Есте ерекше сақталған саяхат

2011 жылы ІІМ Көліктегі ІІД-де қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған қызметкерлердің құрметіне ашылған «Мәңгі ұмытылмас есімдер» атты мемориал ескерткіштің мәрмәр тасына олардың есімдері қашалып жазылды.
Әрбір мереке сайын департамент басшылығы мен жеке құрам қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптестерінің ерліктеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Ішкі істер органдары қатарына жаңадан қабылданған жас мамандардың ант беру рәсімі де осы мемориалдың алдында өткізіліп жүр. Қыршын кеткен әріптестердің рухтарына құрмет көрсетіп, мемориал алдынан салтанатты шерумен сап түзеу де дәстүрге айналған.
2008 жылдың 10 тамызы Амантаевтар отбасы үшін қайғылы қаза жамылдырған қаралы күн болып мәңгі есте қалды. Осы күні полиция қызметінде өз міндетін абыроймен атқарып жүрген 26 жастағы ұлдары полиция сержанты Рахат жалындаған жас шағында қандықол бұзақылардың қолынан ажал құшты.
Рахат 1982 жылы Жамбыл облысы Шу қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 2000 жылы Төле би атындағы орта мектепті тәмамдап, әскерге аттанады. Әскерден келген соң алғашқы еңбек жолын 2003 жылы Ақтау қалалық Ішкі істер бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің кіші жедел уәкілі лауазымынан бастайды. Ал, 2004 жылы туған жері Шу стансасындағы желілік полиция бөліміне қызметін ауыстырып, темір жол көлігі нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кіріседі. 2008 жылы 10 тамыз күні кезекті қызметтік ауысымнан келіп, үйінде ұйықтап жатқан Рахат түн ортасында жолдың арғы бетінде тұратын көршісінің көмек сұрап жанұшыра айқайлаған дауысын естіп, солай қарай жүгіре жөнеледі. Жанжал шығарып жатқан бұрын бірнеше рет сотты болған көршісі Самат пен інісі Талғат Шынболатовтар екен. Ішімдікке сылқия тойып алған екеу бұрынғы әдетіне басып, көршілерінің мазасын ала бастайды. Олардың мұндай басбұзарлығын Рахат бұрын әлденеше рет тыйған болатын. Бұл жолы да қос бұзақыны самбо күресінің әдістерімен сабасына түсірген полиция қызметкері оларды ертіп, үйлеріне апарып, шарбағынан кіргізіп жібереді де, өзі кейін қайтады. Сол кезде ызадан булығып келе жатқан ағайындылар пышақ пен бұрғы алып шығып, Рахатты қуып жетіп, кеудесі мен мойнының бірнеше жерінен жарақат салады. Осы уақытта інісін уайымдап артынан іздеп келген 50 жастағы ағасы Рахымбай да оны арашалап жүріп, пышаққа ілінеді. Қос бұзақы қашып кеткен кезінде Рахат өз күшімен үйіне жетіп, ата-анасына жағдайды айтып, диванға құлай кетеді. Жедел жәрдем шақырған әке-шешесі баласының жараларын таңып, шұғыл түрде өз беттерімен ауруханаға алып кетеді. Бірақ, тым кеш еді. Рахат бұл уақытта көп қан жоғалтқандықтан есін жимастан қайтыс болады.
Азғындықтарымен «атышулы» болған ағайындыларды Шу аудандық Ішкі істер бөлімінің жедел қызмет тобы қоңырау келіп түскен мезгілде лезде қолға түсіреді. Зорлау, бұзақылық, есірткі қылмысы үшін бұған дейін бес рет сотты болған 35 жастағы Саматты ұстаған кезде қолында бұрғысы болған, ал қыршын жастың өліміне себепші болған пышақ сарайға тығып қойған жерінен табылды. Тергеу кезінде ол барлық кінәні өз мойынына алып, бұрын сотты болмаған інісі Талғатты жазадан алып қалуға әрекеттенеді. Бірақ озбырлардың екеуі де заң алдында тиісті жазаларын алды.
Осылайша, азаматтық және қызметтік міндеттерін орындау кезінде асыл азамат қайсарлық мінез танытып, ерлікпен қаза тапты.
Рахат мамандығын өте қатты жақсы көретін, ішкі істер саласындағы армандары да көп еді. Артында аңырап ата-ана, аяулы жар, балдырған бөбегі қалды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен полиция аға сержанты Рахат Амантаевқа қайтыс болғаннан кейін оның отбасына «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді.
Бүгінде Рахаттың артында қалған ұлы Нұрболат аман-есен өсіп келеді. Осы жылдың маусым айында ҚР ІІМ мен Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының елшілігі бірлесе отырып қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлерінің жұбайлары мен ұл-қыздарының аспанасты еліне саяхаты ұйымдастырылды. Оған Рахаттың жұбайы Айман мен ұлы Нұрболат та қатысты.
Сол тамаша саяхаттан ерекше әсер алып қайтқан Айман Айтқұловамен сөйлескенімізде, ол ең алдымен Ішкі істер министрлігі мен Көліктегі ІІД басшылығына шынайы ризашылығын білдірді.
«Мен осыған дейін ешбір шет мемлекетке саяхатқа шығып көрген адам емес едім. Бұл сапар мен үшін де, ұлым Нұрболат үшін де есімізде ерекше сақталатын алғашқы сапарымыз. Ұлым үнемі әкесінің өз ісіне адал берілген азамат болғандығын шынайы мақтанышпен айтып келді. Әрі әкесінің ерлігін үлгі тұтады. Бізге және ұл-қыздарымызға осындай тамаша көңіл-күй сыйлап, ыстық ықыласын аямаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа шексіз алғысымызды айтамыз», – дейді Айман Айтқұлова.
«Саяхат барысында Бейжің, Шанхай, Үрімжі қалаларында болып, екі мың жылдық тарихы бар алып елдің тарихымен, мәдениетімен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Саяхат тамаша өтті. Саяхатшылар құрамында бізбен бірге қызмет барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары болды. Осы алты күндік сапар барысында біздер өзара тағдырлас жандар ретінде бір-бірімізге етене бауыр басып, достасып кеттік. Олардың арасында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Арманжан да бар. Біз күні бүгінге дейін бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз», – деді.
Отбасы тірегі болған арыстарынан қапелімде айырылған отбасының жағдайы департамент басшылығының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Департамент басшылығының өз араларынан шыққан батыр оғлан Рахат Амантаевтың отбасын кәсіби мерекелерден қалдырмай, ыстық ықылас білдіруі Айман мен Нұрболаттың көңілдеріне жылылық сыйлайды.

Мұзафар ТҰРДЫҚҰЛОВ, Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*