Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Елбасы Дін істері министрін қабылдады

Елбасы Дін істері министрін қабылдады

Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі мен алдағы жұмыс жоспары туралы есеп берілді.
Қазақстан Президенті дін саласында қалыптасып отырған жағдайға тоқталып, министрліктің рөлін, оған жүктелген міндеттерді ерекше атап өтті.
«Бұған дейін бізде мұндай министрлік болған жоқ. Діни қоғамдастықтармен, үкіметтік емес сектормен және жастар ұйымдарымен жұмысты жолға қойып, оны әрі қарай жалғастыру қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттің дінге және діни ұйымдарға, діни экстремизммен күрес шараларына қатысты жүргізіп отырған саясатына айрықша назар аударды.
«Елімізде кезкелген діни бірлестіктің жұмыс жүргізуіне барлық жағдай жасалған, дін ұстану бостандығына кепілдік берілген. Бұл салада бізге байыптылық керек. Сонымен бірге, діни экстремизм мәселелерін реттеп, заңнаманы қайта қарастыру қажет. Министрлік алдында ауқымды жұмыстар тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Президентіне өзі басшылық ететін саладағы жағдайдың тұрақты екені туралы хабарлап, бүгінде елімізде қызметін жүргізіп отырған 18 конфессияның 3600-ден астам діни бірлестігі бар екенін айтты. Министрдің ақпараты бойынша, бірлестіктердің көбі Ислам дініне тиесілі.
Сондай-ақ, Нұрлан Ермекбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа министрліктің этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді сақтай отырып, мемлекет пен діни бірлестіктердің қазақстандық өзара іс-қимыл моделін қалыптастыру бағытындағы жұмысы туралы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Ел қорғанысы – ең басты парыз

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовпен кездесті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған