Әскери әндеріміз неге «әлсіз»?

Әскер мен патриотизм – егіз ұғым. Бұл қағидатты негіздейтін көптеген шарттар бар. Егер егіз ұғым болса, әскердің рухын шақырып, отансүйгіштігін үдететін, сөйтіп, Отанды адал қорғауға дем беретін рухани күштер керек. Оны идеологиядан іздейміз. Мамандар бұл тұста әскери-патриоттық әндердің орны айрықша екенін бөліп айтады. Олай болса, бұл әңгімеміз «Тәуелсіз елдің мемлекеттік тіліндегі әскери әндері неге аз?», «Әдеттегі әндерден табиғаты бөлектеу патриоттық рухтағы жырлардың сапасы неге төмен?» деген сұрақтар төңірегінде болмақ. Дөңгелек үстелге әскери журналист Сәдуақас ЖҰБАТОВ, запастағы полковник, ақын Бейбіт ЕҢСЕБАЕВ, ақын Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН, Ұлттық ұлан Орталық оркестрінің бұрынғы бас әскери дирижері-көркемдік жетекшісі, композитор Петр СНАГОВСКИЙ қатысады.

 

Айткен Шәмші: Оқушы кезім. Үйге ентіге кіріп, сөмкені лақтырып, ойынға асығып тұратын шағымыз. Радиодан екпіні солқылдатып соғатын ән шырқалып жатыр екен. Рас, орыс тілінде. Құлақ түріп қалдым. Соңынан «В эфире Всесоюзное радио. Вы слушали концерт военно-патриотических песен», – деп хабарлады диктор. Әлгі әуен денемді шымырлатты. Кейін білдім. Ол – «День победы» әні екен. Ұлы Абай айтқан «Құлақтан кіріп бойды алар» деген осы екен ғой дедім сонда. Кейін құйқаңды шымырлатып, ширықтыратын әскери әндер деген мәселеге өзіміз де мән бере бастадық. Тәуелсіздікпен бірге ана тіліміздегі әндерге ден қойдық. Орыс тілінде онсыз да жеткілікті. Бір ғана «Любэнің» өзі патриотизмге шақыратын әндермен миллиондарды әп-сәтте-ақ баурап алғанын сол буынның өкілі біз білеміз. Несін жасырайық, оны өзіміз де сүйсіне тыңдадық. Соның қатарында сен де барсың ғой, Сәдуақас?
Сәдуақас ЖҰБАТОВ: Иә, дұрыс айтасың. «Любэ» туралы менің ойым да солай. Бүгінгі әңгіме қазақ тіліндегі әскери-патриоттық әндер төңірегінде болғандықтан, пікірімді былай бастайын. Ең алдымен «ондай әндер неге аз?» дегеннен гөрі, «сапасы неге төмен?» деп сауал тастаған дұрыс болар. Өйткені, айтылып жүрген әндердің көбінде ел мен жер, атамекен туралы сөздер барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, олардың мәтіні, мазмұны қалай? Мәселе осында. Қазіргі телеарналардың көбінде бір сарынды, той-томалақ, бір сәттік көңілді шоуға арналған әндер толып жүр. Кәсіби тележүргізушілердің орнына әнші жүргізуші, әртіс жүргізушілер пайда болды. Теледидарларымыз асабалар жүргізетін той-думанға айналды. Бұл үгіт-насихат құралына жеңіл-желпі көзқарас деген ұғымды білдіреді.
Аға буын қатарына ене бастаған біздер бұрынғы кеңестік кезеңнің жақсы жақтарын айтпай тұра алмайтынымызды жасырмаймыз. Және оның жөні де бар. Кеңестік кезеңді өтті-кетті дегенмен, ол уақыттағы идеологияның мықтылығын, патриоттық сезімнің өте жоғары болғанын айту керек. Отанды шын жүрекпен сүюге тәрбиелеудің бір тармағы жас буынның бойына туған жер, атамекен, Отан деген киелі ұғымдарды сіңіру десек, бұл жағынан кеңестік ақындар мен әнші-композиторлар ғасырдан-ғасырға жасайтын, халықтың жүрегінен өшпейтін мол мұралар қалдырды. «Священная война», «День Победы», «Соловьиная роща» әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Кеңестік кезеңнің осы бір жақсы дәстүрін қазіргі Ресей әншілері мен композиторлары жалғастырып келеді. Жаңа ғана өзің айтқан бір ғана «Любэ» ансамблі орындайтын әскери-патриоттық әндердің бәрі мыңдаған, миллиондаған тыңдарманның рухын көтере алады. Ресей үлкен ел, таланттары да көп, оған жету қайда дейтіндер де табылар. Бірақ, бар нәрсеге қарап үйренгенге не жетсін?!
Осы мәселе жайлы көптеген лирикалық және патриоттық әндердің авторы, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қорғаныс министрлігінің ансамблінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан әнші-композитор, полковник Қайрат Жүнісов былай дегені бар: «Баһадүр-батыр бабаларымызды дәріптейтін әндер аз екені рас. Осы орайда, Кеңес Одағы кезіндегі тәрбиені дұрыс пайдаланбай жүрміз-ау дегенге мен де қосыламын. Кеңес кезеңінде патриоттық әндер, әсіресе, әскери тақырыптағы өлеңдер өте көп жазылды. Сол туындыларға сәйкес әндер де дүниеге келді. Өйткені, ол кезде патриоттық бағыттағы мәтін мен ән жазатын ақын мен сазгер жоғары бағаланды. Ал қазір осы жағы кемшін тұрған тәрізді. Өкініштісі сол, бүгінде орта және кіші толқын ақындар мен сазгерлер аға буын айтып жүргендей «жылауық» әндерге бет бұрып кетті. Осындай олқылықтардың салдарынан патриоттық әндер назардан тыс қалып барады».
Айткен Шәмші: Ақыннан сұрайықшы. «Ақынды-ақын түсінеді емес пе?» Бейбіт, осы маған қазақ тіліндегі патриоттық әндердің әйтеуір, бір қайнауы ішінде сияқты көрінеді де тұрады. Халқымызда рухтық әндерге сұраныстың аздығы ма, сонда? Олай дейін десең, Махамбеттің: «Ереулі атқа ер салмай» немесе Ақтамбердінің: «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деген жырлары өлеңге айналып, ауыздан түспей келе жатыр ғой. Рас, ол заманмен бұл заманды шендестіруге болмас. Өлең-жырдың өзі өмір талабынан туатынын ескерсек, бұл күндері де маңыздылығын жоғалтпаған сол кездермен сарындас келетіндей өлеңге өзек болар өрнектер бар екені, олай болмаған күннің өзінде ХХІ ғасырдың мұңын мұңдауға жарайтындай тақырып жетерлік. Ендеше қазіргі рух шақыратын әндерді қаузай отырайық…
Бейбіт ЕҢСЕБАЕВ: 1994-2001 жылдары әскер қатарында офицерлік қызметке қатардағы жауынгерлердің тәрбиешісі болдым. Әскери бөлім аумағында сарбаздар сап түзеп жүреді, сонда сап алаңнан асханаға дейін, басқа да оқу-жұмыстарға ән айтып барады. Көбінесе орыс тіліндегі әндер айтатын еді. Өзіміздің ана тіліндегі әндер айтуды талап еткенде, сарбаздар өздері білетін бірнеше халық әндерін шырқай жөнеледі. Есімде қалғаны «Сәулем-ай» әні, сосын көше шансоны болып саналатын «Жылама» деген әнді саптық сипатқа лайықтап айтатын. Белгілі сазгерлердің әскери марштық негізіндегі әндері бар екенін білеміз, алайда оларды сарбаздарға жаттатып көріп едім, онымнан түк шықпады. Мәтіні күрделі болды ма, әуені де жаттауға қиын соқты ма, әйтеуір бұл әндер сарбаздар көңіліне қонымсыз болып шықты. Қалай болған да, қазақша әскери әнді сарбаздарға айтқызу керек болды. Намысқа тырыстық, ана тіліміздің мәртебесін көтеруді де ойладық.
Қарабайыр мәтіндегі көше әнінің әуені келгенмен, әсері жоқ. Ән жауынгерлік рухты көтеретін, сарбаздар бойында патриоттық сезімді қалыптастыруы шарт. Содан өз тарапымнан әннің сөзін жазып, әуенін бұрынғы кеңестік дәуірдегі пионерлер айтатын бір әннен алдық. Сап түзеп келе жатқанда айтып көріп едік, жақсы жарасымын тапқандай болды. Есімде қалған ән мәтіні: «Елім менің егемен, мақтанбаймын неге мен, қалқаны, елдің қорғаны – сарбаздар, сарбаздар» деп келді.
Айткен Шәмші: Өкінішке қарай, сыртта туған әндер сыртта қалып, байқауларға қосыла алмай жатады. Өткен жылдың соңында осы әскери әндерге байланысты байқау өткізілгенін естідік. Мұндайда кем-кетіктер болмай тұрмайды деп жатамыз. Әсіресе, конкурстық әндерді іріктеуде. Алайда, бұл жай белгі қою үшін ғана ұйымдастырылатын шара болмауы тиіс. Қазір қоғам қажетсініп отырған етек-жеңі жинақы, қолмен қойғандай, Абай айтпақшы, «айналасы жұп-жұмыр» арқалы әндерге мұқтаждық байқалады. Осы байқаулар да көп ішінен осындайларды таңдап өмірге енгізуге сеп болуы тиіс емес пе? Сен қалай ойлайсың, Серікзат?
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН: Оныңыз рас, байқаулар сол үшін өткізілуі тиіс. Жақында бұрынғы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің тапсырмасымен министрлік тағы бір үлкен байқау ұйымдастырды. Біздің әскери құрамның әр саласына арнап әндер жазылды. Былай қарасаң, әжептәуір жақсы әндер дүниеге келген. Біз де композитор Дүйсенхан Сыздықов екеуміз «Танкішілер маршын» шығарып, бір номинацияның жеңімпазы болдық.
Нақты бүгінгі әңгіме тақырыбына келсек, қазақтың ұлттық әскери-патриоттық әндерінің тарихы сонау ХХ ғасырдың басынан басталады. Оған мысал ретінде, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы секілді қайраткерлеріміз жазған «Алаш маршын» айтсақ та жеткілікті. Ал тәуелсіздік алған жылдардан кейін жазылған, жалпы халыққа тараған қазақша әскери-патриоттық әндер жоқтың қасы десе болады. Қазіргі мерекелерде айтылып жүрген әндердің дені Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазылған әндер.
Құзырлы органдар осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын әртүрлі деңгейде байқаулар өткізіп жатыр. Оған белгілі композиторларымыз бен ақындарымыз да қатысып жүр. Бірақ, насихат жағының кемшіндігінен бе, сол әндердің тарауы, танылуы өте қиын. Әнді шығару бар да, оны көпшілікке тарату бөлек әңгіме. Ән айтылмаған соң ұмытылады. Өз басым әуен дүкендерінде қазақша әскери әндердің жинағын сатып жатқанын кездестірген емеспін. Керісінше, Ресейдің әскери әндері біздің дүкендерді жаулап алған.
Айткен Шәмші: Нағыз өнер өкілі Петр Николаевичті тыңдап көрелік. Бұл кісіні «Анашым, анашым, анашым,
Мәпелеп өсірген баласын.
Мен алғаш әскерге кетерде,
Көзіңе жас алып қаласың….» деп келетін халық арасында «Анашым» деген атпен белгілі әнді әскердің саптық маршына енгізуге күш салған адам, жалпы композитор ретінде жақсы білеміз.
Петр СНАГОВСКИЙ: Қазіргі жастар өткен тарихымызға көп бойлай бермейтін сияқты. Жоғарыда айтқан кеңес мектебі кезінде қазақ композиторларының да жақсы дүниелері өмірге келді. Мәселен, Ұлы Отан соғысы мен Ұлы Жеңістен кейін жазылған «Жас қазақ», «Ана туралы баллада», «Соғыстан қайтқан солдаттар», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» атты рухы асқақ патриоттық әндері қазір де репертуарымыздан түскен емес. Әскер үшін тек соғыс, жеңіс, туған жер туралы ғана емес, «У солдата выходной», «Через две зимы» сияқты ойнақы, саптық әндер де қажет. Дегенмен, мұндай әндердің аз екенін өмірдің өзі көрсетіп жүр.
Айткен Шәмші: Мен де керзі етікпен Қиыр Шығыс топырағын таптаған адаммын. Сондағы саптық әніміз «Через две зимы…» болып еді. Бұл кеңестік бейбіт кезеңнің үздік әндерінің бірі болатын. Жан-жақты қамтылған. Айтуға да жеңіл. Көңіліңді көтеріп тұрады. Басқаны қайдам, өз басым оны ынтамен айттым. Бұл «Анашымның» орыс тіліндегі баламасы іспетті. Ал бізге тайганың ішінде «Анашымды» айтудың сәті түспеді. Бұл орайда қазақтың қазіргі буыны бақытты екен ғой деймін кейде.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ: Иә, бақытты. Қазір еліміздің гарнизондары мен әскери бөлімшелерінің қай-қайсысында болмасын, саптық әндер түгелдей қазақ тілдерінде шырқалады. Ал сахналарда авторы белгісіз болса да, халық жүрегінен шыққан әндерді сарбаз болсын, басқа әншілер болсын, жеріне жеткізе орындауға тырысады. Ондай әншілердің қатарында Ерболат Құдайбергеновтің «Жігіттер» әнін айтуға болады. «Нұр Мұқасан», «Музарт», «Жігіттер» тобында да халық көңілінен шыққан патриоттық әндер бар. Бірақ, қайталап айтамыз, теледидар біткенді қаптап алған той-думандық, даңғара әндер көп кезде бірлі-жарым танымал үздік әндер теңіздегі тамшыдай болып қалады. Демек, жақсы әндерді іріктейтін, ой елегінен өткізетін орта керек.
Айткен Шәмші: Соңғы жылдары шыққан жарқын ән – «Көк тудың желбірегені» әлі күнге төрде де, төскейде де шырқалып келеді. Ол әсте маңызын жоғалта қоймас. Бірақ, сол сияқты тағы да сүйекті әндер қатарға қосыла ма? Ойды ой қозғайды. Жақсы әндерді іріктеп, ой елегінен өткізіп, халыққа, яғни қолданысқа ұсынатын ортаның керектігі сұранып тұрған мәселе. Мәселен, шуылдатқан, дуылдатқан байқау өтті. Қол қысылып, жүлделері берілді. Пәрмені қайда? Сол жеңімпаз ән неге оны қолданатын нақты ортаға жетпейді? Мысалы, әскери бөлімдер мен оркестр, ансамбльдерге. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі әндер «Клен», «Смугулянка», т.б. өзіміздің «Анашым» сияқты адам санасы мен сезімінің шекарасын бұзып, көңілден шығып танымал болып кете алмай жүр. Ал, «Анашымдар» жалғызілікті. Осы түйінді қалай шешуге болады?
Бейбіт ЕҢСЕБАЕВ: Байқаулар өтіп жатыр дегенді естиміз. Бірақ, сол әндердің қолданысқа енгенінен бейхабармыз. Өлең жазғандықтан әрі әскери адам болғандықтан жаңа әндерді қадағалап отыратынымыз бар. Байқайтынымыз, қазір бұрынғыдай емес, әскери әндер баршылық. Бірақ, солар жауынгер жүрегіне жол тауып, сарбаздардың санасына сәуле құйып жатыр ма, міне, әңгіме осында. Кешегі сұрапыл соғыста батыр бабалармыз әскери әннен қуат алып, жауға жігерленіп аттанғанын тарихтан білеміз. Солардың мәтіндері қарапайым болғанымен, қаһарлы, әуендері де намысыңды оятып, бойыңа ерекше күш-қуат береді. Сол әндерден үлгі алып үйреніп, өнерлерін өнеге етсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Өршіл мінезді өлеңнің өзі әнге сұранып тұрады, әскерилерге әдемі әуен емес, әсерлі әндер керек. Осынау талаптан шығып, байқауда жеңген әндер бұйрықпен бөлімдер мен заставаларға жеткізілуі қажет. Ал, авторды ынталандыру керек. Бастысы – материалдық тұрғыда ынталандыру болғаны жөн.
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН: Енді соны насихаттайтын тетіктер дұрыс болмай тұр ғой. Үкімет келешекте әскери-патриоттық телеарна не радио ашуы керек сияқты. Қазір не көп, саны көп, сапасы жоқ коммерциялық арналар көп. Соның біреуінің орнына жастарымызды патриоттыққа тәрбиелейтін арна ашса, ұтылмаймыз. Ол мемлекеттің болашағы үшін өте қажет. Сонда ғана біздің жазылып жатқан ұлттық әскери әндеріміздің насихаты жолға қойылмақ. Ақын болғандықтан, мақтануға жақындау келеміз ғой. Анығында, автордың әнімен қоса өзін де насихаттаудың артығы жоқ. Баспасөзге жазып, теледидар уақытын арнаса болғаны. Көңілі көтеріледі, көңілдіден көлдей дүние шығады.
Петр СНАГОВСКИЙ: Бірнеше рет әскери әндер байқауында қазылар құрамында болдым. Композитор болғандықтан, негізінен сазға мән беремін. Қазылар жеңімпаз деп таныған әскери әндер шығармашылық кеңес іріктеуінен кейін орындалуға әскери бөлімдерге ұсыныс ретінде жіберіледі. Бұл қаласа алынады, қаламаса қалады деген сөз. Сондықтан, бұйрықпен берілсе деген пікірге қосыламын. Ал, қазақ тіліндегі әндердің аз екені шындық. Авторлар бұған уақытын жоғалтқанша, табыс әкелетін эстрадалық және той-думандық әндерге әуестеу келеді. Қазіргідей бәсеке заманында жақсы әнді материалдық қолдаудың маңызы зор. Құр диплом авторды ынталандыра алмайды.
Айткен Шәмші: Бүгінгі әңгімеден түйілген тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – әскери-патриоттық әндер мәселесінде әлі ойласып қолға алар жай көп. Соның бір парасы – осы шығармашылықты талқылайтын әнші-сазгерлер мен композиторлар, ақындар арасынан көркемдік ұйым құру. Байқауларда қазылар мүшелері болып әуеннен хабары бар, сөз парқын білетін адамдар отырғаны жөн. Баспасөз беттерінде де осы мәселеге ауық-ауық орын беріп тұрса құба-құп. Бүгінгі әңгімемізге ортақ болған меймандарымыздың пікірі де соған саяды. Байқаулар формальды өтпеуі тиіс, шығармалар жанашырлықпен мамандардың алдынан сүзілуі керек. «Біреудің өзі, біреудің көзі жақсы» деген көңілжықпастық бұл жерде жат болуы тиіс. Сосын, насихаты мен қолданысын күшейту үшін БАҚ құралдары бір кісідей атсалысқаны, солар арқылы халықтың талқылағаны, ал, үздік әндердің әскери бөлімшелер мен әскери өнер ұжымдарына бұйрық арқылы жолданғаны да артық болмас еді. Бүгін рухты әндер жұтаң тартса, оның себебі – жете көңілдің бөлінбеуінен, әйтпесе Ақтамберді, Махамбеттердің ұрпақтары ондай әндер тудырмауы мүмкін емес.

Дөңгелек үстелді жүргізген Айткен ШӘМШІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*