«Әйелге деген сүйіспеншілік»

Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында Алматы облыстық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері алғаш рет «Әйелге деген сүйіспеншілік» акция-эстафетасын өткізді.
Шара «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау» БҚ-мен бірлесе отырып, сондай-ақ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-тың, «Атамекен», «Деликатес» кешендерінің және «Алиса», «Шадэ», «Вероника» сұлулық салондарының, «Гүлдер әлемі» дүкенінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ел көлемінде бірінші рет өткізіліп отырған акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жедел алдын алу шарасын өткізу және әйел адамдарға, соның ішінде мүгедек әйелдерге (аз қамтылған, көп балалы және т.б.) заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету.
Акция шеңберінде алдымен таңертеңгісін әйелдер сұлулық салонына барып, оларға қалауы бойынша шаш үлгісі, макияж және маникюр жасалды. Содан кейін «Атамекен» кешенінде оларға арнап мерекелік дастарқан жайылып, Алматы облыстық ІІД-нің қызметкерлері арнайы дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді. Танымал қазақ әндерінің әуенінде әйелдер вальске шақырылды. Салтанатты түскі астан соң аталған кешеннің кинотеатрында «Келинка тоже человек» отандық комедиялық кинофильмін тамашалау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Халық банкінің қызметкерлері әйел адамдарды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.
«Құрметті арулар, сіздерді тамаша көктем мерекесімен құттықтаймын! Әрқашанда осындай сұлу болып жүре беріңіздер. Бүгін біз кішкене болса да, сіздерді бақытты етуге тырыстық. Ештеңеге қарамастан ылғи бақытты болыңыздар», – деді Талдықорған қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Базиев.
Өз кезегінде әйел адамдар тәртіп сақшыларына рахметін айтып, қызмет бабында сәттілік тіледі. Акцияның соңында Алматы облыстық ІІД ЖПҚ эстафетаны арнайы келген Алматы қаласының ІІД ЖПҚ-нің өкілдеріне тапсырды.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*