Құлпытастар көшесі

Астаналық базардан керегімді алып шығып келе жатып, қос қолына ауыр сөмкелерін көтерген егде жастағы апаны көзім шалып қалды.
– Апа, сәлеметсіз бе, көмектесейін, сөмкелеріңіз ауыр сияқты ғой, – деп қасына жақындадым.
– Рахмет, қызым, үйім алыста емес. Мына құлпытастар көшесінде тұрам, тиіп тұр.
– «Құлпытастар» көшесі? Ол қай жерде? – деп таңқалысымды жасыра алмадым.
– Е, міне тұр ғой, – деген апа иегімен көшені нұсқап, қысқа қайырды.
Бұрын естімеген «құлпытастар көшесі» деген сөз тіркесі құлағыма түрпідей тисе де, бұл мені қызықтырды. Маған атауы жұмбақ болған көшені көру үшін кездейсоқ кездескен апаны шығарып салуға көндірдім. Алғашында Жамал апа мені базар жағалаған сұғанақ қолдардың бірі деп қорықты ма, қиналып келе жатса да, сөмкелерін бергісі келмей, біраз тартыншақтады. Менен күдіктенгені сонша «сен жай көмектескің келді ме?» деп бірнеше рет таңғалып сұрады да.
Содан не керек, күдігі сейілген Жамал апа «құлпытастар көшесі» туралы аз-кем айтып берді. Негізі бұл ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин атындағы көше. Астаналық базардан Сейфуллин көшесінің бойымен Ә. Сембинов көшесіне қарай жүре берсең, құлпытастар жасайтын орындар қаз-қатар қаптап тұр. Жамал апаның үйі құлпытастар жасайтын бір үйдің дәл артында болып шықты.
– Апа, бірақ, бұл Сәкен Сейфуллин атындағы көше ғой…
– Е, қағаз бойынша көше Сейфуллиндікі ғой. Кейде соны ұмытып та кетем. Бізге «құлпытастар» көшесі болып кеткен. Тіл үйреніп қалған. Жалғыз мен емес олай айтатын. Тіпті таксистер солай тауып келеді, – деп күлді апа.
Сейфуллин көшесі – қаладағы тіршілігі қыз-қыз қайнаған көшелердің бірі. «Астаналық» базар, яғни «Артем» сауда үйін айтпағанда, өзге де қызу сауда-саттықтың ордасы деуге болады. Керектің барлығын осы жерден табасың. Асығыс жүріп жүрек жалғайтын орындары да баршылық.
Сейфуллин атындағы көше қала тұрғындары арасында әртүрлі аталады: «Құлпытас көшесі», «Артемнің көшесі», «донер сататын көше» және т.с.с. Сонда қалай болғаны: есімі өшпесін, халықтың жадында жүрсін деп елге белгілі тұлғаның есімін көшеге қояды, бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Осындай «дардай» есімі бар көшенің «майдаланып» кеткені көңіл қынжылтады.
Жамал апаның айтқанына көзімді жеткізу үшін, айтылған аралықты көзбен көріп, жаяу аралап шықтым. Расында, жолдың оң жағы да, сол жағы да құлпытастар жасайтын цехтар, тастар сататын дүкендер. Өткен жұрт көрсін деп түрлі пішіндегі, әртүрлі дизайндағы сан алуан құлпытастарды азық-түлік сататын дүкендегідей жарқыратып шығарып қойған. Бақилық болғандардың суреттерін күтіп, «бедірейіп» тізіліп тұрған гранит тастарды көргенде, тіпті денең түршігеді. Әрине, бұл да кәсіптің түрі ғой. Құлпытас жасап, содан күнкөріс көріп отырған адамды кінәлауға да болмас. Дегенмен, «әркім қолға ала бермейтін кәсіптің бұл түрі қаланың орталық көшелерінің бірінде осынша қаптап тұруы дұрыс па?» деген ой мазалады.
Қорықсам да, адамды соңғы сапарға шығарып салу рәсімдерін өткізетін жерге баруды шештім. Кіріп қалып едім, тап бір базарда жеміс-жидек сатып тұрған адамдай «қандай тастан істейін деп едіңіз?», «қандай түс болғанын қалайсыз?», «дизайн қандай болу керек?» деп сол жердің қызметкері сұрақтарын жаудыртты. Бақилық болған адамға, үстінде тұрған тасының қандай болғаны бәрібір емес пе? Бірақ бүгінгінің адамдары құлпытас орнатудан да жарысатын болған.
Сатушы маған түрлі дизайн көрсете бастады: жүрек пішінінде, қос аққу салынған тастар. Тіпті керек десеңіз, адамның өмірде істеген қызметіне байланысты мүсін қоюға да болады екен. Құлпытас шебері дайын жұмыстарын көрсетуге асығып, далаға да алып шықты. Басқа үйлердің жанында жазда бау-бақша өсіп, қыста аппақ қар жатса, бұларда қысы-жазы құлпытастар тұрады.
Бұлардың сыртқы жарнамасы да басқа сәнді киім-кешек сататын дүкендерден асып түспесе, кем емес. «Кез келген тапсырысыңызды уақытылы орындаймыз», «Тастың барлық түрін бізден табасыз» деген сияқты мәтінде айқайлап тұр. Құлпытас жасаушыдан мекеменің құжатын сұрадым. Барлығы заңды, еш қателік жоқ, лизенциялары, рұқсаттары бар. Бірақ, құлпытас жасаумен айналысатын орындар неге қаланың қақ ортасында орналасқан? Бұл қаншалықты дұрыс? Қала көрінісіне сын емес пе? Бұл сұрақтардың жауабын сол жерде құлпытас жасаушылардан ала алмадым, дегенмен жергілікті тұрғындардың бұл жайлы ойын білген едім.
Орта жастағы Камал аға: «Бір күні бәріміздің басымызға қойылатын тас қой. Күнде көріп үйреніп кеттік», – деп қысқа қайырды. Ал дәріхана фармацевті Айнұр: «Ол жерлерге бара бермеуге тырысам, тастарды көргенде денем түршігеді», – деп қорқынышын жасырмады. «Құлпытас көшесінің» тұрғыны 83 жастағы Надя әже: «Бұл да керек кәсіп. Бұл жерде тұрғаны дұрыс не дұрыс емес деп айта алмаймын. Бірақ, адамның демі қашан таусылатынын білмейміз, ол кез келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан бұндай қызмет атқаратын орындардың қолжетімді жерде де болғаны дұрыс та шығар», – деп өз ойын білдірді.
Құлпытастармен қатар, Сейфуллин көшесіндегі ретсіз, шашыраңқы орын тепкен дәмхана, ойынхана, шаштараздар да көшенің көркін бұзып тұр. Жергілікті тұрғындардың «еті үйреніп кеткен» көрініс болар, бірақ басқа қала, өзге мемлекеттен бірінші рет келген адам шошынатындай. Бұл жердегі дәмхана, асханалар санитарлық талаптарға қаншалықты сай? Меймандарға дайындалып жатқан қазанның жанында даяшы темекі тартып тұрғанын көргеннен кейін, адамның тәбеті қашады екен. Көшеде қаз-қатар тұрған қоқыс жәшіктерінің барлығы аузы-мұрнынан толып кеткен. Бәрінен бұрын бұлардың бәрі құлпытас жасайтын орындармен қатар тұрғаны да оғаш көрінеді.
Сәкен Сейфуллин атындағы көшенің бүгінгі көрінісі осындай. Құлпытас жасайтын цехтың біреуі осыдан жарты жыл бұрын жабылыпты, бірақ жанында екінші құлпытас цехы ашылайын деп жатқанына куә болдық. Оларды одан әрі «балалатпай», барлығын бір жерге, мәселен, қала шетіне жинақтаса болар еді. Өйткені, өзіміздің көзіміз үйренген нәрсе – кез келген елді мекен, қала болсын, зираттары шеткері жақта орналасады. Сол сияқты, құлпытас жасайтын орындар да қаланың ортасында емес, шеткі жағында. Құлпытастарды қаз-қатар тізіп, көшеге шығарып, жұрттың назарына қою да ерсі. Қараған адамға қайғыны, моланы еске салатын мұндай бұйымдар жабық ғимараттың ішінде тұрғаны жөн.
Бұл кәсіптің материалдық пайда табу жағы болғанымен, оның рухани жағына да ден қоймай болмайды. Құлпытас күнделікті тұрмыста қолданылатын дүние емес. Оны адамдар қуанғаннан сатып алмайтыны белгілі. Сондықтан, қала басшылары бұл мәселеге назар аударып, орынды шешудің жолдарын қарастырса деген тілегіміз бар. Өйткені, адамдар көп жүретін жерде, көше бойында тізілген қабір үстіне қойылатын тас ешкімге «жылылық» сыйламасы анық. Қара тастар қорқыта алмаса да, жаман ойға жетелейді.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*