Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.
Нұрлан Нығматулин ең әуелі Елбасының өткен аптада «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын және Президент өзінің Жарлығымен осы Заңды жүзеге асыруға байланысты шаралар жоспарын бекіткенін айта келіп: «Онда, Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске өте үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан біз, Елбасымыздың барлық тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет», – деді.
Күн тәртібі бойынша Сербиямен халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын талқыға салған халық қалаулылары құжатты бірауыздан мақұлдады. Келісімде егер бір тарап мемлекеті тасымалдаушысының автокөлік құралының (жүкпен немесе жүксіз) габариттері, массасы немесе білікке түсетін жүктемесі аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын екінші тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген нормалардан асып кетсе, онда тасымалдаушы осы Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органы беретін арнайы рұқсатты алдын ала алуға тиіс екендігі көзделеді.
Қауіпті жүктерді тасымалдау еуропалық келісімге сәйкес жүзеге асырылады. Жолаушыларды тұрақты тасымалдау немесе жолаушыларды тұрақты транзиттік тасымалдау олардың мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін жол жүру маршруты учаскесіне құзыретті органдар беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады. Рұқсат мерзімі 5 жылға дейін.
Сондай-ақ, осы күні мәдениет мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Оған Парламент депутаттары өздері бастамашы болған. Жұмыс тобына 200-ден астам түзету түсіп, олар мүдделі мемлекеттік органдар, мемлекеттік мәдениет ұйымдары, Парламентке кірмейтін саяси партиялар өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, саясаттанушылар мен мәдениет саласындағы сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобының жиырма екі отырысында және комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралған.
Айта кетсек, жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Альберт Рауды Қаржы және бюджет комитетінің, Серік Сәпиевті Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайлау туралы және Мәжіліс депутаттарының бір тұрақты комитеттен екіншісіне ауысуы туралы мәселелер қаралып, арнайы қаулы қабылданды.

Сондай-ақ, оқыңыз

Антқа адал, міндетке мінсіз ардагер

Бүгінгі күні ішкі істер органдары саласында қызметіне қалтқысыз берілгендердің қатары көп. Тәуелсіз елдің осындай тарландарын …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған