Ұрпаққа ұлағат ерліктер

Кереку өңірінде 10-12 қараша күндері негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің сондай-ақ өскелең ұрпақтың арасында қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, өз Отанына деген адалдық сияқты құндылықтарды қалыптастыру болып табылатын дәстүрлі республикалық «Қазіргі заман қаһарманы» атты акция өтті.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің жастарымызға үлгі боларлық қазіргі заманның қаһармандарын жасап және көрсетуіміз қажет», – деп атап көрсеткені белгілі.
«Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы ең бірінші ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органының қызметкері, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты, ел Тәуелсіздігі жылдары опат болған ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналды.
Осыдан бес жыл бұрын дүйім елді дүрліктірген Тараздағы теракінің дәл 12 қарашада болғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл осы күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов нағыз қаһармандық көрсетіп, қандықол қылмыскердің жолын бөгеймін деп мерт болған еді. Еліміздің әр аймағынан келген бүгінгі заман батырларының басын қосқан айтулы шараның дәл осы күні бастау алуының бір себебі осында жатыр.
Бұл шараға бейбіт кезде қызметтік міндетін орындау барысында ерлік пен батылдық көрсеткен республиканың барлық полицейлері жиналды. Азаматтардың өмірін құтқару үшін өз өмірін қатерге тіккен полиция қызметкерлері туралы әңгімелеп, сол арқылы халықтың полицияға деген сенімі мен құрметін арттыру, жастар бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік сезімін орнықтыруды көксеген бұл акция көздеген мақсатына жетті.
Кең байтақ республикамыздың түпкір-түпкірінде жыл сайын басын қатерге тігіп, азаматтарды өлім аузынан арашалап қалып жатқан полицейлер туралы деректерді жиі естиміз. «Қазіргі заман қаһарманы» акциясына қатысушыларды Ақсу мен Екібастұз қалаларының ардагерлері, тұрғындары, студенттері мен оқушылары жылы жүзбен қарсы алып, құрмет көрсетті.
Ауқымды шараның шымылдығын ашу барысында сөз алған Ішкі істер Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев: «Біз бүгін құрмет көрсетіп отырған қаһарман әріптестеріміздің қаһармандық істері ішкі істер органдарының қызметкерлерінің алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыспен күресте, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда үлгі бола беретіне сенемін», – деді. Одан әрі ішкі істер органдары ардагерлеріне сөз арнаған полиция полковнигі Руслан Қуандықұлы: «Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз Қазақстан полициясының жас буынын лайықты тәрбиелеп қана қоймай, егеменді Қазақстанның ішкі істер органдарының аяғынан тік тұруына өлшеусіз қызмет етті. Ол бүгінгі мемлекет пен қоғам тарапынан полицияға деген талаптың күшейіп тұрған шағында да аса құнды», – дей келе барша ішкі істер қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының гүлденіп, көркеюі жолында еңбектеріне табыс тіледі. Бұл акцияға қатысушы әр полицей қызметі қандай болғанына қарамастан осы жылы жұртшылық алдында ішкі істер органы қызметкерінің мәртебесін көтерді. Бірі өртке оранған үйден балаларды құтқарса, енді бірі жат ойлы қылмыскерді қарусыздандырды, тағы бірі суға кетіп тал қармағанды жағаға шығарса, бір қаһарман өлімге бел буған жігерсізді ажал аузынан алып қалды.
Осындай өжеттердің қатарында Қостанай облыстық ІІД Таран аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ерлан Таңжарықов бар. Биыл 29 ақпанда оның қалта телефонына Береговое ауылының 11-сынып оқушысынан үйіне тонаушы кіргенін хабарлаған қоңырау түседі. Оқиға орнына тез жеткен полицей ішімдік ішкен ер адамның күш көрсетіп ішке еніп, үй иелерін пышақпен қорқытып, ақша талап етіп тұрғанын көреді. Ерлан Таңжарықов бұл үйде әйелдер ғана тұратынын білетін. Шығыс жекпе-жегінің шебері Ерлан көп ойланбастан күрес тәсілін қолданып, қылмыскердің қолын қайырып, қарусыздандырады. Аман-сау өмір кешіп жатқан отбасының бүгінде Ерланға айтар алғысы зор. Ал, Ерлан болса мемлекет тарапынан да марапаттан құр қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жауынгерлік және қызметтік міндетін үлгілі орындағаны, батылдық пен өжеттік көрсеткені, еліміздің ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныстық қаблетін нығайтуға қосқан үлесі үшін учаскелік инспектор полиция капитаны Ерлан Таңжарықов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Акция барысында Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімі 3-рота, 2 взвод, 2 бөлімшесінің жауынгері Сырым Сүндетовке де құрмет көрсетілді. 2016 жылға 5 маусымда лаңкестер тобы қару тартып алу мақсатында Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміне қарулы шабуыл жасады. Бұл сарбаздың батылдығы мен табандылығы арқасында содырлардың беті қайтып, олардың қару мен оқ-дәрілерді тартып алу мақсаты жүзеге аспай қалды. Өжет жауынгер С.Сүндетов ішкі күзеттің резервтік тобы құрамында содырлар саны өздерінен әлдеқайда көптігіне қарамастан олардың шабуылын тойтарып, қоян-қолтық ұрыс барысында ауыр жарақат алса да жат пиғылдылардың қару-жарақ қоймасына енуіне жол бермеді.
Ерлік пен батырлықты дәріптеген республикаоық шара барысында жұртшылық Павлодар облыстық ІІД Екібастұз қалалық ІІБ аға жедел уәкілі, полиция капитаны Аман Әубәкіровті де қошаметпен қарсы алды. Аман Мұратбекұлы батыл да жедел шешімді іс-қимылының арқасында Қазіргі заман қаһарманы атанды. Ол өзін өлімге қиюға бел буған өрімдей жас қызды ажалдан арашалап қалды. Оқиға былай болған еді. Қаңтардың аязды күндерінің бірінде қалалық басқарманың жедел басқару пультіне тоғыз қабатты үйдің 4-қабатында жас қыздың күмәнді ойдың жетегінде тұрғаны туралы хабар түседі. Ақпарды алысымен полиция капитаны көп бөгелместен көрсетілген мекенжайға асығады. «Қыз баланың өзіне қол жұмсауға, яғни биіктен құлауға бел буғаны сырт көзге де анық байқалатын еді. Ойланбастан көрші пәтердің жапсарлас балконынан екінші балконға түсіп, бойжеткенді түсіріп алдым. Бұл қимылымды ол байқамай да қалды», – дейді қаһарман.
12 қарашада Павлодар қаласында одан әрі жалғасқан акция қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алған бір минуттық үнсіздікпен және қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған қызметкерлердің рухына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Одан соң шара Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда көрсетілген ілтипат көрермендер назарына қызметтік міндетін орындау барысында ерлік пен батылдық танытқан полицейлердің табандылықтары бейнеленген бейнероликтерді ұсынумен ұласты. Мұнда сөз алған Ішкі стер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев Қазақстан полициясы тарихына шолу жасай келіп: «Қазақстан полициясы тарихы беттерінде жерлестерінің тыныштығы жолында өмірін қиып, ерлік пен батылдықтың, патриотизм үлгілерін көрсеткен мысалдар көптеп саналады. Тек тәуелсіздік жылдарының өзінде қызметтік міндетін орындау үстінде 763 полиция қызметкері көз жұмды. Отан осындай оғландарын ойдан шығарған жоқ. Олардың ерліктерін жоғары бағалады. Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1093 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталса, өкінішке қарай 115 адам ол ілтипатты көре алмады. Оларға марапат өлгеннен соң берілді. Мемлекеттік марапат алғандардың ішінде қиын-қыстау кезде азаматтық абройына кір түсірмеген Павлодар облыстық ІІД қызметкерлері де бар», – деді. Одан соң Ерлан Заманбекұлы акцияға қатысушылардың баршасына қиын да абройлы істеріне сәттілік тілей отырып, оларға алғыс грамоталары мен естелік сыйлықтар, «Қазіргі заман қаһарманы» хрустальді мүсіншелер табыстады.
Акцияға қатысып, ақ тілегін жеткізген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өз сөзінде бұл акцияның Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын, тәуелсіздік тарихы бетінде осындай ерлердің қолтаңбасының бедерленіп жатқанын айта келіп: «Тәуелсіздік деген тәтті сөз мұратын сақтап, оның көк туының биікте желбірей беруі жолында, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқын қорғауда, еліміздің ішкі тәртібін нығайтуда ішкі істер органдары қызметкерлерінің бұдан әрі де жан аямай еңбек ете беретініне сенімім мол», – деді. Қазіргі заман батырларының қай-қайсысы да қандай құрметке болса да лайықты екенін атап айтқан өңір басшысы: « Сіздерге жауапты да қиын қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметте табыс тілеймен», – деді. Ізгі тілегінің соңында облыс басшысы акцияға қатысушыларға салтанатты түрде атаулы сағаттар мен мақтау қағаздары және естелік сыйлықтар табыс етті.
Көрермендер алдында шығармашылық жолын осыдан 50 жыл бұрын бастаған Алматы қалалық ІІД-нің ансамблі өнер көрсетті. Жарты ғасыр уақыт ішінде ішкі істер органдарының аты әйгілі өнер ұжымдары арасында аса жоғары беделге ие болған ұжым әлі де тұғырдан тайған жоқ. Ансамбль үш мәрте «халықтық» деген атақты сақтап қалса, төрт рет КСРО ІІМ-нің өз күштерімен өнер көрсететін шығармашылық ұжымдары арасындағы Бүкілодақтық фестивальдардың өткен ғасырдың 60-80 жылдары лауреаты атанды. Ансамбльдің әндері Кремльдің съездер сарайында, Кеңес әскерінің орталық үйінде, «Останкино» телеорталығында, «Жұлдыз» қалашығында, КСРО БХЖК, Тула, Кишинев, Киев, Ташкент және Астана мен Алматы қалаларының үздік концерт залдарында шырқалды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өткен осынау акцияға жиналғандар, мұндай іс-шараның өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі зор деп тарқасты.

Айткен Шәмші, Карина САДЫҚОВА, Павлодар облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*