Қолдау тапқан оң бастама

Қыс түсіп, аязды күндер келе салысымен Петропавлдағы тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған түнеу орны өз жұмысын қайта жандандырды. Осыдан бір жыл бұрын аталмыш орынның ашылуы туралы бастаманы облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов көтерген болатын.
Бұл бастама сол кезде жергілікті атқарушы биліктен қолдау тауып, ішінде қажетті жағдайлары жасалған бұрынғы мектеп ғимараты үй-күйсіз жүрген азаматтарға берілген еді. Осымен екінші жыл қатарынан бұл жерде жергілікті қаңғыбастар суықтан қорғануда. Биыл мұнда кешкілік және түнгі уақытта полицейлер ғана емес, медицина қызметкерінің де болуы қарастырылған. Бөлменің кварцталуы, бір реттік төсек-орын, қол кептіргіш – мұндай жағдайдың барлығы тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды Әлеуметтік бейімдеу орталығымен жасалып отыр.
«Синоптиктер алдағы қыс қатты болады дейді. Біздің басты мақсатымыз – адамдардың суықтардан үсіп қалу фактілерін болдырмау және адам өлімінің алдын алу. Осындай қиындықтарды өткеру үшін баспанасыз жүрген адамдар түнеу орнына келе алады. Мұнда олар үшін барлық жағдай жасалған», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин.
Полиция мен жергілікті атқарушы биліктің бұл әлеуметтік жобасы оң қолдау табуда. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов ғимараттың жылыту жүйесіне қаражат бөлу мәселесін шешіп берді. Ғимарат іші бүгінде құрғақ әрі жылы. Қабырғалар сырланып, терезелерге жаңа перделер ілінген.
Түнеу орны ашылғалы бері бұл жерге 11 адам келіп қайтқан. Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы қабылдау-тарату орнының қызметкерлері рейдтер барысында үй-күйсіз қаңғығандардың жүрген жерлерін анықтап, паналаған құдықтар мен құбырлар астынан осы жерге алып келеді. Ғимараттың ашылғаны туралы хабар тез арада таралып, алдағы уақытта баспанасыз жүргендер сақырлаған сары аяздардан қорғану үшін осында келері сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*