Арда ұлдың азғындыққа баруына не себеп?

Арда ұлдың азғындыққа баруына не себепЖасөспірім – келешегімізден үміт күттіретін желкілдеген жеткіншектер еді. Иә, солай еді. Ал бүгінде… небір сұмдық қылмыстар сол жеткіншектердің қолымен жасалып жатыр. Жасөспірім – нағыз қанішерге айналды. «Неге?» деген сұрақ көмейіңе еріксіз келіп тығылады. Бірақ, ол сұрақтың жауабын табу өте қиын.
Жасөспірімдер қылмысы тек биылдың өзінде әр аймақ бойынша көптеп тіркелді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша кәмелетке толмаған қылмыскерлердің саны соңғы екі жылда 705-ке дейін жеткен. Ең сорақысы, бұл өңірде қару қолданумен жасалған қылмыстар саны өте көп.Әр алтыншы қылмыс қару қолдану арқылы жасалады екен. Осындай қылмыс салдарынан кәмелетке толмаған 16 жасөспірім қаза тапқан. Өзегіңді өртейтін өкініш. Оған білім ордаларындағы әлімжеттікті тағы қосыңыз. Мақтарал, Сайрам ауданының жасөспірімдері де бұзықтық жасаудан алдына жан салмайды. Павлодар облысында жақында жалған ақша жасайтын төрт цех табылған болатын. Осы цехтарды өндіріске қосқан өзіміздің жеткіншектеріміз болып шықты. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай арнайы өткізілген брифингте баяндаған болатын. Жалған ақша жасағаны және сатқаны үшін кәмелет жасына толмаған М.Даньшин, А.Протопопов, В.Фурса есімді жасөспірімдер сотталған. Олар 500 теңгелік 303 дана жалған банкноттарды сатқаннан кейін қолға түскен. Жасөспірімдер жалған ақшаларды дербес компьютерде жасап келіпті. Ал Қызылжарда өз қатарластарын бопсалаған жасөспірім ұсталды. 17 жастағы мектеп оқушысы өз сыныптастарына қоқан-лоқы көрсетіп, ақша талап етуді әдетке айналдырып алыпты. Бұл жөнінде құқық қорғау қызметкерлеріне баласының жиі ақша сұрағанына алаңдаған ана хабарлаған. Содан кейін барып күдікті кезекті «кездесуінде» қолға түсті. Тінту барысында жасөспірімнің қалтасынан 2700 теңге табылған. Бұл сома оған жеке шығындарын өтеу үшін қажет болыпты. Арда ұлдың азғындыққа баруына не себеп2Полицейлердің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында осы сынды қылмыстар соңғы кезде артып келе жатқан көрінеді. Жақында Ақтау қалалық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Амангелді Әбдуатов арнайы жиында мынадай жайларды мәлімдеді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың екі ай ішінде 17 жасөспірімнің қатысуымен он қылмыс орын алған. Ал, өткен жылы екі айда 7 жасөспірімнің қатысуымен үш қылмыс болған. «Жасалған қылмыстардың басым көпшілігі жеке мүлікке, сонымен қатар жеке тұлғаға қатысты болып отыр. Оның ішінде ауыр қылмыс –3, ауырлығы орташа қылмыс – 4, жеңіл дәрежедегі қылмыс – 3», – дейді Амангелді Әбдуатов. Ақтауда қылмыс жасаған жасөспірімдердің үшеуі мектеп оқушылары болса, сегізі арнайы оқу орындарының студенттері, төрт жасөспірім еш жерде оқымайтын болып шыққан. Арда ұлдың азғындыққа баруына не себеп3«Кәмелетке толмағандармен көшеде жасалынған қылмыстар саны үшеу болса, түнгі мезгілде жасөспірімдердің қатысуымен төрт қылмыс орын алған. Яғни, олар ата-аналарының тарапынан бақылау жоқтығынан осындай қылмыстарға барып отыр. Мысалы өткен жылы қараша айында түнгі сағат 03.00 шамасында еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын кәмелет жасқа толмаған Б.Сағи «Арабика» түнгі клубының жанында В.Выродовтың денесіне пышақпен бірнеше рет соққы беріп, оқиға болған жерден бой тасалаған. Сондай-ақ, №14 орта мектептің 11- сынып оқушылары Е.Басеров, М.Бахжан және ҚазАТК 2-курс студенті С.Таңғалиев үшеуі осы жылдың қаңтар айында түнгі сағат 02.30 шамасында «Достық» сауда орталығының қасында орналасқан самса сататын дүңгіршектің есігін сындырып, ішінен тоңазытқышты ұрлап кеткен. Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды», – дейді ол. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшеде 103 жасөспірім есепте тұрған көрінеді. Ал, осы жылдың екі айы ішінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 27 жасөспірім орналастырылған. Ата-анасымен келіспей үйінен кетіп қалу, балалар үйінен немесе арнайы мектеп-интернаттан қашып кету фактілері бойынша төрт жасөспірім тіркеліпті. Алматыда кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыс жыл басынан бері 13,4 пайызға өссе, Батыс өңірде 25 пайызға бір-ақ шыққан. Жамбыл, Қарағанды облыстарында да жасөспірімдер арасындағы қылмыс алаңдатарлық жағдайда. Сонымен қатар, жасөспірімдердің топтасып қылмыс жасау әрекеті де 25 пайызға артқаны жөніндегі мәліметтер де БАҚ бетінде жиі кездеседі. Айтып, айтпай не керек, еліміздегі орын алған әрбір бесінші қылмыс сол балғын балалардың үлесіне тиеді екен. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында есірткіге әуестенушілер соңғы төрт-бес жыл деңгейінде үш есеге артқандығы да –ойландыратын мәселе. Жалпы, жасөспірімдер арасында адам айтқысыз ауыр қылмыстар неге көбейіп кетті? Шындығына келсек, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі тек шырқы бұзылған отбасылардың көбеюімен ғана емес, балалардың соңғы кездері шекара дегенді білмейтін, жан-жақтан ағылып келіп жатқан, бала жүрегіне қатыгездік дәнін себу жағынан бірінен-бірі асып түсетін компьютерлік ойындарға, одан қалса, атыс-шабысқа толы, адамды қинау мен азаптап өлтірудің эпизодтарын қамтитын сорақы жанрдағы фильмдерге деген ықыласымен байланыстыруға болады. Осы тұста Батыстың бірқатар ұйымдары психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізіп, онда кез келген елде орын алатын зорлық-зомбылықтың басты себебі теледидардан келетіндігін анықтаған. Әр адам күніне орта есеппен бес-алты сағат теледидар алдында отырады. Осылайша, «қара жәшіктен» басын алмайтын кез келген бала 18 жасқа дейін 14 мыңға жуық адам өлтіру эпизодтарымен теледидар алдында танысады екен. Ендеше, жасөспірімдер қылмысының алдын алуды осындай қатыгез фильмдерді көрсетуден бас тарту арқылы шешу керек шығар. Себебі көптеген елдер зорлық-зомбылықтың теледидар арқылы индексін жасап, басым жағдайда қиянатшылыққа тосқауыл қойып отыр. Бізде неге осылай істемеске?.. Бүгінде отандық телеарналарда адамның жан дүниесі түршігетін небір қылмыстық оқиғалар, тіпті адамның өлі денелері, қан-жоса қорқынышты көріністер жиі берілетін болды. Мұндай ақпараттардың адам психологиясын, соның ішінде жасөспірімдердің психологиясын бұзатыны да енді айтыла бастады. Қылмыс әбден өршіп кеткенде… Дегенмен, айтылғанына да шүкір дейсің. Енді жасөспірімдеріміздің сана-сезімі бұзылмауына барынша ниет қойып, әлгіндей келеңсіз құбылыстармен күресетін шығармыз. Күресу арқылы ғана жасөспірімдерімізді жарқын болашаққа бастайтынымызды түсінетін уақыт жетті. Әйтпесе, ертең бәрі кеш болады.

Мейірхан МЕҢДІҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*