобуспен жүруі керек деп санаймыз. Қазірдің өзінде бізде автобустар бір күнде 850 мың рейс жасайды. Қоғамдық көлікпен Астана халқының 30-35 пайызы қатынайды. Бұған дейінгі қабылданған шаралар нәтижесінде бұл көрсеткіш биыл 7 пайызға көбейеді деп күтіп отырмыз. Бұл, әрине, Астана үшін өте жоғары көрсеткіш. Біздің автобустар нақты бір кестемен сағат сияқты қатынап тұруы қажет», – дейді мамандар.
Ендеше, қоғамдық көліктің танымалдылығы кептелісті жоюдың кепілдігі десек, бұл бағытта не істеліп жатыр? Елордамызда былтырғы жаз айынан бастап енгізілген бір бағытты қозғалыс жаңашылдығы жүргізушілерге не берді? AstraBus, BusLane, AstraPlat, SchoolBus, CityTaxi, ShuttleBus деген тың әрі таңсық сөздер нені білдіреді?
Бұл қойылып отырған сұрақтар жол қозғалысына қолайлы ахуал туғызудағы қарастырылып отырған кешенді шаралардың бір тізбегіндегі мәселелер. Айталық, қазір Астанада 1 млн-нан астам халық тұрып жатыр. Елорда аталғалы бері мұндағы халық саны 3 есеге көбейді. Мәселен, елордамыздың бас жоспарын жасаған бас сәулетші, жапондық ғалым Кисе Курокаваның 2001 жылғы жоспары бойынша, Астанада 2030 жылы 280 000 автокөлік болады деп болжам жасалған екен. Ал Астанамыздың көркеюі мен дамуы болжаған көрсеткіштерден мерзімінен бұрын асып түсті. Бұл, әрине, қуантарлық жай. Сондықтан да, бұл проблемаға Қазақстан тосыннан тап болып отыр деуге де негіз бар. Астана әкімдігі бұл мәселе елорда имиджіне нұқсан келтірмеуі үшін уақытылы шешім қабылдап, бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және көше-жол желісіне жүктемені төмендету мақсатындағы басты бағыттарды айқындады. Солардың бірқатары – жылжымалы құрамды жаңарту (City Bus-1, City Bus-2 және City Bus-3); көліктік бақылау қызметін (КБҚ) құру; қоғамдық көліктің бағдарлық желілерін (ҚКБЖ) жаңарту; қоғамдық көлікке бөлінген арнайы жолақтар енгізу (BusLane); мектеп оқушыларын тасымалдауды енгізу (SchoolBus); Қалалық такси қызметін ұйымдастыру (CityTaxi); қала маңы және қалааралық тасымалдар үшін автовокзалдар мен автостансалар салу; интеллектуалды қиылыстар және тағы басқалар.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун Парламент Сенатының отырысында: «Қоғамдық көліктердің сапасы мен сұранысты арттыру, жылжымалы құрамды жаңарту және қоғамдық көлікті модернизациялау мақсатында қалалық бағдарларға 2015 жылы 358 автобус алынған болса, 2017 тағы 210 автобус алу қарастырылған. Бұл автобустар халықаралық стандарттарға жауап беретінін айта кеткен абзал. Жолаушыларды тасымалдайтын аталмыш көліктер климат-бақылау жүйесімен жабдықталған, бейнекамералар орнатылып, автобустың ішінде жүргіншілерге ақпарат тарату мақсатында TFT-табло орнатылса, сыртында LED-табло бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен бесікарба жетелеген аналарға ыңғайлы болу үшін автобустарға кіретін есіктің төменгі жағында жылжымалы пандусы да бар. Бұл жолаушылар үшін қолайлы әрі ыңғайлы.
Жүргізілген талдауға сәйкес, жобаны іске асыру көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 4%-ға арттыруға, азаматтардың қоғамдық көліктің жұмысына қанағаттану деңгейін 13%-ға, қоғамдық көлікке сұранысты 24%-ға ұлғайтуға, автомобилизация деңгейін 2%-ға төмендетуге, экологияға әсерді 8%-ға азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін 24%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көліктік құрылымды бір жүйелендіру, жоспарлау, шешу, экономикалық басқару – мұның барлығы заман талабы. Бұл жүйе жоспарлы түрде көліктік мәселелерді оңынан шешуге мүмкіндік береді», – деген болатын.
Былтыр шілде айында елорда көшелеріндегі жол қозғалысын біршама жеңілдету мақсатында Бауыржан Момышұлы және Бөгенбай батыр көшелерінде «Bus Lane» пилоттық жобасы жүзеге асты. Ал, тамыз айында қосымша белгіленген жолақтар Кравцов, Мұңайтпасов және Сығанақ көшелерінде пайда болды. Бүгінде ұзын-саны 11 көшеде осындай жолақ бар. Мамандардың айтуынша, бұл автобустардың орташа жылдамдығын 12-15%-ға арттыруға мүмкіндік берді. 2017 жылы жалпы ұзындығы 64,7 км болатын 14 учаскені қосымша енгізу жоспарланған. Астана тұрғындарының 33-35% қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінетінін ескерсек, бұл жоба көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Сол себепті «Астана LRT» компаниясы болашақта Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, сондай-ақ, Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре беруді жоспарлайды. Аталмыш Bus Lane жолақтарымен қоғамдық көліктерден өзге тек жедел қызмет көліктері жүре алатынын айта кеткен жөн. Аталмыш тәртіптің сақталуын жол полициясы мұқият қадағалайды.
2016 жылдың 11 маусымнан бастап Астана қаласының көше-жол желісіне түсетін жүктемелерді азайту мақсатында Абай даңғылына, Кенесары көшесіне және Янушкевич көшесіне бір бағытты қозғалыс енгізілді. Бір бағытты қозғалыстың жалпы ұзындығы 9,6 км болды. Ал одан соң Әуезов және Желтоқсан, Бөкейхан, Ағыбай батыр көшелері де осындай жүйеге ауыстырылды.
«Бір бағытты қозғалыс кептелісті азайтып жіберді деп айтуға әсте болмайды. Дегенмен, бұл шара көлік кептелісін 10 пайызға азайта алды. Оған қоса Республика және Жеңіс даңғылдарына түсетін ауыртпалықтар біршама төмендеді. Аулаішілік жолдармен қатынас көбейді. Өйткені, жүргізушілер баратын жеріне жету үшін альтернативті бағыттарды ойластыра бастады. Ал бұрын ол көшелер бұйығы жатқан болатын. Бір бағытты қозғалыстың ендігі артықшылығы – қақтығысып қалу нүктелерінің азайғандығы, яғни, апаттық жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының қатары қысқарды. Жолдардың өткізгіштік мүмкіндігі артып, жол жүру уақыты қысқарды. Бұл бір реттен көліктердің ауаға бөліп шығаратын түтіні азайып, экологияға да тигізетін залалы азайды деген сөз», – дейді мамандар. 2017 жылдың екінші тоқсанында Абылай хан және Ш. Құдайбердіұлы даңғылдарында 5,3 километр жолда біржақты қозғалыс енгізу арқылы көшенің жекелеген бөліктерінде көлік ағынының жылдамдығын арттыру жоспарланған.
Сонымен, көлік кептелісінің проблемасымен бірге біздің ұғымымызға AstraBus, BusLane, AstraPlat, SchoolBus, CityTaxi, ShuttleBus, жылы аялдамалар павильоны, валидатор, SMART-cart, TFT-табло сынды тағы да басқа бірқатар сөздер енді.
Ол сөздердің ішінде біздің жанымызға жақын боп қалғаны, әрине, AstraBus сөзі. Бұл смартфондары бар жолаушылар үшін таптырмас қосымша. Онда қаладағы барлық автобустардың қай жерде келе жатқандығы онлайн көрсетіліп тұрады. Бір мысал, жұмысыңызда отырып, өзіңізге қажетті автобустың қай жерде келе жатқанын AstraBus-тан қарап алып, ол жақындап қалды-ау деген мезетте аялдамаға шыға қоясыз. Бұл әсіресе, қақаған қыс мезгілінде өте қолайлы. Тағы бір мысал, барар жеріңізге автобусқа ауысып отыру арқылы бару керек болса, бірінші автобуста келе жатып, баратын жағыңызға жүретін неше автобус болса, солардың қай жерде келе жатқанын қосымшадан қарап алып, ыңғайлы аялдамадан түсіп қала саласыз. Қазір бұл қосымша жетілдіріліп, енді онда «Аялдама» деген бөлім пайда болды. Яғни, қай аялдамаға қай автобус қай уақытта, қайсысы бірінші келетінін ұялы телефоныңыздан қарай саласыз. Бұрын мұндай ақпарат тек TFT-таблоларда ғана тұратын. Осы уақытқа дейін бұл қосымша 355000 рет жүктелген екен. Оның ішінде iOS жүйесіне 98000 рет, ал Android-қа 257000 рет көшіріліпті. Соның ішінде оның қызметін белсенді пайдаланушылар саны 180 мың адамға жеткен. Ал App Store және Google Market рейтингінде бұл қосымша 5 шкаланың 4-еуіне ие. Ендеше, қоғамдық көліктің бүгінгі таңдағы танымалдылығын осы цифрлардан қарап-ақ біле беріңіз. Бұл да болса елордамыз Астананы «Ақылды қалаға» айналдырамыз деген арманның алғашқы қадамы іспетті.
Қала көшелеріндегі кептелістің бір себебі – мектепке, балабақшаға балаларын көлікпен апарып-әкелетін ата-аналардың есебінен екенін айттық. Жүргізілген зерттеу бойынша Астанада осындай мақсатпен ата-аналар бір күнде 40 мың рет қатынас жасайды екен. Бұл қала көшелерінде қосымша жасалатын жол жүру маршруттарының ауқымы қандай екендігін аңғартады. Әсіресе, осы мақсаттағы көлік нөпірін тоқсандық каникул демалыстары біткен кезеңдерде анық аңғаруға болады. Енді кешенді дамыту стратегиясы шеңберінде мектеп тасымалының түбегейлі түрде жаңа жүйесін құру жоспарланып отыр. Ол балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, ата-аналардың таңертең балаларды мектепке жеткізу үшін және кері алып кету үшін жеке көлікпен мәжбүрлі жүруін азайтады. Осы мақсатта мектеп тасымалының бағдарлық желісі құрылады, қарастырылып отырған шаралар қатарында SchoolBus мектеп автобустарын енгізу жоспарланған. Бастапқы кезеңде жобаны іске асыра бастау үшін 45 жаңа мектеп автобусы алынған. Олар пилоттық жоба аясында сынақтан өтуде. Балалар осы автобустармен тасымалданатын болады. Ата-аналар белгіленген бағдар бойындағы аялдамаға белгілі бір уақытта балаларын алып келсе болды, оларды «скулбастар» алып кетеді. Бұл қала көшелеріндегі кептелістерді біраз азайтуға септігін тигізбек.
Сол сияқты CityTaxi, яғни, «Елордалық такси» жобасын іске асыру қарастырылған, оның шеңберінде халыққа қызмет көрсету деңгейін және сапасын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи реттелетін такси моделі енгізілетін болады. Бұл сөз басында айтып кеткеніміздей, қаладағы жекеменшік тасымалмен табыс тауып отырған таксилерді азайту үшін, соның есебінен кептелісті қозғалысты саябырсытуды көздейді.
Тағы бір шара – көлік тұрақтарын ақылы ету. Соның бірі – «Ақылы кіру» (қарбалас сағаттарда) жобасын енгізу жоспары. Онда қала аумағына кіру үшін төлем алу бойынша техникалық шешімдердің түрлі конфигурациялары қарастырылған. Соның ішінде қалаға кіреберіс магистральдерде ІТ-шешімдерді қолдана отырып, 6 автотұрақ жабдықталып қойылды. Қалаға ақша төлеп кірмеу үшін қарбалас кездерде сырттан келген жүргізушілер мен жолаушылар көліктерін сол тұраққа тастап, бері қарай автобустармен келе алатын болады.
Қала әкімдігі халықаралық консультанттарды тарту арқылы «Астананың автотұрақ кеңістігін басқару» жобасын іске асыруда. Алғашқы жобаны әкімдік вокзал маңындағы алаңда іске асырып үлгерді. Бұрын ығы-жығы болып жататын ол маңайдың тәртіпке келгенін көріп қала тұрғындары ризашылықтарын білдіруде. Таяуда Нұржол бульварында да 422 орындық ақылы тұрақ ашылмақ. Жобаның тиімділігіне көзі жеткен мамандар 2017 жылдың соңына дейін 9 мыңға жуық ақылы автотұрақ орнын құруды жоспарлап отыр. Сонда жүргізушілер көліктерін кез келген жерге – балалар алаңына, тротуарларға және т.б. жерлерге тастап кете алмайтын болады. «Ол тұрақтардың тарифі орналасқан орындарына байланысты болады. Мәселен, үлкен сауда орталықтары, бизнес орталықтары, тағы да басқа жерлерде қымбаттау болуы мүмкін. Әйтсе де, қатты қымбат болмайды. Бірақ, тым арзан да болмайды. Былайша айтқанда, дифференциалды тариф болады. Егер сағаты 50 теңге әлде 4 сағатқа 200 теңге десек, онда қазіргі жағдай аса өзгере қоймас еді. Ал сағаты 800 теңге десек, мәселен, орталық көшелерде, онда әсері басқаша болады емес пе? Сонда кейбіреулер тұрақты арзандау, шеттеу жерден қарастыратын болса, енді біреулері машинасын қойып жаяу немесе автобуспен жүргенді жөн көретін болады. Міне, мұндағы нәтиженің орны бөлек. Тұрғындардың дұрыс түсінгені жөн. Біздің мақсат – табыс табу емес, кептелісті азайту. Қозғалысқа қолайлы ахуал туғызу», – дейді мамандар. Бұл тұрғыда қалааралық, қаламаңы рейстеріне қатынайтын автобустардың жүйесі де жандандырылып, қызмет сапасы жоғарылай түсетін болады. Қазір қаламаңы қатынасын дамыту бағдарламасы бойынша бүгінде ол жақтарға жаңа, жайлы автобустар қатынап тұр.
Одан бөлек, өздеріңіз білетіндей, алдағы уақытта елордамызда компанияның атында көрсетіліп тұрғандай, LRT, яғни «жеңіл рельсті көлік» жобасы іске асырылмақ. Қала көшелерімен трамвайлар қатынайтын болады. Бұл жолаушылар үшін қосымша тиімділіктер тудырып, кептелісті азайтуға, тұрғындардың қоғамдық көлік қызметіне көбірек жүгінуіне ықпал ететін болады деп күтілуде.
Сондай-ақ, өткен жылдары сөз болғандай, Астанадағы мемлекеттік органдардың жұмыс кестесі өзгереді деген ақпарат та осы бағытта қарастырылған нұсқалардың бірі болатын. Ондай жағдайда кейбір жерлерде жұмыс 7-8-дерде басталуы мүмкін. Бұл көлік кептелісіне жиналатын көлік санын ыдыратуға септігін тигізбек.
Ал, ендігі бір қадам – Astana Bike жүйесінің құрылғанын да естен шығармауымыз керек. Қазір қаламызда қолжетімді жерлерде велосипедтер тұрағы орнатылған. Белгілі бір бағдарлар бойынша діттеген жеріне жетіп алу үшін олардың қызметін пайдаланып жүргендердің де қатары жыл санап көбейіп келеді. Жылы маусымда жұмыс істейтін болса да, велосипед қызметінің тиімділігіне күмән жоқ. Бұл бағытты да жаңғырта түсу күн тәртібінен түспек емес.
ТҮЙІН. «Астана LRT» компаниясындағылар қала көшелеріндегі жағдай қазір тым ушығып кеткендей болып көрінгенімен, осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде көлік қозғалысын қалыпқа түсіруге болатындығына сендіреді. «Мұнда тек біз көздеген шараларды жүргізіп қою аз. Халық арасында қоғамдық көлік туралы насихат жұмысын жүргізуді де жандандыра түсу қажет», – дейді олар.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Түрмедегі теологиялық сауаттандыру: тәжірибе мен нәтиже

Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған