Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Абыройы асқақ қызметкер

Абыройы асқақ қызметкер

Шуақты көктем мерекесінің бірі – Халықаралық әйелдер күні – әйелдер күнін заманауи мерекелеу теңдікті дәлелдеу мақсатында емес, әйел сұлулығы, нәзіктігі, кемеңгерлігін асқақтату күні болып саналады. Бүгінде нәзік жандар ерлермен бір деңгейде барлық салада қызмет атқарып жүр. Сондай жанның бірі – Астана қаласы ТЖД Есіл аудандық бөлімінің диспетчері Айнагүл Ерғалиева.
«101» қызметінің диспетчері Айнагүл Шапағатқызы 1975 жылдың 10 тамызында Павлодар қаласында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, сол мектепте химия кабинетінің лаборанты болып қызмет атқарып жүрген жас қыз ол кезде арнайы қызмет саласына жұмысқа келемін деп еш ойламаса керек. Бәрі оның 1997 жылы өртке қарсы қызмет офицеріне тұрмысқа шығуынан басталыпты. Әуелде баламен үйде отырған кезде күйеуімен бірге қарауыл кезекшілігіне шығып, кейіннен осы саланың қыр-сырымен танысқан ол біржолата ауысып келуге шешім қабылдайды. Павлодар қаласында жүргенде көп ретте декреттік демалыста болғандықтан, ұзақ уақыт жұмыс істей алмаған. Сондықтан да, оның төтенше жағдай қызметіндегі шын еңбек жолы 2006 жылы жолдасы Астана қаласына жұмыс бабымен ауысып келгеннен соң басталған еді. Елордалық ТЖД-нің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында тапжылмай диспетчер-телефонист болып 10 жыл қызмет еткен Айнагүл Ерғалиева бүгінде білікті маман әрі жас буынға тәлімгер.
«Осы 10 жыл ішінде түрлі жағдайлармен кездестік. Өрт сөндіруден бөлек, құтқару жұмыстары бар. Бізге пәтерінің кілті ішінде қалып қойып, кішкентай бүлдіршіндері үйінде есігі кілттеніп қалған азаматтарға дейін хабарласады. Кішкентай балаларға көмек керек кезде ерекше толқимын. Өйткені, өзім екі баланың анасымын. Осындай жағдайларда артық эмоцияларды ысырып қойып, бала өмірі үшін күреске зор ден қоямын. Төтенше жағдай кезінде әрбір минут қымбат. Әсіресе, өрт кезінде. Ондай кезде адамдар байбаламға салып, өрт қай жерде болып жатқанын, қай аудан, қай үй, қай қабат екенін нақты айта алмайды. Оны сабырға шақырып, үйде қанша адам бар, оның ішінде балалар бар ма? Өз бетімен шыға алмайтындар бар ма? Осы сияқты маңызды ақпараттарды білу қажет. Осыдан кейін тиісті хабарлау жүйесі бойынша өртке жақын жердегі бекеттерден жедел бригада жібереміз. Оларға жол бойы да жақын маңдағы гидранттар, ғимаратқа кіре-беріс жолдардың ерекшеліктері секілді қосымша ақпараттар беріп отырамыз», – дейді ол.
Айнагүл Шарапатқызының жолдасы қазіргі күні зейнет демалысында. Ол өзінің сүйікті ісіне өмірінің 25 жылын арнапты. «Маған өз жұмысым қатты ұнайды. Дәл осы ведомствоға келгеніме қуанамын. Біздің әр қызметкер, мейлі ер болсы әлде әйел болсын, барлығы күн сайын Отан игілігі үшін және ең бастысы – адам өмірін құтқару үшін қызмет етеді», – дейді диспетчер маман. Азаматтық қорғау органдарының дамуына қосқан үлесі, мінсіз қызметі және қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін Айнагүл Шарапатқызы көптеген алғыс хаттар және медальдармен марапатталған.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ол өзінің өмірлік серігі мен балалары үшін үлгі болуға тырысады. Бүгінде олар университетте білім алып жатқан студент қызы мен 7-сыныпта оқитын ұлын тәрбиелеуде. «Егер де ұлымыз осы мамандықты таңдаса, әкесі екеуміз оған тосқауыл болмаймыз. Өйткені, Отанға қызмет ету – ол абырой және ұлымыздың нағыз ерлерге лайықты кәсіпті таңдағанын қалаймыз», – дейді Айнагүл Ерғалиева.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Сурет автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Құтқарушылар көрмеге сақадай сай

Жуырда № 16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған