Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Ел аманатын арқалаған азамат

Ел аманатын арқалаған азамат

Еліміздің нығайып, дамуы жолында қылмысқа қарсы күрестің қарқынды жүргізілуі – мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір жолы деуге толықтай негіз бар. Осы орайда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ерінбей еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Нұрлыбек Сембекұлы Қарабаев.
Бала күнінен білімге құштар азамат мектепті, одан соң жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдап, әке жолын қуды. Ұлтымызда «Әке көрген оқ жонар…» деген ұлағатты сөз бар. Сол сияқты, бала кезіндегі асқақ арманына арқау болған асқар таудай әкесі Сембектің саналы ғұмырын ел тыныштығына арнауы Нұрлыбектің азамат болып қалыптасуы мен болашақ жолына деген мақсатын нығайта түскендей.
Адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды орта. Данышпанның да, ғалымның да, елін қорғар азаматтың да, ғарышкер мен ақ халатты абзал жанның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы алтын ұяда қаланатыны айқын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтпақшы, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да, тіпті, өмірлік бағыты мен мамандығы да отбасында қалыптасады.
«Әкелі бала – жаужүрек» деп Бұқар жырауша айтқанда, Нұрлыбек отбасында әкесінің қатал да, әділ тәрбиесін көріп өскен. Жастайынан балаларының бойына шыдамдылық пен қайраттылықты сіңіріп, еңбекқорлыққа тәрбиелеп өсірген әкесі Сембек Мырзахметұлы Қарабаев үнемі «Заңды білген адам адал жолда жүреді, ал адалдық өмірде алға қойған мақсатыңның орындалуына жол ашады», – деп әділдіктің жанашыры болып, еліне адал қызмет етті. Ол полиция капитаны қызметін абыроймен атқара жүріп, ұлының адалдықты мақсат еткен азамат болып өсуіне де көп көңіл бөлді және өзінің адами болмысымен, іскер тұлғасымен ұрпағына үлгі бола білді. Сөйтіп, анасының сүтімен, әкесінің ісімен бойына дарыған тәрбиенің арқасында Нұрлыбек бала кезден тәртіпті сүйген ел сақшысы болуды армандады.
Отан алдында қызмет етуді парызым деп санаған, еңбек жолын әке жүрген жолмен бастаған бір кездегі жас полицей бүгінде Түркістан стансасы желілік полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел, полиция майоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Өз мамандығының қыры мен сырын бір кісідей меңгерген Нұрлыбек Сембекұлы өз ісінің білгір маманы екендігін әр кез іс жүзінде дәлелдеп жүр. Осы уақыт аралығында, яғни 2005-2009 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғ. Мүсірепов ауданының ішкі істер бөлімінде еңбек жолын бастаған. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» дегендей, Нұрлыбек – өр мінезді, өжет те өткір көзді. Ол жас та болса өмірден түйгені бар, өмірлік тәжірибесі мол азамат ретінде қалыптаса білді. Күнделікті жұмыста сан түрлі адамдармен жолығып, түрліше қиындықтармен кездессе де Нұрлыбек өміріне налып, мойыған емес. Өзінің қауіпке толы қызметіне шағынып та көрмеген. Нар тұлғалы азаматқа тән ер мінезімен қиындықтан жол таба біліп, күш-жігерін елінің тұрақтылығына, заңның қорғалуына арнап келеді. Қоғамдық тәртіпті нығайту жолында көзге түсіп, белсенділік танытып, өз ісін үздік атқарғаны үшін Көліктегі ішкі істер департаментінің бірнеше алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында қылмыскерді құрықтап, заңның салтанат құруына өз үлесін тигізіп жүрген Нұрлыбек Қарабаев – тәрбиелі перзент, адал жар, абзал әке. Ол қиын да жауапты жұмысты атқара жүріп, отбасына да көп көңіл бөледі. Түзде жүргенде қоғамдық тәртіптің сақшысы болып, қызметін мінсіз атқаратын ол үйде шаңырағының берекесін ойлайтын, отбасы мүшелеріне, ата-анасына қамқор, жарына, бала шағасына қорған болатын жан. Жұмыстан шаршап келсе де ата-анасының қас-қабағына қарап, олардың денсаулығын ойлап, балаларының жай-күйін, сабағын сұрап, барлығына да көңіл бөледі.
«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұлы Абайдың өсиетін бойына сіңіріп өскен Нұрлыбек әрқашан халық игілігі мен қоғамдық тәртіптің беріктігі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Бауырмал, кішіпейіл мінезімен қатар, ол шындықты жақтаушы, әділдікті сүюші жан ретінде де көзге түсе білді. Осындай ер тұлғалы азаматтарымыз тұрғанда, қоғамда қылмыстың азайып, тәртіптің орнауына, тыныштық болуына сеніміміз мол.
Қазақстан Республикасының тыныштығы мен дамуы жолында кәсіби шеберлігімен ерекше қызмет етіп келе жатқан Нұрлыбек Қарабаевқа нұрлы жол, күш-жігер, бақыт тілейміз.

Түркістан қалалық ЖПБ
«Полиция.kz» журналы

Сондай-ақ, оқыңыз

Сақшылардың сенімді серігі

Иттің адамға серік, күзетке берік екенімен әлімсақтан таныс елдің бәрі олардың адамдармен бір сапта кәдімгідей …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған