Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Шаңырақ шырағын сөндірмеген «Ана үйі»

Шаңырақ шырағын сөндірмеген «Ана үйі»

«Оң босағада отырып бала тапқан», «алданып қалған», «тастанды бала», «безбүйрек ана», «тірі жетім». Көнгіміз келмесе де қазіргі қоғам көрінісінен көп кездесер тіркестер бұлар. Бұрын жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған қазақ болсақ бүгін барлығы керісінше. Қазір жетімі жылап тұрса да, ешкім оның басынан сипамайды, ал әйелі жесір болып қалса, ешкім қамқорлығына алмайды. Керісінше тезірек құтылуға асығатындар бар.
Халқымыз «қызын қырық үйден тыйып» тәрбиелесе де, шалыс басып, ата-анасын жерге қарататын қыздар кездеседі. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген түсіністікпен қарап, бауыр еті баласына демеу болып, көмектесетіндермен қоса, перзентін тағдыр тәлкегіне тастап, «қара бет қылдың» деп теріс айналып жататындар да бар. Сүйдім деп жүрген жігіті де іштегі баладан бас тартады. Достары да өмірлерінен сызып тастайды. Ата-анасының қаһарынан қорыққан қыз енді не істемек? Оң-солын танып болмаған бойжеткен алдағы уақытта қалай өмір сүреді? Ақыл тоқтатар жаста қателікке жол берген қыздардың көбі осындайда үйінен кетуге мәжбүр болады. Білместікпен, жастықпен ойнап жүріп, от басқан олар осылайша ерте есейтіп, қиындықпен бетпе-бет кездеседі.
Жауапкершіліктен қорқып, ең соңғы шешімге – өз-өзіне қол жұмсап, өзін ғана емес, ішіндегі баланы да жарық дүниеден айырып жататындар да бар. Сорақысы 9 ай жүрегінің астында көтеріп келген баласын перзентханада тастап, «тірі жетімдердің» санын көбейтіп жүрген де жетерлік.
Елімізде жетімдердің, балалар үйлерінің санын азайту мақсатында 2013 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры құрылған. Қордың басты мақсаты – тағдырдың тәлкегіне түскен әйелдерге көмектесу және баланың жетімдер үйіне түсуіне жол бермеу. «Ана үйі» – Қазақстан бойынша барлық перзентханалармен қарым-қатынаста жұмыс істейді. Егер босанған әйел сәбиінен бас тартса, онда жобаның координаторы жас ананы асығыс шешім қабылдамай, арнайы орталықта уақытша баласымен бірге тұруға кеңес береді. Мұнда әйелдерге моральдық және қаржылай көмек көрсетіледі, барлық керек-жарағымен қамтамасыз етеді, тамақтану, сәбидің күтіміне қажеттің бәрі беріледі, сонымен қатар, 1-1,5 жасқа дейін медициналық көмек көрсетіледі.
Бұл игі іске кәсіпкерлер ұйытқы болған. Айдын Рахымбаев және оның жары Анардың бастамасымен жүктіліктің соңғы айларында кішкентай балаларымен қиын жағдайда қалған әйелдерге арналған дағдарыс орталықтарының желісі ұйымдастырылған. Жетім балалардың санын азайту тілегі үйсіз қалған аналарға «Ана үйі» дағдарыс орталығын ашуға түрткі болыпты. Ең бірінші сынамалы жоба 2013 жылы Астана қаласында ашылған. Қазіргі таңда республика бойынша кәсіпкерлер осы бастаманы қолдап, еліміздің 17 қаласында 25 орталық есігін айқара ашқан.
Орталықтың тыныс-тіршілігімен тереңірек танысу үшін жақында Астана қаласындағы «Аналар үйіне» арнайы бас сұққан едік. Алғашында жалғызбасты аналарға арналған орталық көп қабатты емханаға ұқсас болар деп топшылағанбыз. Бірақ, «Аналар үйі» мүлдем өзгеше болып шықты. Тіпті, жанынан өтіп бара жатып, арнайы мақсатта қолданылатын үй деп айтпайсың. Кіріп келгеннен ауласынан жылулық сезілетін, балалар ойнайтын алаңқайы бар кәдімгі жер үй екен.
«Аналар үйінің» үйлестірушісі Айжан Диханова үйді аралатып, аналармен таныстырды. «Үйімізде 19 ана, 16 сәби бар. Барлығының жағдайлары жақсы. Қыздар бір-бірімен тату. Үйдің жұмыстарын кезекшілік қою арқылы атқарады. Қазір Халықаралық әйелдер мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Біреуі мерекелік дастарқан жасайды, екіншісі қабырға газетін дайындайды. Біреуіне сыртқа шығу керек болса, басқасы баласын қарап қалады, жатсынбайды», – деді үйдің тіршілігін түсіндіріп өткен ол. Орталықта жұмыс істейтінін еріктілер туралы айта келіп: «Еріктілер арнайы мамандар дайындайтын курстар ашып, қыздарды болашаққа дайындауға көмектеседі. Мұнда аналар заңгер, қаржы мамандығын, сонымен қатар, компьютер үйрену курстарында оқиды. Орталықтың тігін цехы бар. Бізге түрлі тапсырыстар келеді. Соларды орындау үшін қыздар тігін тігу бойынша дәріс алған. Бұдан басқа, еріктілердің көмегімен жас аналардың өз қызығушылығына байланысты тырнақ, кірпік жасауды үйреніп, сертификат алған. Бұдан бөлек еріктілер аналарға асханада түрлі тағамдар жасауды көрсетіп, үйретеді», – деп толықтырды.
Қолында белгілі бір мамандықты тәмамдағаны туралы куәлігі бар адамда алдағы уақытта жұмысқа тұруына жеңілдік болмақ. Айжан Диханованың айтуынша, еріктілер аналардың «Ана үйінен» кетуіне 1-2 ай уақыт қалғанда оларға жұмысқа тұруға, баласын балабақшаға орналастыруға және баспана мәселесін шешуге көмектеседі. Ал олардың ең басты міндеті – біраз уақыттан бері отбасымен, туған-туыстарымен үзілген байланысты қалпына келтіру.
Еріктілерден бөлек, аналармен психолог, медбикелер тұрақты жұмыс істейді. Медбике жаңа босанған келіншекке денсаулық, баланы тамақтандыру, күту жайында кеңестер беріп тұрады. Ал психологтың мұндағы еңбегі өте зор. Ол әйелдермен орталыққа келген сәттен бастап жұмыс істейді.
«Ана үйінің» психологы Бақыт Әлімбаева өзінің жұмысын қаншалықты қиын болса, соншалықты жауапкершілікті талап ететіндігін атап өтті. «Бұл жерге түрлі тағдырлы қыздар келеді. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Алғаш келгенде қыздар тұйық, ешкіммен сөйлескісі келмей, ойға шомып жүреді. Бұл жерге әйелдер бірден перзентханадан түседі. Бірақ, барар жері жоқ болса, орталық жүкті әйелдерді де қабылдайды. Жүкті бола тұра ішіндегі баласын қабылдай алмай жүретіндері бар. Туғаннан кейін бас тартам, тастап кетем деген ойлармен жүретіндері де аз емес. Міндетіміз – сол әйелдерді қателікке ұрынбай тұрғанда райынан қайтару. Күйзелістен шығару. Отбасымен, баланың әкесімен қарым-қатынастарын түзетуге көмектесу. Тіпті, осы жерде үйлену тойлар да болып жатады. Бұл жерден кеткенмен, қиындықтары бітпейді. Қиындық пен кедергі әркез болады. Дегенмен, аналардың өмірге деген көзқарастары өзгереді. Қатарластарына, олардың тағдырына қарап өздеріне ой түйеді», – дейді Бақыт Амантайқызы.
Түрлі тағдырдың бәрімен болмаса да, біреуімен танысайын деп жас аналарды әңгіме тартқан едім. Біреулері тартыншақтады, енді біреулері сеніңкіремей, күдікпен қарады. Дегенмен, арасында ұялмай өз өмірі жайында айтып беретіндері де табылды. 32 жастағы Милананың (есімі өзгертілді) «Ана үйін» паналағанына 1 жыл болыпты. Алты айлық ұлы бар. Орталық жайында теледидардан көріп білген. Жүкті екенін білген кезде жігіті тастап кеткен, сол мезетте ата-анасы да одан теріс айналыпты. Әрдайым өзі көмектесіп жүрген достары да қиналған сәтте жанынан табылмаған. Екіқабат болып далада да түнеген кездері болған екен. Орталық туралы бұрыннан білсе де, мұнда келуге жүрексінген. Өйткені, тегін тұратын жер болғандықтан, оған деген күдігі болғаны рас. Бірақ, үшінші рет далада қалып қойғаннан кейін басқа амалы болмай, орталықтың үйлестірушісіне хабарласып, жағдайын айтқан.
«Таксиден түспей ұзақ отырдым. Қатты қорықтым. Босанғаннан кейін баламды тартып алады деген ой болды. Такси жүргізушісінен менімен бірге кіруін өтіндім. Ол келісті. Есіктен кіре балалардың арбасын көргеннен кейін күдігім сейіле бастады. Үйге кіріп келгенде өзім сияқты қыздардың балалармен жүргенін көргенде жүрегім жылып қоя берді», – деп орталыққа келген алғашқы күнін еске алды ол. «Осы үйде жүріп көп нәрсені үйрендім. Біріншіден, үнемдеуді үйрендім. Бұрын ақшаның қадірін білмей келіппін. Оған қоса, өзімнің білмей жүрген қырларымды аштым. Бұрын көпшіліктің алдына шығып сөйлеуге ұялатынмын. Қазір түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қатысамын. Осы жердің басшыларына қанша рахмет айтсам да аз болады. Келешекте қолымнан келгенше осы үйге көмектесіп тұруға уәде беремін», – деп жүрекжарды алғысын жеткізді. Милананың «Ана үйінен» шығуына 1 ай уақыт қалыпты. Ұлының әкесі келіп кешірім сұраған. Анасымен де хабарласып тұрады. Шыққаннан кейін баланың әкесімен бірге тұрып, өзінің кәсібін ашуға ниетті екен.
Гүлжазира есімді ақтөбелік жас ананың да «Ана үйінде» тұрып жатқанына 1 жылдың жүзі болған. 11 айлық Гүлназ есімді қызы бар. Астанаға оқуға келген жас қыз жұмысқа тұрады. «Жұмыс істеп жүріп аяғым ауырлады. Үш айына дейін білген жоқпын. Баланың әкесі бірден бас тартты. Ауруханаға барғанымда алдыртуға кеш деп айтты. Сонда психолог Бақыт Амантайқызын кездестірдім. Ол кісі маған «Ана үйі» бар екенін айтты. Ол жерде маған көмек көрсететініне сендірді. Келгеніме өкінбеймін. Сәби деген тәтті болады екен шынымен», – деп көз жасына ерік берген Гүлжазира Ақтөбедегі анасымен сөйлесіп тұратынын жасырмады. Оның да Милана сияқты «Ана үйінен» кетуіне шамалы уақыт қалған. Келешекте жұмысқа тұрып қызын өсіріп, бағуға бар күшін салмақ.
ТҮЙІН. «Ана үйі» өзіне артылған мақсатын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Бір жыл бұрын өмірден түңіліп, болашағынан қорқып келген қыздар бүгінде өмірін түбегейлі өзгерткен кішкентай ғана бүлдіршіні бар аналар. Өздеріне деген сенімін жоғалтқан жандарға қолдау көрсетіп, алға талпындырып, ары қарай өмір сүруге күш-қуат сыйлайтын орталықтардың бары, әрине, көңіл қуантады. «Ана үйі» жас анамен байланысын үзбейді. Онымен жиі хабарласып, тұрмыс жағдайын қадағалап отырады. Алайда, «Ана үйі» – әлеуметтік жетімдіктің алдын алудың бір жолы ғана екенін естен шығармаған жөн.

Сіз не дейсіз?
Елорда тұрғындарына «Ана үйі» керек пе?» деген ортақ сауал тастаған едік. Пікірлер екіге жарылды.

Манат апа, 60 жаста:
– Қызының үйде отырып бала тапқанын ешбір ата-ана қаламайды. Біздің кезімізде мұндай жағдай болмайтын. Болса да, ілуде біреу кездесетін. Өйткені, ол кезде тәртіп қатты еді. Ұлтта ұят күшті болатын. Қазір қыздар арын саудалап жатқан жоқ па?! Ойланбай істеген істері шала боп, кейін осындай үйлерге барып тығылады. Бұндай көмек көрсететін жерлердің болғаны да дұрыс қазіргі заманда. Қанша дегенмен, қыздардың ойлануына бір жылдай уақыт беріледі. Сол мерзімде өз-өзіне келіп, қателігінен өмірлік сабақ алып, болашағына басқаша қарайтын болады. Бірақ, жас қыздардың арасында «бір жағдай бола қалса осы жерге бара салам» деген жеңіл ой қалыптасып кетпесе болғаны.

Әкімжан ата, 67 жаста:
– Неге біз ол аналарды тайраңдатып қоюымыз керек? Ол аздай барлығы көрсін деп оларға «үй» ашып береді. Бұл біздің халықтың менталитетіне мүлдем жат нәрсе.

Әсел, 39 жаста:
– Адам тағдырынан қашып құтылмайды ғой. Қателік жасады екен деп қызды бірден қоғамнан бөлектеп тастауға да болмайды. Бұл кез келген қыздың басына келуі мүмкін. Сондықтан, «Ана үйіне» балалар немесе қарттар үйі сияқты қарап, қабылдау керек. Қанша көнгіміз келмегенімен, бұл біздің қоғамға қажет. Керек емес зат сияқты барлығын далаға тастай берсек, не болады? Балаға зар боп отырған қаншама отбасы бар. Оларға қарағанда ол жерде тым құрығанда баланың анасы болады. Ал анада бауыр еті баласы болады.

Әйгерім, 28 жаста:
– «Ана үйі» сияқты мекемелер көбейген сайын шалыс қадам жасайтын жалғызбасты аналардың саны да көбейе бере ме деп күдіктенемін. Орталықтың бір жыл бойы көрсеткен көмегінің нәтижесі болса жақсы. Соған құнығып, еті үйреніп кететіндері бар. Бұндай мәселелерді сыртқа шығармай, отбасы ішінде шешілу керек.

Камила, 21 жаста:
– Бұл жайында пікірім екі ойлы. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, әркімнің жағдайы әртүрлі. Туған-туыстары теріс айналған жағдайда, осындай «Ана үйі» көрсететін көмекті неге алмасқа?! Ол баланы тастап кеткеннен жақсы ғой. Бұндай жағдайда тек қызды кінәлауға болмайды. Бұл жерде қыздың қатесі қаншалықты болса, жігіттердің де кінәсі одан кем емес. Жігіттер жасағанын мойынымен көтеруі керек.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Бейбітшілік дінін бетперде қылған радикалдармен күрес күшеймек

Көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылған елімізде діни экстремизм мен …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған