Ерлігіңе мың тағзым, батыр Аян!

Ерлікке тағзым – батырларға көрсетілген құрмет. Қан майданда қасық қаны қалғанша Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған соғыс солдаттарына тағзым етіп өскен ұрпақ бүгінде бейбіт күннің батырларына құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жуырда Алматы қаласы арнайы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында өткен «Ерлігіңе мың тағзым!» атты еске алу шарасы – өткен жылы қандықол қылмыскерді жаралап, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен батыр ұл Аян Ғалиевке арналды. Еске алу шарасына оның бауырлары мен жары Анар Асанова, қызы Амина Аянқызы да қатысты.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін жарқын бейне тағы бір рет жадымызда жаңғырды. Әріптестері ұйымдастырған еске алу шарасы өтетін залдың төрінен күлімсіреп қарап тұрған Аянның асыл бейнесі біздерге адам мен ажалдың арасының қас-қағым сәт екенін ескертіп тұрғандай. Алматы қаласы арнайы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-батальонының полицейі, полиция старшинасы Аян Ғалиевтің соңғы демі үзілген сол күн тек Аянның туған-туыстары үшін ғана емес, оны қашанда құрмет тұтатын әріптестері үшін де қаралы күн болып есте қалмақ.
Аян Ерболғанұлының Отан алдындағы антына адалдығы мен ер басына күн туған қысылтаяң кезде көрсеткен батылдығы өскелең ұрпаққа өнеге.
«Алматы облысына қарасты Сарқан ауданының Бақалы ауылында дүниеге келген Аян ішкі істер саласына 23 жасында келіпті. Содан бері ол абыройдың биігінде болды, өмірінің соңына дейін ішкі істер органының қызметкері қандай болатынын үлгілі ісімен дәлелдеді. Ол бар қарым-қабілетін өз ісіне арнап қана қоймай, біздің адал досымыз, өнегелі әріптесіміз де бола білді. Аян әрбір кезекшілікке түскен сайын қобалжитын, өз міндетін мүлтіксіз атқару үшін жанталасатын. Бұл оның жауапкершілікті терең түсінетін қасиеті еді. Сондықтан да полиция старшинасы Аян Ғалиев соңғы он жыл бойы Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің ғимаратында қызмет атқарды. Осы бір жауапты саланың қауіпсіздігін біз нағыз полиция қызметкеріне сеніп тапсырғанымызды қазір мақтан етеміз.
Айналасына ажал сеуіп келе жатқан қылмыскерді ұстау кезінде де ол көп ойланып тұрған жоқ. Жағдайдың соншалықты қауіпті екенін сезініп, батыл қимылға көшті. Біздің әріптесіміздің осындай шешуші кезеңдегі ұтқыр іс-әрекетінің арқасында қауіпті қылмыскер қолға түсті. Біз полиция старшинасы Аян Ғалиевтің ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етеміз», – деді Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Игорь Дзигалюк.
Салтанатты шара кезінде, әсіресе, ішкі істер саласының ардагері, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жанындағы Консультативтік кеңестің төрағасы, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовтың сөзі жиналғандарға үлкен ой салып, Аянның әріптестеріне рух берді.
«Антқа адал болу – азаматтың бойындағы ең асыл қасиет. Біздің Аян қазақтың «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген қанатты сөзін бейбіт күнде дәлелдеп кеткен азамат. Ол жасаған ерлік – екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Қарулы қылмыскердің оғынан сескенбей, өзінің емес, өзгелердің амандығы үшін өмірін оққа байлауға азаматтың азаматының ғана тәуекелі барады. Сондықтан да, батыр Аянның ерлігі сендерге, яғни Аянның ісін жалғастырушы әріптестері үшін үлгі-өнеге болып қала бермек.
Аянның артында аңыраған ата-анасы, жүректері езілген бауырлары, жары мен ұл-қыздары қалды. Осы жерде мен Аянның жары Анарға ерекше сөз арнағым келеді. Әрине, сен үшін балаларыңның асыл әкесін жоғалту оңай емес. Аян тек үлгілі қызметкер ғана емес, өнегелі отбасының басшысы, қамқоршысы, асыраушысы болатын. Анар айналайын, сен енді Аянның ұл-қызының әкесінің орнындағы әкесісің! Олардың үлкен азамат болып өсуі үшін сенің сіңіретін еңбегің зор. Сондықтан да, саған күш-қуат пен денсаулық тілеймін. Мықты болу – қазақ әйелдеріне тән қасиет. Сен сондай әйелсің, қайғыға жұтылмай, Аянның шаңырағын биік ұстайды деп кәміл сенемін», – деді генерал.
Ішкі істер саласының ардагері, ардақты азамат, генерал-майор Талап Қабденұлы сөзінің соңын «Дарасың Аян, дарасың! Осылай есте қаласың!», – деген жан тебірентерлік сөздермен аяқтады. Ардагер ағаның жүрегінен шыққан шынайы толғаныс Аянның әріптестерінің көзіне жас, көңілдеріне мұң ұялатқанмен, батыр ұлға деген мақтаныш сезімдерін кемерінен асырды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Марат Сұлтанғазиев та сөз сөйлеп, батыр Аянның рухына тағзым етті: «Аян біздің департамент қызметкерлерінің өмірін сақтап қалды. Өкінішке орай, өзі қылмыскер қолынан мерт болды. Ол біздің департаменттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге еңбек сіңірген он жыл ішінде барлығымызға бауырымыздай болып кетіп еді. Департамент ұжымы антына адал ержүрек азаматты ешқашан ұмытпайтын болады», – деді ол.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдық мерекесі қарсаңында Елбасы Н. Назарбаевтың жарлығымен полиция старшинасы Аян Ғалиев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Еске алу кезінде генерал-майор Т. Қабденов Аянның жары Анар Асановаға осы марапатты табыс етті.
Өз кезегінде Аянның бауыры мен жары да оны еске алып, ерлігін бағалап жатқан әріптестеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Полиция старшинасы А. Ғалиевті еске алу соңы батыр әріптестерінің құрметіне арналған полиция қызметкерлері арасындағы шағын футбол турниріне ұласты.
Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті, Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы Оқу орталығының, Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің, Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери бөлімінің құрама командалары қатысқан және Қазақстан Республикасының бірінші санатты судьясы Алмас Ахметов төрағалық еткен футбол жарысы өте тартысты өтті.
Сайыста нағыз шеберлік танытқан Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметінің №1 құрама командасы 1-орынды иеленсе, 3-орынды да осы басқарманың №2 құрама командасы жеңіп алды. Ал, жүлделі 2-орын Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің командасына бұйырды.
Жекелеген ойыншылар арасында ІІМ Алматы қаласындағы оқу орталығының тыңдаушысы Мүбәрәк Уәли «Үздік шабуылшы», Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінен капитан Қуаныш Қарыбаев «Үздік қақпашы», ҚАЖ департаментінен әділет аға лейтенанты Мәлік Ескеев «Үздік қорғаушы» деген атаулы марапаттарға қол жеткізді.
Бейбіт күннің қаһарманы, полиция старшинасы Аян Ғалиевтің есімін жадында ұстайтын әріптестері оны жыл сайын еске алатын болады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы, суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*