Желтоқсандықтардың ерлігі

Қазіргі жас ұрпақ Отаны – Қазақстанның жүріп өткен тарихын білуге міндетті. Қазыбек би айтпақшы, ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған елміз. Қазақ елі өз тарихында Азаттық үшін күресте талай алапат соғыстар мен зобалаң, зұлмат, қиын-қыстау кезеңдерді, қиыншылықтарды, үздіксіз өзгерістерді бастан кешіп, әлем таныған, мәртебесі биік алдыңғы қатарлы елдердің бел ортасында өмір сүруде.
Еуразияның алтыдан бір бөлiгiн алып жатқан алып империя КСРО құрамында болған он бес республиканың бірі – Қазақ Советтік Социалистік Республикасы еді. Бұл – Қазақстан Республикасының бұрынғы атауы екенін бүгінгі жастардың көпшілігі біле бермейді. КСРО немесе Кеңес үкіметі – бұрынғы Ресей империясында Уақытша үкімет қарулы күшпен құлатылған Қазан төңкерісінен кейін орнатылған.
КСРО-ның басқару жүйесінде билік формальды түрде кеңестер қолында болғанымен, шындығында нағыз билікті компартия басқарды және депутаттар сайлауы формальды сипат алды. Кейіннен «Тоқырау кезеңінде» қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қарама-қайшылық орын алды. Кадр мәселелері партия комитеттерінің бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүрді.
Барлық республикалар партияның әкімшіл-әміршіл жүйемен басқарылғандықтан жүргізілген реформалар әлеуметтік қайшылықтарды, ұлттық мәселелерді шешудегі жіберген өрескел қателіктері КСРО-ның дамыған мемлекеттерден біршама артта қалуына себеп болды. Қазақстанның экологиялық жағдайы нашарлап, республика ядролық қару сынау ошағына айналды. Ұлттық құндылықтар мен қазақ тілі жоғала бастады. 1954-1986 жылдары 600-ден аса қазақ мектебі жабылды. Қазақ тілі тек тұрмыстық тіл болып, қоғамдық орындарда қолданылуын мүлдем тоқтатуы салдарынан «мәңгүрттер» тобы пайда болды.
Сонымен қатар, мемлекет қаржысы әлем тарихында «қырғи-қабақ соғыс» аталған АҚШ пен КСРО арасындағы жанталаса қарулану бәсекесіне, Ауғанстандағы соғысқа жұмсалуы Кеңес үкіметінің дамыған елдерге қарағанда саяси және экономикалық жағынан көп артта қалып қоюы – басқару жүйесін жетілдіруді талап етті.
КСРО билігі басына 1985 жылы М.Горбачев келіп, оның сәуiр айындағы Компартия Орталық Комитетiнiң Пленумындағы баяндамасынан кейін жариялылық, жеделдету саясаты жүргізіле бастады. Қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде қабылданған қаулы тек сөз жүзiнде қалып, іс жүзiнде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездетiп, партиялық диктатура мен онсыз да тозуға айналған кеңестік жүйе әлсірей бастады. Бірақ қайта құру жағдайында ақпарат тарату қызметі елдегі болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді бүкпесіз ашық жариялап отырды.
Қайта құру, қоғамның демократиялық жаңаруы КСРО халықтарының ұйқыдан оянып, өзінің тарихын зерттеп, ұлтты қайта дамыту, ана тілін үйрену, егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастауына әкеліп соқтырды. Нәтижесінде 1986 жылдары Желтоқсан оқиғасы болды.
Егемендіктің бастауы болған, қазақ тарихында өшпес із қалдырған аталмыш оқиғаның болу себептері туралы пікірталастар әлі күнге дейін толастар емес. Қазіргі зиялы қауымның пікірінше, қазақ жастарының көтерілуіне республиканы ширек ғасыр басқарған Д.Қонаевты халық пікірімен санаспай орнынан алып тастауы себеп болған еді. Өз естеліктерінде Д.Қонаев 1986 жылдың күзінде М.Горбачевке зейнетке шығу туралы арыз жолдағанын және соңғының келіскенін, 11 желтоқсанда Саяси бюроның мәжілісінде оның қатысуынсыз арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанын, ал 16 желтоқсанда Қазақ КСР-ның КП-ның Орталық комитетінің Пленумында оны зейнетке шығарып салып, орнына Г.Колбинді тағайындағанын жазады.
Сонымен қатар, елдегі көптеген мәселелердің шешімін таппай, қордаланып қалуы, Алматыда тұратын қазақ жастарының әлеуметтік жағдайларының басқа ұлт жастарының жағдайларына қарағанда төмен болуы, жылдан-жылға шешілмеуі, көп балалы отбасыларынан шыққан балалардың үлкен қалаларға барып оқуға түсе алмай, жұмыс, тұратын пәтер таба алмауы сынды экономикалық қиындықтар қазақ жастарының ашу-ызасын келтірді.
Желтоқсан оқиғасынан кейін интеллигенция мен студенттерге қуғын-сүргін жазалау әрекеттері мен әдістері қолданыла бастады. 1987 жылдың шілдесінде КОКП Орталық комитеті «Қазақстан Республикалық партиялық ұйымдарының еңбеккерлерді интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмысы жайлы» қаулы қабылдап, онда Желтоқсан оқиғалары барысындағы «қазақ ұлтшылдығының белсенділігі туралы» аталып өтілді. Республикада жаппай ұлтшылдар мен жемқорларды әшкерелеу жұмыстары басталды. Ө.Жолдасбеков, Н.Надиров сияқты академиктер, ғалым-антрополог О.Исмагулов қудалауға ұшырады. Жоғары, арнайы оқу орындарына, жұмысқа қабылдау жергілікті халық өкілдерінің оқу мен қызметке мүмкіндіктерін шектеді.
Оқиғадан кейін 8500 адам, оның ішінде 90 пайызы қазақтар ұсталды. Ұсталғандардың жартысына жуығын студенттер құрады. 1700 адам ауыр дене жарақаттарын алған. 900 адамға түрлі деңгейдегі әкімшілік шаралар қолданылса, 1400 адам ескертілген, 99 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған, 2 адам ату жазасына кесілсе, 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған. 52 адам партия қатарынан, 787 адам комсомол қатарынан шығарылды. 1138 адам әртүрлі партиялық, комсомолдық тәртіптік шараларға тартылған. 12 жоғары оқу орнының ректорлары лауазымдарынан босатылса, 271 студент оқу орындарынан шығарылды.
1989 жылдың көктемінде КСРО-ның Халық депутаттарының І съезінде ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов тұңғыш рет мінбеде желтоқсан оқиғасына қатысты ащы шындықты жайып салып, бұл оқиғаларға объективті баға беруді талап етті. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.
Тек үш жыл өткен соң, 1989 жылы шілдеде Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен Алматы оқиғаларына түпкілікті баға беру үшін Жоғарғы Кеңес Президиумының комиссиясы құрылып, жұмыс істей бастады. Желтоқсандықтарды ақтауға бағытталған жұмыс та өз нәтижелерін беріп, олардың 32-сі қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. 1990 жылдың мамырында КОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросы арнайы қаулы қабылдап, онда КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылғы қаулысында көрсетілген Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары барысында орын алған «жаппай қоғамдық тәртіптің орын алуы қазақ ұлтшылдығының әсерінен болған» деген баға қате деп танылды. Алматы мен Қазақстанның басқа қалаларындағы қазақ жастарының алаңға шығуы ұлтшылдық сипатында болмағандығы, олардың іс-әрекеттері Конституциямен және Қайта құрумен берілген азаматтық және саяси көзқарастарын білдіруге бағытталғандығы көрсетілді.
Желтоқсанның алғашқы күндері жиналған жастар арасында есірткі қолданғандарының барлығы хабарланса да, О.Сүлейменов сол күндері Алматы қаласының ішкі істер басқармасы мен оның бөлімдерінде бір де бір есірткімен байланысты қылмыстың тіркелмегендігін жариялаған болатын.
Сол күндері заң бұзушылықтар жастар тарапынан да, оларды таратуға күш қолданған күштік құрылым тарапынан да көптеп орын алған. Ұсталғандарды ұрып-соғу, қақаған қыста жартылай жалаңаш күйде қаланың сыртына тастап кету, прокурор рұқсатынсыз бірнеше күн қамауда ұстау, оларды тамақтандырмау, дәрігерлік көмек көрсетпеу, олардың туыстарына хабарламау және т.б. заңсыздықтар жиі қайталанған. Бұл заң бұзушылықтарға прокуратура органдары да көз жұма қараған. Кінәлілерге қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде дәлелдемелерді бұрмалау, асығыс, ат үсті тергеу және т.б. заң бұзушылық істерді сотта қарау барысында да жол берілді.
Бұл теңдікті, егемендікті талап еткен намыстан жаралған жас қазақ жігіттері мен қыздарының елдік рухтары жолындағы тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздігіне ұмтылу үшін бас көтерген желтоқсандықтардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті.
Балтық жағалауы халықтары, әсіресе грузиндер Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастары мен қыздарын мақтан тұтатындықтарын жасырмайтын.
Иә, дүниені дүр сілкіндірген Алматы оқиғалары ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан батыста зұлым атанған Қызыл империяның дағдарысқа ұшырап, небәрі бес жылдан кейін оның ыдырауына әкеп соқтырған үлкен оқиға болды. Желтоқсан оқиғасы тек қазақ халқының, КСРО-ға кірген он бес республиканың ғана емес, бүкіл социалистік лагерь, Варшава келісімшарты құрамына енетін мемлекеттердің толық Тәуелсіздікке, азаттыққа, демократиялық жаңғыруға қол жеткізуіне себеп болды. Жастарды күшпен басып, олардың қаны төгілуімен келген бұл серпіліс, тіл мүддесі, рух мүддесі үшін, ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Қазіргі тарихшылардың жазып жүргеніндей, қазақ халқы өз тарихында азаттық пен тәуелсіздікке жету үшін әртүрлі деңгейдегі 300-ден аса ұлт-азаттық көтерілістерге шығыпты. Яғни, Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, Желтоқсан оқиғасы – егемендікке бастаған көтеріліс еді. КСРО тарихында алғаш рет қазақ жастары Компартияның шешіміне, оның саясатына, атқарушы билікке ашық саяси қарсылық жариялады. Алаңға жиналған жастар бірінші күні «Бөлінуді талап етеміз», «Әр халыққа – өз басшысы», «37-ге жол жоқ», «Ұлы державалық ақылсыздықты жою» және т.б. ұрандар жазылған плакаттармен шықты.
Шынында да, Желтоқсан оқиғасымен басталған демократиялық жаңару КСРО басшыларының көзін ашып, демократияға күш беріп, кейін КСРО әскерін Ауғанстан Республикасынан шығарумен, Берлин қабырғасының құлауымен жалғасып, ақыры әлемді дірілдетіп отырған империяның күйреуіне әкеліп соқтырды. 1991 жылы КСРО-ның ыдырауына байланысты Тәуелсіздік алған одақтас республикалардың бәрі өз елдеріндегі Компартия басқарған Кеңес үкіметінен бас тартты.
Бұл оқиға 1825 жылғы орыс декабристерiнiң iс-қимылымен салыстырылып, желтоқсан қаһармандары «қазақ декабристерi» аталды.
Бұл оқиғадан кейін 5 жыл уақыт өте келе Қазақстан Республикасы өзін «Тәуелсіз ел» деп жариялады және Желтоқсан оқиғалары қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы, күресі деп есептелді. Желтоқсанның мұзға жаққан алауы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды. Қазақ тарихынан өшірілмейтін бұл күнді тарихи сәт десек те болады.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
Қызылорда облыстық ІІД Заң бөлімінің бастығы,
запастағы полиция полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*