Бірлесе шешкен шешім

«Орталық» өңірлік басшылығы мен жеке құрамы 5451 әскери бөлімінде облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, сондай-ақ, облыстық мәслихаттың бір топ депутатымен кездесті. Облыстық мәслихат жұмысшы тобының мұнда атбасын тіреуінің бір ұшы қауіпсіздікте жатыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы құрамы және көлемі жағынан өңірлік қолбасшылықтардың ең үлкені. Оның құрамына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары мен елордамыз Астана қаласында орналасқан 9 әскери бөлім енеді.
Қонақтар назарына алдымен әскери, жауынгерлік және арнайы техникалар, жеке құрамның бес қаруы, киім үлгілері ұсынылды. Қонақтар сондай-ақ, казармадағы сарбаздардың жатын орыны, әскери асханасымен танысып, басқа да әскери нысандарда болды.
Бөлім сарбаздары сынақ алаңында бейбастақты ауыздықтау, суық қарумен алаңға шығып, бұзақылық жасаған топты еңсеру сынды жаттығуларын көрсетті. Соңынан әскерилер мен ел қалаулыларының жиыны өтті. Алғаш болып сөз алған «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов: «Орталық» өңірлік қолбасшылыққа тоғыз әскери бөлім қараса, Қарағанды қаласында төрт әскери бөлім орналасқан. Күн сайын бір ауысымда ғана өңір бойынша бір мыңнан астам әскери қызметші күзет вахтасына тұрады. Солардың 600-ден астамы түзеу мекемелерін күзетсе, 400-і қоғамдық тәртіп күзетіне тұрады», – деп атап өтті.
Жыл басынан бері әртүрлі қылмыс жасаған 140 адам ауыздықталды, 4 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке шақырылды. Көше қылмысы айтарлықтай қысқарды. Соның барлығында бейбіт күннің ерлерінің қолтаңбасы жатыр», – деп атап өтті қолбасшы.
6505 әскери бөлімінің қарауыл бастығы Ақылбек Қоңыров қауіпті қылмыскерді ұстап, «Айбын» орденімен марапатталды. 5516 әскери бөлімінің аға лейтенанты Григорий Метельский көшеде нәзік жанды тонаған қылмыскерді жалғыз өзі құрықтаған. Ал, қатардағы жауынгердің өмірін өз денесімен жауып, сақтап қалған 6505 әскери бөлімінің полковнигі, қайсар қазақ баласы Қайрат Үмбетов еліміздің ең жоғарғы наградасы – Халық Қаһарманы атағына ие болды. Сөйтіп, айтып отырған сарбаздарымыз бейбіт күнде де ерлікке орын бар екендігін тағы бір дәлелдеп берді.
Қарағандыдағы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері лаңкестік, экстремизм, се-паратизм тәрізді ауыр қылмыстармен күресіп қоймай, оның алдын алуда да ұтқырлық, табандылық танытуда.
«Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері талай ерлік үлгісін көрсетіп жүр. Әсіресе, былтырғы ауа райының жауынды-шашынды болуы ел-жұртпен бірге бізді де біраз әбігерге салды. Қазіргі уақытта әскери бөлімдер республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бүгінгі жағдайға байланысты әскери дайындықты нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Бөлінген қаржының айтарлықтай бөлімі осы мақсатқа жаратылады.
Дегенмен, бәрі бірдей жақсы деуге болмайды. Қалалық қоғамдық көліктерде әскерилеріміз жолақысын әлі күнге өз қалталарынан төлеп келеді. Күдіктіні ұстаса полиция бөліміне жеткізу үшін оның да жолақысын өзі төлейді. Ал Алматы, Павлодар, Орал қалаларында осы мәселені өтемақы төлеу арқылы шешіп отыр. Әскерилердің баспана мәселесі де күрмеулі күйінде қалуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бірде-бір әскери баспана алмаған. Офицерлер пәтерақысын да өз отбасының бюджетінен айырып отыр. Әкімдіктің тұрғын үй қорынан қызметшілерге тұрғын алаңын бөлсе, болмаса, иесіз қалған үйлер мен ғимараттарды біздің балансқа берсе, республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеуден өткізіп алар едік», – деді біраз түйткілдің басын ашып көрсеткен Еркін Ботақанов.
«5451 әскери бөлім мен 14 шағын ауданда жол сапасы сын көтермейді. Осы 1200 метрлік жолды асфальтпен көмкеріп, жарықтандыруға болады. Майқұдықтағы 14 шағын аудандағы автобус маршруттарын бөлімге дейін созуға болады. Әскерилердің бос уақыттары бола бермейтіндіктен олардың жұмысқа келу, үзіліске шығу және қайту маршруттарын ұйымдастырса болады. Қыс ішіндегі бораннан кейін қатынау мүмкін болмай қалады», – деді ол.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров: «Ұлттық ұланға, ішкі істер органдарына қарасты жергілікті полиция қызметтеріне жүктелер жауапкершілік еселене түсуде. Сол үшін де бүгін Ұлттық ұланның жауынгерлік даярлықтарымен танысуға келген едік. Көңіліміз толды. Сарбаздардың біліктілігі жоғары деңгейде екен. Қазіргі таңда бұл салаға ерекше назар аударылып, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Сондықтан, Ұлттық ұлан сарбаздары алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындайды деген сенімдеміз», – деді.
«Сарбаздарымыз еліміздің тұтастығы мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге лайықты үлес қосып келеді. Бұл – әскери институт түлектерінің қызметке деген адалдығының, жүктелген міндетті жауапкершілікпен алып жүретіндерінің анық мысалы. Сондықтан да, әскерилер ел қорғанысын нығайта түсуге алдағы уақытта да барынша ат салыса беретініне сеніміміз мол. Қашанда ант пен серттен таймай, сенім биігінен көріне беріңіздер!», – деді сөз соңында мәслихат хатшысы.
«Орталық» өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдері қазақстандық офицердің ар-ожданын жоғары ұстап келеді. Олар қиындықтан қашуды білмейді. Қолбасшылық сарбаздары бұл санатта елімізде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бірнеше мәрте Астана күнін тойлауға қатысып, қоғамдық реттілік пен тәртіпті уысынан шығармады. Отан соғысындағы Ұлы Жеңісті тойлауға да өзіндік үлестерін қосты. Қарағанды, Астанада өтіп жататын халықаралық саяси форумдардың өз деңгейінде өтуінде де қомақты үлесі бар.
Биыл Қарағанды қаласының Бадин көшесінде әскери қалашықтың ашылуы айтарлықтай оқиға болды. 6505 әскери бөлімнің бұрынғы әскери лазареті қайта жарақтаудан өткеннен кейін балалар және спорт қалашығы болып шыға келді. Мұнда оқу-жаттығу жиындары жиі өтіп тұрады.
Осы жылдың ақпанында Қарағандының №77 орта мектебінде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен Ұлттық ұланның кадет сыныптары ашылды. Бұл ұлан – «Жас бүркіт» деп аталады. Ал, наурыз айында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Е.Ботақанов №58 орта мектептің кадет сыныптарына шефтік көмек көрсету бойынша меморандумға қол қойды.
Өңірдегі әскери қызметшілері берген серттеріне берік, алған анттарына адал. Қыспаққа түсіп қалған азаматтарға дер кезінде көмекке келеді. Бейбіт күнде қару асынса қауіп бар деген сөз. «Орталық» өңірлік қолбасшылықтыңәскери қызметшілері өз жерімізде ғана емес, өзге жұртты да қауіп-қатерлерден аман алып қалып жүр.
Тәжік-ауған шебінде арнайы міндетті жүзеге асырып, ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысып, қаланың тыныштығын орнықтыруға күш салды.
Үлкен істе ұсақ-түйек болмауы керектігі түсінікті. Алайда, бәрін қамту мүмкін емес. Басшылықтың республикалық бюджеттен қаржыланатыны белгілі. Алайда, жергілікті атқарушы органдардан көмек қажеттігі туындайды.
Офицерлер мен сержанттар қызмет орнына барып, қайтуда, сондай-ақ, әскери дайындықты тексеру барысында негізінен қалалық қоғамдық көліктер қызметін пайдаланады. Олар жай ғана жолаушы емес, тәртіп сақшысы қызметін де атқарады. Соған орай ұсталған күдіктілерді де тиісті жерге өз есептерінен жеткізеді. Сарапшылардың есебінше, осылайша әскерилердің тапқан еңбегінің отыз пайызы жолға кетеді екен. Осы мәселе жылдар бойы шешілмей келеді. Бұл мақсатқа жұмсалатындай қаржы көзі, әрине, қалалық бюджетте бар. Бірақ соның тетігі заңдастырылмаған.
Жиынға қатысқан халық қалаулылары бұл мәселені шешуге болады деп есептейді. Әскерилер де бұған сенімді. Әскерилерді ендігі қинайтыны – тұрғын үй мәселесі. Қызмет бабына байланысты офицерлер бір гарнизоннан екіншісіне көшіп жүреді. Жаңа қызметіне келген жерде осы мәселеге килігеді. Өйткені, дайын тұрған үй жоқ. Осы ретте Үкімет тарапынан пәтер сатып алуға бөлінетін қаржы тұрғын үй мәселесін шеше алмайды. Соған орай әскери офицерлер жалдамалы үйлерде тұруға мәжбүр. Ал, бұл олардың айлық жалақысының жартысынан көбін құрайтын көрінеді.
Бұл мәселені шешуге әскерилер талпынғанымен әзірге нәтижесі мардымсыз. Қалалық әкімдікке облыс әкімдігі тұрғын үй қорынан жыл сайын мақсатты түрде пәтер бөлу туралы ұсыныспен шықса да, ондай бағытта салынып жатқан үйлер жоқ. Осындай себеппен жалдамалы тұрғын үй алу да мүмкін емес.
Әскерилер халық қалаулыларынан осы мәселені шешуге ықпал жасауларын өтінеді. Олар халық қалаулылары арқылы иесіз үйлердің біреуін өз баланстарына алуға ынталы. Республикалық бюджет арқылы қаржы бөлдіріп, қатарға қоспақшы.
Биыл 5451 әскери бөлімі өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Осы кезең ішінде бөлім өзін тек жақсы қырынан танытты. Жапа шеккен талай өзекті жанға сүйеу болды, талай қылмысты ұясында тұншықтырды, талай қылмысты ауыздықтады. Соған қарамастан бөлім кейінгі ширек ғасырда бірде-бір пәтер алмаған.
Қыс ішінде бөлімнің қалыпты жұмыс істеуі алаңдатады. Қала шетінде орын тепкендіктен табиғи қорғанысы, сондай-ақ, қолдан жасалған нысандары болмағандықтан қыс ішінде жолды қар басып, әскерилер өз жұмысы орнына уақытылы жете алмай жатады. Бөлімнің арнайы жол тазалау техникасы болмағандықтан, боранды күндері бөлім жұмысында іркілістер болып қалады.
Өзекті жан болған соң дүние мүліктің ыбырситыны белгілі. Қатпар тасты біреу қозғамаса өздігінен қозғалмайды. Олай болса халық қалаулыларының әскерилердің мәселелерін шешуге барынша қатысатынына сенеміз.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*